Сонымен, егемен еліміздің 25 жыл ішінде қол жеткізген мемлекеттік тілдегі Елбасының айтуымен болған анамыздың, қазақтың тіліндегі жалғыз телеарнасы - «Қазақстан» күйреп тынды! Күйремегенде, несі қалды, 9 маусымнан бастап үш күн қатарынан Мәскеудің «МузТВ премия 2016» жобасын орыс тіліндегі концерттік хабарын қайта-қайта күнделікті шолу жасап, тіпті тұтастай ұзақ-сонар трансляциялады. Қазақ арнасында - таза орыс тілінде! Максим Галкин мен Ксения Собчак қазақтың ұлттық арнасында өз тілінде армансыз «сайран салды». Сөйтіп ұлттық арна саясаттың, нарықтың, қаражаттың аяғына жығылды.
Басында таза, тек мемлекеттік тілде ғана хабар жүргізеді деген «Қазақстан» ұлттық арнасы футбол мачтарын екі тілде жүргізуден бастап-ақ ең басты қағиданы - таза қазақ тілді дегенді бұзған еді. Оның үстіне әлі еліміз ресми көшпеген латынша жазуға ресми арнаның көшіп, тіл шұбарлағаны қай сасқаны? («Aптa.kz», «Kaznews»). Міне, басты қағиданы осылайша түп-тамырымен күлін көкке ұшырды! Еті өліп кеткен, бәріне төзгіш қазаққа бәрібір деп, Нұржан Мұхамеджанова ханым ойына келгенін істей бере ме? Елбасын елемегені ме?
Тұрсын Таңатаров,
Қостанай қаласы