ЖЕТІСПЕЙ ТҰР БІРДЕҢЕ...

/uploads/thumbnail/20170709025617251_small.jpg

АҚ ҚАЙЫҢ КӨКТЕМЕДІ

(Махаббат элегиясы)

Көліне құстар қайтқан көктем еді,

Өкпек жел терістіктен өктем еді.

Сол жылы ақ балтырлы аппақ қайың

Бүр жармай, жапырағы көктемеді.

 

Қонбады аққулар да ақ айдынға,

Басынан Сарыкөлдің бақ тайды да.

Қаздар да кетіп еді қайырылмай,

Келмеді ақбас қыран Алтайдың да.

 

Тек қана шағалалар шаңқылдасып,

Қамыстан ұя салып, қауқылдасып,

Шулатып азан-қазан, Сарыкөлді

Көтерді бастарына, қарқылдасып.

Шалықтай,

Бірде күліп,

Бірде жылап,

Шағала өз әуенін кетті жырлап.

Ісі жоқ ештеңемен, мойны ырғайдай

Жағадан көкқұтан жүр балық ұрлап.

 

Малшынып,

Қызыл бояу сиясына,

Күн батты күреңітіп ұясына.

Таулар тұр қарауытып,

Үрей шашып

Көлдегі жандылардың санасына.

 

Ақ қайың жағадағы көктемеді,

Көктемнің желі суық өктем еді.

Қалқамен талай болған сол бір жерге

Жүрегім, неге екенін, беттемеді...

 

Куәсі махаббаттың – жалғыз қайың,

Махаббат ауған менен: осы жайым.

Қуарып, дауыл соқса, құларсың-ау,

Тағдырдың мына маған несі дайын?

 

Көңілім қасіретті кешкен еді,

Бір мұңды бір мұң қуып, өкшеледі.

Сорғалап,

Жарқыраған із қалдырып,

Бір жұлдыз жерге жетпей өшкен еді...

 

КӨҢІЛІМНІҢ БАҚШАСЫ

Ойрандалған көңілімнің бақшасы,

Ақ күйінде пейілімді сақташы!

Нені күтем,

Тұл тағдырдан,

Осынау

Дайын тұрған маған деген «жақшасы»...

 

Дүниеге келгенімде,

Шыр етіп,

Нені айтпақ болдым жылап,

Жыр етіп?

Білдім бе екен?

Тәңір ісін –

Ажалдың

Өле-өлгенше жүретінін күзетіп...

 

Жарып шығып,

Анашымның құрсағын,

Сезініппін дүниенің құрсауын –

Табиғаттың долы күші әлдилеп,

Ақтүтегі айқара ашқан құшағын.

 

Мен туғанда ұлығаны көк бөрі,

Маған ұқсас екен оның көп жері.

Айырмамыз –

Ол бөрі де,

Мен сері

Бөрі өлсе,

Жерленбейді,

Жоқ көрі.

 

Мен туғанда ақтүтектің қаһары –

Қасіреті екен, тағдыр қатпары.

Арпалыссам,

Тірі қалу арман боп –

Өмір заңы

Бар өзіндік баптары.

 

Таң қаламын,

Тәңір іс десе де –

Түсіріпті, кісі ісін, кісіге?..

Құлшынсаң да жақсылыққа ұмтылып,

Неден, неге, көгермейді көсеге?

 

Көктер ме екен,

Көңілімнің бақшасы?

Уа, қиямет!

Жолымды аңдып,

Бақпашы!

Уа, Тәңірім!

Борандатып туған тентек ұлыңды,

Шетінетпей,

Аман-есен сақташы!

 

 

ӘЖЕ АРУАҒЫ

 

Айналдым аруағыңнан әжетайым!

(Білсең ғой жебеуіңнің қажет-айын...)

Қай жерім жақпағанын Жаратқанға,

Жаздадым өліп қала жазатайым.

 

Ажалмен өмірімнің алысқаны,

Таң мен түн тірлік үшін соғысқаны.

Есімде,

Неге ұмытам,

Таң алдында

Әжетай!

Аруағың кеп болысқаны.

 

Ажал да жеңілмейтін албасты екен,

Таласып ғұмырыма арбасты екеу –

Өлімді өмір жеңіп қан төгіссіз,

Мен едім,

Қыл көпірден аман өткен!

