Бұл менің Мырзан Кенжебай жырларына екінші айналып соғуым. Өзіміз де азды-көпті өлең жазып ақын атанып жүргендіктен бірігіп илейтін терінің пұшпағы ғой, – деп анда-санда қол қалт еткенде, баз бір замандастарымның, баз бір інілерімнің шығармалары жөнінде пікір айтатыным бар. Онда да жырларынан жылт еткен ұшқын көрсем. Біздің қазақ, әсіресе талантсыздар сын көтере алмайды. Сондықтан да бірін-бірі жарыса мақтауға көшті. Оның бәрі жалған сөз, жалған көпірту екені, мақтап отырған өлеңінің дәм-тұзы татымайтыны көзі ашық адамға ап-анық. Соңғы жылдары теледидардан болсын, баспасөз беттерінен болсын жиі көрініп, қазақ бостандығы, ұлттық сана, ұлттық намыс туралы шын азамат сөзін айтып жүрген батыл қаламгерлеріміздің бірегейі де осы Мырзан. Сол ұлттық намыс, ұлттық сана, ұлттық мүдденің бүгінгі жағдайы туралы уайым мен мұң-мүддені ет жүрегі езіле отырып өлеңмен де, қара сөзбен де төгілте жырлағаны үшін ол бүгінде Мырзан Қайғы атанды.
Иә, өткен ғасырдың 60-70 жылдары әдебиетімізге қуатты да, қаһарлы толқындар лек-легімен келді. Мен бүгінде жетпістің желкесіне шығып тұрып, өмірден ерте кеткен ағаларым Мұқағали мен Төлеген, Төлеужан Исмаиловты, Құдаш Мұқашевті жиі еске алам. Бірге оқыған курстасым Жұматайды, төрт-бес жас кішілігі бар Кеңшілікті, Жарасқанды, бірінің адуын, бірінің нәзік қыздай ұяң лирикаларын сағынам. Тіпті, талантты жырларын халқына сарқып бере алмай кеткен Теміршені айтсайшы… Ал соңғы жылдары Мырзан Кенжебайға «Мырзан Қайғы» деген ат қойылып, айдар тағылып жүр, «Асан қайғы» дегендей… Меніңше, бұның өлеңдеріне қарата айтатын сияқты. Бірде «Ана тілі» газетін (30 мамыр – 5 маусым, 2013) қарап отырып, Мырзан ақынның өлеңіне көзім түсті. Тақырыбы – «Өзімді қысқаша таныстыру». Балқыған жұмыр болаттай, Дөңгелеп күнім зырлаумен. Қайырылып артқа қаратпай, Барады өтіп бұл дәурен! – деп басталған жеңіл әрі шалыс ұйқасқа құрылған жыр жолдары оқырманын бірден баурап алып, ары қарай жетелей түседі. Алладан намыс тіледім, Ұйықтаса ұлтым күрессіз. Біреулер соған күледі, Мырзан қайғы, – деп бұл ессіз.
Емеспін ессіз оншама Назар сал жұртым назыма. Бақытым аздау болса да, Көкірегім толған қазына.
Үйретті тағдыр жекіріп, Жабылмай жатып етегім. Үйретті жалғыз отырып. Жылаудың рақат екенін. Бірі емес едім мықты ердің, Жан емен оңған өзім де. Үруіне небір иттердің, Үйретті тағдыр төзуге.
Үйрендім жоқта күш менде, Тұруды қарсы сан жауға. Алдауға жаным түскенде, Түскен жоқ бірақ Ар дауға.
