Украина елшілігі саясаткерін салдақыға теңеген Божкоға жауап берді

/uploads/thumbnail/20170709024341812_small.jpeg

Украинаның Қазақстандағы елшілігі украиндық саясаткер Ирина Фарионды «салдақы» деп айыптаған Қазақстан Парламент Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божкоға жауап берді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Бұған дейін Владимир Божко Қазақстандағы орыс тілінің ахуалына алаңдаушылық білдіре отырып, тіл саясатына Украинаны мысал еткен болатын. Сондағы сөзінде Мәжіліс вице-спикері украиндық ұлтшыл Ирина Фарионды «салдақы» деп балағаттаған еді.

Бір қызығы елшіліктің жолдаған жауабында В. Божконың да, қоғам қайраткері Ирина Фарионның да аты аталмаған. Хаттың В. Божкоға қатысты екенін бұл кикілжіңнен бейхабар азаматтар ондағы «әлдебір МҚК (КГБ) жоғары мектебінің түлегі» деген тіркестен аңғаруға болады.

«Бірер күн бұрын КСРО МҚК жоғары мектебінің бір түлегі, Қазақстанның оңтүстігіндегі орыс тілі туралы дабыл қаға отырып, украиналық әйелді жанамалай қорлады. Ол Украинаның танымал қоғам қайраткері, Франция, Германия, Польшадағы, басқа да өркениетті елдердегі әріптестері сияқты мемлекеттік тіл, титулды ұлттың тілін қорғап жүрген Ирина Фарионға қарата «Салдақы» деген сөзді қолданды. «Салдақы» сөзі бұл жерде ол бағытталған объектіні емес, оны айтқан субъектіні сипаттайды. Бұл сөздің тасасына тұтас әлем – адам құқығын сақтамайтын, өзгеше ойлауға төзімсіздік танытатын агресиия жасырынып тұр», - делінген хатта.

Одан әрі елшілік «Орыс әлемі» жобасын сынға алып, Украина жерін жаулап алушылықты айыптайды.

Саяси мәселелерді айта келіп, хат авторлары әскерилер арасында жиі айтылатын «офицерлік абырой» ұғымына тоқталып, МҚК офицерін де, оның қорғап отырған «Орыс әлемін» де түйреп өткен.

«Қазіргі украиндықтар орыстың классикалық әдебиетін оқып өсті. Ол кітаптарда офицерлерге (тек оларға ғана емес) әйелді «салдақы» деп атауға рұқсат берілмеген. Бірақ, офицерлік абырой ұғымы «Орыс әлемінің» құндылықтарына қайдан қатысты болсын», - делінген хатта.

Дипломатиялық миссия хаты: «Қазақстан халқы ана тілінде сөйлеу құқығын қорғап жүрген аналарын, әйелдері мен қыздарын «Орыс әлемінің» өкілдеріне салдақы деп ататуды өздері шешеді», - деген сөздермен аяқталған.

Связанные Статьи