Күні кеше Қытайдағы бір танысым маған хабарласып: «Әлімжан, сен жазушы Жұмабай Біләлұлымен сұхбат өткіземін деп, ол кісінің басын қыпқызыл дауға қалдырып отырсың ғой?!...» деді әзіл-қалжың аралас. Менің бұл сұхбатым еларалық «Қазақ елі» газетінде 2012 жылы «Әлем әдебиетінің төрінен көрінетін туындыларымыз көп» деген атпен және «Shуn.kz» ақпараттық парталында «Ханзулар қазақты жақсы көреді» деп өзгертіліп берілген болатын. Мен білсем кезінде бұл мақала Қытай қазақтарының «Сен қазақ» сайты көшіріп берген. Арада төрт жыл өткен соң биыл Қытайдың «Күлтегін» сайтына біреу қайта салыпты. Сөйтсек, олар осы әңгімедегі бір сұрақтың жауабына шамданған сияқты. Содан ба, жоқ әлде біреулер тырнақ астынан кір іздегісі келдіме, отқа май құйып, дуылдатып жатқан көрінеді.
Бұл сұхбатта жазушы Ж.Біләлұлы кінәлі болатындай әңгіме болған жоқ еді ғой? деген таңғалыспен 4 жылдың алдындағы «Қазақ елі» газеті мен «Shуn.kz» сайтында жарияланған сұхббатты қайта оқып шықтым. Бірақ өзбасым Зұқа батырдың ұрпағының шамына тиетін оғаш әңгімені кездестіре алмадым.
Менің бұдан түсінгенім Ж.Біләлұлы жазушы Батырқан Құсбегиннің «Зұқа батыр» романы Шыңжаңдағы тарихи романдардың серкесі немесе шыңы деп айту керек секілді. Солай деп айтпағаны үшін Ж.Біләлұлы кінәлі ма? Ал романдағы бас кейіпкер Зұқа батырдың ерлігін, батырлығын Жүкең өте әдемі жеткізіп отыр. Қазақ рулы елін тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай асыраған ерлерін «батыр» деп атаған жоқ па?! Ал романда батыр бейнесі, оның ерлігі, парасаттылығы, қайраткерлігі қалай суреттеледі ол жазушының шеберлігіне байланысты.
«...Бесеуі десем аз болар, он роман тарихта қалып жатса соның өзі жетіп жатыр» деп айтқан қарымды қаламгер Ж.Біләлұлы әріптесі Б.Құсбегиннің «Зұқа батырын» ауызға алуының өзі аталған романға деген құрметі, жақсы лебізі деп қабылдаған жөн болар.
Жақында Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан жазушы Б.Құсбегиннің «Зұқа батыр» романы жарық көріпті. Редакция қызметкерлерінің айтуынша бұл роман 2000 жылы мемлекет жоспарымен басылған екен, осы жолы Зұқа батырдың 150 жылдығына орайластырып оның ұрпақтары екінші рет қайта бастырыпты. Ниет дұрыс, әруақ разы болсын!
Зұқа батырдың 150 жылдығын кең көлемді, дабыралы атап өтуді ұйымдастырған ұрпақтарының қуанышына ортақпыз, мерей той құтты болсын, ағайын! Әлімжан ӘШІМҰЛЫ
Журналист