"Жириновскийге күлуге болмайды, Гитлер де осылай бастаған..."

/uploads/thumbnail/20170708151301501_small.jpg

Жириновскийдің "ұсынысын" жетпістен асқан шалдың кезекті сандырағы дер едім. Ол жастарды әсіреұлтшылдыққа шақыруы арқылы Ресей империясына ор қазып отыр. Яки, федерацияның ыдырауының бастамасы бұл. Сондықтан, Жириновский аракідік Қазақстанға қатысты сөйлеген сайын ләззат алып отырамын. Дәл соның жасындағы коммунистік тәрбиені көрген, КСРО десе, жанын сағыныш сезімі билейтін құрдастары сенатта, тағы басқа биліктің әр саласында отыр. Алматының алмасын бірге жеп өскен достары ғой олар. Сондықтан олардан, яғни КСРО-ны түлетпекші болып жүрген, Кеден Одағын қолдаушылардан "персона - нон грата жарияла" деп сұрау өте күлкілі. "Сұраған сен ақымақ па, сұратқан хан ақымақ па?" деген сияқты нәрсе. Бір басылымда "В. Жириновскийге күлуге болмайды, Гитлер де осылай бастаған, соңы неге апарғанын білесіздер ғой" деген сыңайда жазыпты. Иә, неге апарғанын білеміз. Быт-шыт болып күйреп қалды нацистік Германия. Сосын Гитлер ол кезде қылшылдаған жас болатын. Ал, Жириновский - қаусаған шал. Гитлердің артынан бұқара жаппай ерді. Ресей деревнялары самогоннан бас көтеріп, жиналуы мүмкін емес. Біздің елге Ресей тарапынан әскери қауіп төнбейді. Ядролық қаруымызды жояр кезде АҚШ, Еуропа елдері және басқа да алпауыт мемлекеттер Қазақстанның территориялық тұтастығына кепіл болатын құжатқа қол қойған. Қандай да бір сыртқы қауіптен олар қорғауға дайын. Жалғыз қауіп бар. Ол - еліміздің солтүстік өңірлеріндегі қарапайым орыстардың екі азаматтығының болуы. Солтүстік Осетия мен Абхазияны осы тәсілмен өздеріне қаратты ресейліктер. Қазір де Украинаның оңтүстігіндегі, Қара теңіз жағасындағы Севастовпольде де осы жағдай қайталанып жатыр. Біз бұл қауіптің алдын алу үшін Қытай мен Моңғолия қазақтарын сол жаққа жаппай көшіре беруіміз керек. Ұлтараздық қақтығыстар орын алмасы үшін ара ағайын болатын ОҚО, және Қызылорда облысынан қандастарымызды сол жаққа біртіндеп қоныстандыра бергеніміз жөн болар. 

Айдос Жұқанұлы

Тәуелсіз журналист

"Қамшы" сілтейді. 

Связанные Статьи