Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапханасында 18 мамыр күні ару қала Алматының мыңжылдық мерейтойына арналған «Ән-жырым сенсің, Алматы» атты қалалық танымдық байқау өтті. Биыл әр қазақтың мақтанышы мен мәртебесіне айналған Алматының 1000 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Бәріміздің тағдырымыздың, бәріміздің жастық шағымыздың, кемел кезіміздің куәсі болған Алматының өнегелі өткені де, шежірелі тарихы да, бүгінгі келбеті де керемет!
Байқауға арнайы ұйымдастырылған «Қазағымның мәртебесі – Алматы!» атты көрменің электронды видеопрезентациясы арқылы оқырмандар еліміздің мәдени ордасына айналған, әлемге ұлттық нақышымен, сұлу келбетімен танылған ару қаламыз Алматыға әдеби саяхат жасады.
Байқауды ұйымдастырудағы мақсат – мыңжылдық тарихы бар, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі болған арман қаламыз Алматы туралы ақындық өнерге ден қойған жас ақындардың үздік жырларын таңдау, дарынды өнер таланттарын іздестіру, жас толқындардың поэзия, өнерге деген қызығушылықтарын арттыру, талаптарын ұштау, жастарды Отанын, өз қаласын сүюге үндейтін жауһар жырлар жазуға ынталандыру, қаламгерлік шеберліктерін дамыту.
Байқауға қатысқан қаламыздағы жоғары оқу орындарының дарынды жастары: Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының «Жас қыран» тобының құрамында Жаңғабаев Нұрбек пен Сайлау Сымбат болса, Қазақ Қыздар Мемлекеттік Педагогикалық Университетінің «Қос қызғалдақ» тобындағы қайсар қыздарымыз Әбзел Ажар мен өмірдің әр сәтінен сабақ алып жүретін Байымбетова Бақытжамал.
Қасиетті қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің «МузAlmaty» тобының өнерлі қыздары: Тәжібаева Роза мен Айкүміс Бөлеген, «Сөнбес алау» тобының сегіз қырлы бір сырлы жігерлі жастары Насыр Ерсін мен Әліп Нұрахмет Алматы Университетінің атынан қатысып, бақ сынасты.
Сайыскерлердің өнеріне баға берген қазылар алқасының құрамына: Шакиева Бүбіхан Баратқызы – «Алматыкітап» баспасының вице-президенті, Рамазан Өмірәліұлы Стамғазиев – әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Әміре Қашаубаев атындағы ән байқауының жеңімпазы, ұлағатты ұстаз, Ләззат Тынышбайқызы Мамедова – Алмалы ауданы әкімшілігінің мәдениет бөлімінің басшысы, Роза Қасымбекқызы Қабиева – Алматы қаласы Орталықтандырылған Кітапхана Жүйесінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; Серік Қалиев – ақын, Республикалық ақындар айтысының жүлдегері шақырылды.
Сайыскерлер 5 айналым бойынша өнер көрсетіп, сынға түсті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастар үшін Алматы – арман қала емес, сол арманның орындалатын қаласына айналғандығына куә болып жүрміз.
«Жастығымның куәсі – Алматы» атты алғашқы айналымда сайыскер топтар арнайы дайындалған слайд, видеороликтер арқылы өздерін, білім ордаларын таныстырды. Жасампаздықтың, жасыл желектің, мәңгілік жастықтың ордасындағы өткізген әр күнін бақытқа балайтын сайыскерлеріміз әдеби-сазды композициялар арқылы таныстыруларын көрермендердің назарына ұсынып, өздерінің бұл мерейтойлық шараға үлкен шығармашылық тартумен, терең біліммен келгендерін көрсете білді.
«Алматы, сен бізді ақын еттің» атты мерекелік жыр-мүшайра айналымында сайыскерлер өз шығармашылықтарынан Алматы қаласының мерейтойына арнап шығарған жаңа жырларын мәнерлеп оқыды. «Қос қызғалдақ» тобындағы Әбзел Ажар «Махаббат ордасы» деген шабытты жырын «Бар аңсарым өзіңде болғанменен, Ауылымнан артық деп түсінбеймін» деп шынайылықпен қорытындылады.
«Жас қыран» тобының құрамындағы жас ақын Нұрбек Жаңғабаев «Жүрегіме орнатқан бейішімсің Алматы» деген жүрекжарды жырын оқыса, көптеген жыр-мүшәйраларының жеңімпазы Роза Тәжиева арман қуып келген Алматының өміріндегі орны жайлы «Шаһар жайлы жыр» шығармасында толғады. «Сөнбес алау» тобындағы Әліп Нұрахмет те алып шаһардың келбеті мен көркін жырына арқау етті. Бір бастарына мың қуаныш, мың қайғы сыйлаған, студенттік өмірдің, ақ жарқын көңілдердің ғажайып сәттеріне куә болған асқақ қала Алматыға отты жырларын арнаған жас ақындар қазақ әдебиетінің болашағы деп толық сеніммен айта аламыз.
Еліміздің тарихымен бірге жасасып келе жатқан оңтүстік астанамыздың өткені мен бүгінгі тынысы әр қазақтың назарында жүрері анық.