Алдай бер өмір алдасаң, Жұбанам жырмен төккенде ой. Ақындар деген әрқашан, Алдануменен өткен ғой…
Ұлы ақындардың, жақсы ақындардың жырлары қашанда қарапайым келетін әдеті. Мырзанның осы өлеңінде ешбір жасанды бояу, жалған уайым жоқ. Тап-таза ақжелең жүректі ақын сөзі! Бұл жағынан мен оны сұлу қыздың сүйген жігітіне де, ойлы ақынға да ұқсатам. Тіпті толқыны тайдай тулаған теңізге де… иә, сұлулық қашанда сұлулық! Інжу-маржан алқасын тағынбаса да, торғын шапанын жамылмаса да, бөз көйлек киген сұлу мүсіннің сұлулығы көрінбей тұрмайды. Әрине, оны көретін көз болса… Әттең, біз бүгінде поэзияда осындай сұлу дүниелерді көре алмай, көрсек те көрмейтін болдық. Енді жоғарыдағы жыр жолдарынан бірер шумақты келтіре кеткеніміз жөн болар. Өз басым кейбір сыншы, әдебиетші атағы барларша өлеңді қара сөзбен түсіндіруді жақтырмаймын. Өлең деген түсіндіруді, әдеби терминдерді пайдаланып, талдап мақтауды қажет етпей, өзін-өзі көрсетіп, өз сұлулығын өзі көрсетіп, дәлелдеп тұруы керек. Мен Мырзанның әр өлеңі өзін-өзі ешқандай мақтаусыз-ақ дәлелдеп тұр деп ойлаймын. Құданың құдіреті! Ондайда ойыма ылғи да Абай орала береді. Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы! Әлдеқашан бағзы жылдарда қолыма алған Белинскийдің үлкендігі меш кірпіштей кітабы сол кітапты жетілік пөзір шамның жарығында көз майын тауысып, оқып отырған күндерім көз алдыма елестейді. Поэзия тілімен сол кітапты бес шумақ өлеңге сыйғызған Абайды ұлы демеске, дана демеске дәтің қалай барады! Өлеңнің сыйпаттау мүмкіншілігін осыдан да көруге болады. Біреулер бұған күледі, Мырзан қайғы, – деп – бұл ессіз.
Бақытым аздау болса да, Көкірегім толған қазына. Үйретті жалғыз отырып, Жылаудың рақат екенін.
Үруіне не бір иттердің, Үйретті тағдыр төзуге.
Ақындар деген әрқашан, Алдануменен өткен ғой.
Бұл жолдардың тұтас өлеңнен бөле-жара қарастырып отырғанымыздың басты себебі, кешегі Кеңестер Одағы тұсындағы қазақ әдебиеті мен әдеби ортаны салыстыра кету. «Келмеске кеткен Кеңес өкіметі», «қылышынан қан тамған қызыл империя»… деген сөзді ақпарат құралдарынан оқып та, көріп те көз үйір болған. Бірақ Кеңес өкіметі «келмеске кетпеген» сияқты. «Оптимизм» мен «пессимизм», тағы басқа измдер бірде ана жерден, бірде мына жерден тонын айналдыра киіп, шаң береді. Шаң бермесе «Мырзан қайғы» дегенді кім шығарып жүр? Жоғарыдағы жыр жолдарында ақынның өзі-ақ айтып тұрғандай, әдебиетімізде биттей өріп жүрген халтурщиктер көп. Және солардың аты-жөні аталмайтын жер, солар алмаған сыйлық пен жүлде қалмаған. Мен өзім білетін небір таланттарда жай жүлденің бірі де жоқ! Өлеңді адам жазады. Адам жазған соң, өлең де «тірі жан, тісті бақаға» айналады деген сөз. Бірде қуанып, бірде қайғырады, жылайды. «Үйретті жалғыз отырып, жылаудың рақат екенін» деген жолдарды ақын бекерден-бекер жазбаған шығар. «Үруіне не бір иттердің үйретті тағдыр төзуге». Осы газеттің аталған санында «Үйрен заман түлкіңнен», «Нағашым Марал Итеғұловқа», «Махаббатты «Мың бір түнше жырлау» топтама өлеңдері, т.