Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысында қоғам қайраткері әрі аталған комиссияның мүшесі Мұрат Әбенов елімізде тұрғын үй салу үшін 1 миллионнан астам азамат жер алу кезегінде тұрғандығын айтып, осы мәселенің шешілуіне көмектесу керектігін айтты, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Қолда бар мәліметтерге көз жүгіртсек, елімізде үй салу үшін 10 соттық жер алу кезегінде 1 миллионнан астам азамат кезекте тұр екен. Оның үстіне соңғы кездері қоғам арасында бұл мәселе жер-жерлерде қызу талқылануда. Жаңа Бақытжан Сағынтаев мырза Жер реформасы жөніндегі комиссиясының ел ішіндегі абырой-беделі мен бұқараның сенімі жөнінде өте орынды пікір айтты. Соған қосымша, айтқым келетіні: егер жоғарыда аталған кезекте тұрған 1 миллионнан астам азаматтың мәселесін оңтайлы шешіп, реттеп беруге атсалысатын болсақ, коммиссияға деген сенімділік те нығая түсетіні сөзсіз, - деді Әбенов.