Осы орайда, «Мыңжылдық шаһар Алматы» кезеңінде сайыскерлер ұяшықтар таңдау арқылы Алматы қаласының тарихына, мәдениетіне, руханиятына, сәулетіне, көшелеріне байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Ұтқыр сұрақтарға ұтымды жауап берген сайыскерлеріміз тарихы тұнған шежіре қала Алматы жайлы өздерінің терең білімдерін, тапқырлықтарын көрсете білді.
«Шабытымның шалқырысың, Алматы!» атты шығармашылық бәйгеде сайыскерлер экран арқылы көрсетілетін тапсырма бойынша өздерінің шешендік, ақындық, тапқырлық шеберліктерін, шығармашылық қабілеттерін паш етті.
«Жас қыран» тобына «Алматының кешінде, Алатаудың төсінде», «МузAlmaty» тобына «Бал шырын алма бағы бар» тақырыбы берілді. «Алматы – астанасы махаббаттың» тақырыбы «Қос қызғалдақтарға» бұйырса, ал «Көктөбенің етегі – көктем кешкен бір мекен» тақырыбын «Сөнбес алау» тобы таңдап алды. Әр топ өздеріне берілген 5 минут уақыт аралығында бәйге сахнасына бірінші болып шығуға асықты.
Шешендік пен жылдамдықты талап еткен бұл айналымда жас өнерпаздар аянып қалмады. Бірі әуелете ән шырқап, бірі ақындық қырымен танылса, бірі театрландырылған қойылым да қойып жатты. Бірінші болып сахна төріне «Жас қыран» тобы суырылып шығып, ару қаламыз туралы ән де шырқады, жауһар жыр да оқыды. Бар өнерлерін ортаға салған өрендеріміз суырыпсалмалық қасиет бойына сіңген бабаларымыздың сара жолын жалғағандай әсер қалдырды.
Әсем қала Алматы жайлы қалам тербемеген ақын, ән арнамаған композитор некен-саяқ екендігі хақ. «Әнім сенсің, Алматы» айналымында сайыскерлер ару қала Алматы туралы әсем әндер орындады.
Алматыға деген айрықша сүйіспеншілік сезіммен орындалған халықтың құлағына сіңісті болып кеткен «Сағындым Алматымды» әнін Сайлау Сымбат, «Алматым жүрегімде» әнін Байымбетова Бақытжамал орындады. Айкүміс Бөлеген Тұрсынбек Шапайдың «Алматы күзі» әнін, Насыр Ерсін «Алматының түндері» әнін шырқап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.
Кеш аясында көрермендер жүректерге нұр құйып, жыр сыйлаған, көңілдерге көркем ой салатын келбетті Алматымызға арналған жауһар жырлар мен Алматы қаласы туралы жауһар жырларға шалқыған әуен қосып, әрлендіре түскен сазгерлердің әсем әндерімен де сусындады.
Білім ордасының үкілеген үміті болып отырған сайыскерлердің жанкүйерлері де «Көрермендер көрімдігі» атты электронды ойын-викторинаға белсене қатысып, Алматы қаласы туралы керемет кітаптар ұтып алды.
Жанкүйерлердің тарапынан Елемесова Бағдат, Қастей Айдос, Тұран Бекарыс сынды талапты да талантты жастар көрікті қаланың мерейтойына арнап әннен шашу шашты. «Алматы түні», «Ай-ару», «Нұрлы көктем», «Қазақ елі осындай» әндері барша көрерменге көтеріңкі күй сыйлады. Марлен Айт-Ақын аналарға арналған өлеңін оқып берді.
Танымдық байқауды кітапхананың тұрақты оқырмандары, Алматы университетінің студенті Марлен Айт-Ақын мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің студенті Ермек Тулеуов жүргізді.
Талас пен тартысқа толы байқау қорытындысы бойынша «Сөнбес алау» тобы ІІІ орынға, «Қос қызғалдақ» тобы ІІ орынға ие болса, І орын «МузAlmaty» тобының қыздарына бұйырды. Бас жүлдені «Жас қыран» тобының өнерпаздары қанжығаларына байлады. Сайыскерлер арнайы дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Берекесі мен мерекесі, тірлігі мен бірлігі жарасқан – Алматы. Талай тағдырды тоғыстырған, жалғыз жүректерді табыстырған – Алматы. Қуаныш пен шаттықтың, жастық пенен қарттықтың куәсі болған – Алматы.
Ақындарға жыр болған, сазгерлерге әуенмен шертер сыр болған, асқақ елдің алтын ордасы, өнер мен білімнің, әдебиет пен мәдениеттің ошағына айналып, талай жастың көкірек көзін ашып, талантты тау тұлғаларды тәрбиелеген, алақанға салып әлдилеген – Алматы.
Міне, осы Алматыны жастарымыз жалынды жырларымен тербеп, әуелеген әндерімен әлдиледі. Әлем таныған әсем қаламыз Алматының мәртебесі әрқашан да биік болсын! Кербез Алатаудың көрікті қойнауынан орын тепкен көркем Алматының әрбір таңы арайлы, әрбір күні мерекеге толы болсын!