б. жырлары Мырзан ақынның өрісі алыс, өресі өте биік екенін көрсетеді десек еш қателеспейміз. Өлең жазғанына аттай қырық жыл өтіп бара жатса да Мырзан ақынды көп оқырман біле бермейді. Бірақ «Бостандық», «Азаттық» (егемендік емес) жайлы мақалалар жазып, теледидардан шовинистер мен жантықтарға тәуелсіздікті теріс түсіндіруге тырысатын баз бір жарамсақтарға нағыз шындықты дәлелдеуге тырысып шыр-пыр боп жүрген ақын Мырзанды қай қазақ білмейді? Бәрі біледі! Қасиетті қазақ даласының төл перзенттері бір сөзбен айтқанда, аборигендері (жергілікті халық) жақсы біледі. Сонау жылдары халық өзінің небір ақындарын білмесін деп, көзіне ілмесін деп халыққа таныстырудан қашатын бір кезеңдер, сол кезеңдердің ыңғайына бейім жымысқы жандар болған. Бүгінде Мырзан сияқты ащы даусын арқалы жырларымен де, ұлтым деп ұрандаған көсемсөздерімен де ақтара айтатындарға кедергі болғысы келетіндер көп. Бірақ ақын үнін халқы бәрібір естімей тұрмайды. Ақынның «Ана тілі» газетіне басылған жырларының соңғысына – «Өзімді бабамен салыстыру» атты шығармасына келелік. Ұзын ырғасы тоғыз шумақтан тұратын шығармада шашау шыққан, Абайша айтсақ, «Бөтен сөзбен бұлғанған» бір де бір өлең жолдарын көре алмадық. Ақын жүз жылдарға, тіпті мың жылдың арғы-бергісіне ой көзімен, ойнақы сезіммен үңіле отырып: Еділ бойы – ен тоғай қарадай мал, Жайық бойы – жарлауыт, жағалай тал. Жарлауытқа шығады жау жоқ па деп, Орақ, Мамай, Ер Шора, Тарағайлар, – деп шалқыта жырлап алады да, батыр бабаларының елі үшін еткен ерліктерін былайша тізбектеп кетеді: Тілек тілеп тек қана бір Алладан, Ұрпақ үшін, ұлт үшін ұрандаған. Қалың беріп, қалмақтан қатын алдың, Көккөз қызға көз салмай сылаңдаған.
Біліп кәпір келерін сұм ажал боп, Имансызға иба қып, шыдаған жоқ. Сүндетте боп: «Ты резан» депті Ер Мамай, Аталады сол мекен: «Рязань» деп.
Тауға өрлетіп қойсаң да, тасқа ойнатып, Дос болмайды – ешқашан қаскөй халық. Қорқам бүгін айтуға әлдекімнен, Ту тіккенін Тоқтамыс Мәскеуді алып. Өлеңнің жоғарыда келтіріліп отырған шумақтарында бірде бір теңеу немесе метафора жоқ. Тек паралелизм тәсілі, ойдың өрісті динамикасы, бір ойды бір оймен шендестіре суреттей отырып, кәнігі қылқалам шеберлеріндей кең құлашты панорама, жанды бейне жасайды. Сонымен «Өзімді бабаммен салыстыру» жырын Мырзан былай аяқтайды: Базарбайлар бас тартса сүре, аяттан, Күнәм жоқ қой, дейтіндей «Құдай атқан». Қазақ емес, «жаңа ұлт» боп беймәлімге, Ағып барам құбырмен мұнай аққан. Міне, сол Орақ-Мамай, Ер Шора, Махамбет, Исатайлардың, Қаракерей Қабанбайлардың бүгінгі ұрпағы Мырзан ақын өзін «Мұнай аққан құбырмен ағып барам!» деп жылап, зарлап барады. Бұған күлсе, бұрын коммунизмге қарай қарыштап барамыз деп, бүгінде даңғаза жыр жазып, бірақ қайда қарыштап бара жатқанын өздері де білмейтін ұраншыл «халтурщиктер» күлсін. Ал жыр қадірін білер оқырман – біз. Біз күле алмадық, ағайын!
Зейнолла Тілеужанұлы