Ең алдымен келер жылы өтеді деп құрылысы қызу жүріп жатқан «ЭКСПО-2017» нысанындағы жұмысшылармен кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31-арнаға сілтеме жасап.
Мақсат біреу - еліміздің барлық аймағынан келген азаматтар арасындағы діни тақырыптағы келіспеушіліктерге түсініктеме беру.
ТӨЛЕБИ ОСПАНОВ, «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы:
- Жай ғана салт-дәстүрлердің өзінде келіспеушіліктердің болуы заңдылық. Бұл осы сынды діни тұрғыда да әртүрлі түсінік осы алаңға келіп жиналатыны сөзсіз. Сондықтан осы жерде әртүрлі дұрыс емес түсініктер басқа кісілерді уламас үшін бүгінгі шара түсіндіру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Жиында елге танымал дінтанушылардан бөлек тарихшылар да сөз алып, қазақ жеріндегі ислам дінінің өткенін тәптіштеп түсіндіріп берді. Теріс ағымдардың жұмыс істеу сипаттары мен олардың қоғамға келтірер зияны да айтылды. Дәстүрлі емес діни бірлестіктердің көбі лаңкестік ұйымдармен байланысы бар екеніне де тоқталды.
ЕРКІНБЕК ШОҚАЕВ, Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы:
- «Ислам мемлекеті» деп өзін атап отырған ұйымның істерін, олардың қылмыстарын әшкерелеп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, осындай жиындар арқылы және әрбір отбасы өзінің шаңырағында айтып, әрбір азамат ермейтін болса олардың теріс бағыттағы уағыздарына, онда біз қоғам ретінде ынтымағымызды, тыныштығымызды сақтап қаламыз.
Ұйымдастырушылар осындай жиынға қатысқандардың ішінде теріс ағым жетегінде жүргендер болса, дінтанушылардың айтқандарынан сабақ алып, дәстүрлі дінге оралуы мүмкін дейді. Ал өзгелерге алдын ала ескерту арқылы иммунитет қалыптастыру көзделген. Елорда билігі бұл бағыттағы жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра бермек.