 

Жаралған қасіреттен –

Қасиетің,

Зұлматтың тартқан едің тақсіретін.

Аштықтан жарты ауылды алып қалған,

Қызы едің шыққан тегің ақсүйектің...

 

Жатсаң да,

Қара жерде,

Қасиетің –

Жеңгенсің тауқыметтің қасіретін.

Елесі кетпей қойды аруағыңның,

Сүйреткен ақ кебінін ақиреттің...

 

Ақ көрсем,

Көз алдымда сен тұрасың,

Ағарып,

Анадайдан көзге ұрасың.

Аңдамай адасатын кездерімде,

Бетімді құбылаға сен бұрғасың.

 

Алдыңда парызым бар балаң екем,

Дастаным аяқталмай қайда кетем?

Әжеге немеренің махаббатын,

Дәм-тұзым таусылғанша жырлап өтем!

 

 

ЕРЛЕР ҚАЙДА?!.

 

(Күлтөбенің басындағы зар)

 

Жүр, досым,

Ой бөлісіп,

Алмасайық,

Басына Күлтөбенің жайғасайық.

Жоғалтып алмаймыз ба мемлекетті –

Әй, осы,

Келе жатыр

Соған сайып?..

 

Ұлт тұғыры босаңсып,

Сағы сынған.

Қайда барсаң –

Қазақ жүр іштен тынған.

Серпін жоқ,

«Дүр ету» де жоқтың қасы –

Қасірет мөлтілдеп тұр көзде тұнған.

 

Ұлтының бақыты үшін жаны пида –

Қан жалдап, от кешетін ерлер қайда?!

Ұлыстың болашағы қыл үстінде –

Боркемік, босаңсудың несі пайда?

 

Ежелден келе жатқан жаншылыстан,

Буынға түскен кесел –

Қорқыныштан –

Сағаты тоқтаған ба қазағымның,

Шаршаған бұғаудағы бұлқыныстан?

 

Қиналмай өлу арман болды анық,

Кеткендей елімізден аруақ ауып.

Дүние теріс айналып шыға келді –

Тайғанақ саясаттан алдым қауіп...

 

Талан-тараж,

Болғанда

Ту-талақай,

Еліңде құл болудың несі «алақай»?

Рақымсыз,

Керден кеткен басшыларға

Керегі –

Жариялау «хан талапай»...

 

Жалынам –

Көк аспанды шаң жаппасын!

Қалқытып, қара жерді қан баспасын!

Тәңірім!

Естимісің дауысымды?

Елімді іштен шыққан жау шаппасын!

 

Керек пе

Қалт-құлт еткен

Қорлық дәуір?

Мойныңда құл қамыты,

Арқаң жауыр.

Құрдымнан қолдан жасап «ұлығанға»,

Табынған құл сананың несі тәуір?

 

Ер бар ма

Ел аруағын арқалаған?!

(Ажалдан арқасымен қалқалаған).

Ерін тыңдар ел болса,

Ешқашанда

Ұлыстың бағы қашып,

Тарқамаған!

 

Осы еді,

Досым, сені шақырғаным,

Аттандап,

Аруақ қысып,

Ақырғаным.

Саған сенем,

Сенемін қазағыма –

Алдыңда сырымды айтып «шашылғаным»...

 

ГҮЛСЕЗІМ

 

Жарқ еткен жанарыңмен таң қалдырып,

Сұлулық қойдың мені тамсандырып.

Төгілген тал бойыңа қара шашың,

Әр берген ақ жүзіңе жандандырып.

 

Көзіңнің тұңғиығы кетті тартып,

Шығуға дәрменім жоқ қайта малтып.

Таласқан сұлулығы сұлулықпен,

Жан бар ма дүниеде сенен артық?!

 

Тұтатып жүрегіме от жандырып,

Жанымды меншіктедің ен салдырып.

Сезімнің сиқырлаған жұмбағы ма?

Өзіңе табындырдың ес тандырып.

 

Гүл сезім оранғандай от сезімге,

Өртендім оралғандай жас кезіме.

Күйсе де найзағайдың жасынына,

Шыдаған не айтарсың, бұл төзімге!

 

Гүл сезім гүлге оранып, құндақталған,

Жанымдай нәзіктігің қымбат маған!

Сомдасам мүсініңді қасиеттеп,

Жырыммен ақ дидарың сымбатталған.

