«Мәскеудегі «Украина» қонақүйінде таң атқанша тойтойлаған, Ресей президенті жанындағы Мәскеу түбіндегі «Барвиха» санаторийінде алаңсыз дем алып жтқан, Украинадан 12 млрд. АҚШ долларын ұрлап кеткен, қаншама адамның қанын мойнына жүктеген, халықаралық іздеу салынған, өзін әлі Украинаның «заңды» президенті санайтын Янукович - жер астынан шыққандай, кенеттен пайда бола кетті, деп жазады әлемдік ақпарт құралдары.
Украинаның Жоғары Радасы тағынан тайдырған, бүгінде қашқын Янукович 2014 ж 28 ақпанында, Астана уақыты бойынша кешкі сағат 19.00 Дондағы Ростовта баспасөз мәслихатын өткізеді екен деген хабар тарады. Бірақ, баспасөз мәслихатының аталмыш қаланың нақты қай жерінде өтетіні әзірге құпия түрінде қалмақ, ол жөнінде кейін нақты хабарланатыны жөнінде бұл хабарды таратқан Ресейдің РИА новости ақпарат агенттігі.Үстіміздегі жылдың 22 ақпанында Украинаның Жоғары Радасы Януковичті президенттіктен тайдырып, жаңа перзиденттік сайлауды 2014 ж. 25 мамыры күні өткізуді белгілеп қойғаны есімізде. Сайлау өткенше, президенттік міндетті Жоғары Рада спикері Александр Турчинов атқаратын болады.
Украина ішкі істер министрлігі қашып жүрген Януковичке іздеу жариялады. Ал, қашып жүрген Янукович әлі күнге өзін Украин президенті санайды.Ресей билігі де Януковичті әлі Украинаның заңды президенті санайтын сияқты. Ол әлемдегі барлық диктаторлар сияқты, ЕуроМайдандағы 82 адам өліміне, 855 адамның ауыр жарақат алуына жауапты бірден бір адам.
Сондай-ақ, кеше Қырымдағы «Беркут» әскери жасағының бұрынғы сарбаздары Жоғары Раданың олардың тарату туралы бұйрығына қарсылық көрсетіп ереуілге шықты. Бұл жөнінде Украина Жоғары Радасының депутаты Витали Москаль хабарлады. Ауыр әскери құралдармен, автоматтар, пулеметтер, гранаталармен қаруланған олар Қырым Үкімет Үйін, т.б. мемлекеттік ғимараттарды басып алған.
Украинаның Ресеймен шекаралас аймақтарында Ресей қарулы күштері «әскери жаттығулар» өткізіп, көршілеріне сес көрсететін сияқты. Жалпы, әлі де Украина аспанынан қауіп бұлты сейілген жоқ. Бұл жөнінде әлем жұртшылығы қатты алаңдауда. Қазір бұл текетірестің ақыры не болатыны белгісіз...
Жұмаш КӨКБӨРІ