Бүгін Назарбаев Университеті түлектерінің екінші салтанатты оқу бітіру рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үздік студенттерге дипломдарды өз қолымен табыс етті, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Өткен жылы мен біздің университеттің бірінші түлектеріне диплом табыстаған едім. Бүгінде сол түлектердің еңбектері мен нәтижелерін мақтан тұтамыз. Олар өз істерінің нағыз кәсіби шеберлері ретінде қалыптасып, жетекші қазақстандық және шетелдік компанияларда жұмыс істеуде, көпшілігі өздерінің білімін шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарында жалғастыруда», - деп атап өтті Елбасы.
ҚР Президенті бұл университеттің тек қана Қазақстан емес, сонымен бірге көптеген ел үшін биохимия, ядролық инженерия, робот техникасы, мехатроника сынды салаларда білікті мамандар дайындайтындығын атап өтті.
Айта кетерлігі, биыл университетті 622 студент бітіріп отыр. Олардың 444-і бакалавриат бағдарламасы бойынша, ал 178-і магистратура бағдарламасы бойынша оқуларын аяқтады.