Министр Қасымов Ақтөбедегі арнайы операция нәтижесін шығарғанда біраз полицейдің «шаңын қақпақ»

/uploads/thumbnail/20170709024546783_small.jpg

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Астанада есеп беру кездесуін өткізіп, онда Ақтөбеде орын алған қанды оқиғаға қатысты мәліметтермен бөлісті, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Министрдің айтуынша, лаңкестік әрекет ұйымдастырмақ болғандардың саны әу баста 45 адам болған көрінеді.

«Олардың саны нақтыланды – 45 адам. Бірақ, олар жиһад жариялап, пәтерден шыққан кезде біразы ол шешімнен бас тартқан. Олардың барлығы анықталды, қазір тергелу үстінде. Қалған 26 адам әрі қарай кеткен. Бірақ, жол бойында тағы үшеуі ол топтан қалып қойған. Қару-жарақ сататын дүкенге келгенде бір содыр тағы кетіп қалған. Бейнекамералардан біз дүкенге 25 адам кіргенін көрдік», - дейді министр.

Сонымен, лаңкестік әрекет жасауға дайындалғандардың жалпы саны басында 45 адам болған, кейін 20-сы қылмысқа барудан бас тартқан.

Министр олардың бұл әрекетке барудағы дайындығына назар аудартып отыр.

«Олар бір пәтерде жиналады. Ол пәтерді анықтап, тексердік. Олар үйден шыққанда барлығы телефондарын жаңағы пәтерде тастап кеткен, бұл ешкім өз туыстарына хабарласып қоймау үшін қажет болған», - дейді министр.

Алғашқы дүкенде олар 9 минут болған көрінеді. Дүкенге шақыру нүктесі басылғаннан соң күзет жасағы келген. Күзет қызметкері дүкенге кіріп келгенде атылған. Үш минуттан кейін келген полиция жасағын да оқ жаудырып қарсы алған. Сол кезде БАҚ-та жарияланғандай, келесі дүкенге барған алты адамның үшеуі сол жерде полиция қолынан жан тапсырса, біреуі жараланып қолға түскен, екеуі қашып кетіп, кейін қала сыртында өлтірілген болатын.

Министр айтқан оқиғаның қалған бөлігі алдында жарияланған мәліметтерден алшақ емес.

Қ. Қасымов кездесуде осы Ақтөбе оқиғасы бойынша полиция құрылымдарында бірқатар анықтау жұмыстары жүретінін айтты.

Өйткені, ақпарат тарату кезінде полиция тарапынан бірқатар олқылықтар болмай қалмады, «күдіктілердің тізімі» делінген құжаттар әлеуметтік желі арқылы тарады. Ол тізімнен өздерінің аты-жөнін көрген бірнеше адам әлеуметтік желі арқылы шу шығарды.

Министр журналистердің осы олқылықтарға қатысты да сұрақтарына жауап беріпті.

Мәселен, Данияр Уайсов есімді студент өзінің осы тізімде «өлтірілгендер» қатарында жүргенін айтып, видеоүндеу жариялаған еді.

«Аты-жөнін ауыстырып жіберген жағдайлар бар, бұл мәселені шешіп жатырмыз. Ал қаза тапқанға келсек, бұл сол күні таңда болды, сағат алтылар шамасында. Ол оның туған ағасы делінді, сөйтсек, інісі болып шықты. Сондықтан осындай бағыттама таралып кеткен, бірақ кейін әкесі танып, біз түзеп қойдық. Ал, оның видеода қайдан жүргендігін анықтау мақсатында қызметтік тексеріс жүріп жатыр», - деген министр лаңкестікке қарсы операция қорытындысы бойынша біраз полицейдің «шаңын қағатынын» айтады.

«Біз өткізген операциялар бойынша біз әрине, анықтау жүргіземіз. Біздің патрульдік полицияға, басшыларға жекелеген іс-қимылдар бойынша сұрақтарымыз бар. Қандай да бір шешім қабылдасақ сіздерге хабарлайтын боламыз», - дейді Қ. Қасымов.

Связанные Статьи