 

Назыңмен жыр сұрадың,

Қия алмадым,

Ренжітіп алмайын деп,

Жыр арнадым.

Сұлусың!

Сұлусың-ау,

Таласым жоқ,

Осыдан әрі қарай бара алмадым...

 

 

Гүлсезімнің суретін көрген бетте есіме «сол бір кез», жастық шағым түсе кеткені! Алғашқы махаббатымның бейнесіне ұқсастығы болған соң, Гүлекеңнің «Аға, мен әнін өзім шығарайын, Гүлсезім деген есімге арнап бір өлең жазып беріңізші» деген ерке назын жерге тастай алмадым. Ал, Гүлсезім қарындасым, жыр керек болса осы, енді сенен әнін күтеміз!

Менің өлеңдеріме «ән шығарушылардан» кенде емеспін, бірақ сол сазгерлер менің өлеңіме әнін шығарады да, әрман қарай бүгежектеп қалады. Талай рет телефонмен менің өлеңіме шығарған әнімен ән салып, әндетіп те берді бауырларым, ал бірақ әрі қарай қозғалыс жоқ... Сөйтсе, әнді нотаға түсіру үшін ақша, оринжировкасына тағы ақша, сосын әншіге де ақша төлеу керек екен сахнаға, жұртшылыққа шығару үшін.

Әй, шіркін, ит заман-ай, өнерді де ақшаға қаратып, тұсап тастаған!

 

ЖҮРЕКПЕН СЫРЛАСУ

            (Мұң элегиясы)

 

Жүрегім,

Жыламашы,

Білем, білем –

Лайлапты тұнығыңды қайғы кілең.

Тегіңнің біле тұра нәзіктігін,

Қоңсы қону неңді алған, мұң елімен?

 

Кетесің өз-өзіңнен мұңға батып,

Қайтпексің,

Батып тұрып,

Уын татып?!

Не істерсің құбылмалы бұл көңілге,

Алып-ұшып,

Кетті әне

Тағы сатып!

 

Кеудемнің «Бұзамын!» –деп, – тас қамалын»,

Жүрегім дейсің кейде «бұлқынамын»

Сезім ол –

Тұрағы жоқ,

Жалғыз өзім...

О, несі-ай!

Неменеме жұлқынамын?

 

Кеудемнің қиратпасам тас қамалын,

Қалмапты таңдау менде,

Басқа амалым.

Жүрек, сезім, көңілге,

Осы үшеуге

Білмеппін,

Өзі екенмін –

Баспананың!

 

Жүрегім,

Жалғыздығың –

Түрмедесің,

Не істерсің,

Тәңір ісі –

Күрмегесін.

Сүйіп тұрып, артынан ұрсатыным –

Ырқыма көніп кейде,

Жүрмегесін.

 

Көңілім құлазыса –

Ұрандайсың,

Жаназа шығаратын құрандайсың...

Жүрегім-ау,

Жүрегім!

Қайтсем екем?

Ауырып қалмай тағы тұра алмайсың...

 

ЛАҒЫНЕТ

 

Білмеппін,

Лағынет барын махаббатта,

(Белгісіз, ататыны қай сағатта...)

Жағаға лақтырылған балықтайын,

Тағдырым сонша неге қаталатты?

 

Қалайша көрмегенмін,

Күннің дағын?!

Жүйкемді,

Қарауытып

Жеп тұрғанын.

Білмеппін,

Махаббаттың от екенін,

Отпен ойнау –

Опаттың өзі екенін!

Әй, шіркін!

Содан болар?

Лағынеттің

Көздеген нысанасы –

Мен екенмін...

 

Қамшылап,

Таспа тіліп қыр жонынан,

Найзағай жарқылдаған оң,

Солынан –

Кең байтақ Сарыарқамның даласында,

Қара бұлт қалмай қойды қыр соңымнан.

 

Кетіпті,

Айдың бетін қотыр басып,

Содан ба?

Мұхиттар да,

Тұр ғой тасып!

Жауын да,

Толастамай

Содан ба екен?

Көңілім өрекпіген қалды жасып.

 

Баз кешіп толқындардың ортасында,

Тірі қап жүзгіштіктің арқасында –

Жүзіп әлі келемін,

Әй, бір күні...

Қорқамын

Соғар ма деп, жартасына.

 

Жүріппін лағынеттің құрсауында,

Қайтейін,

Өткенімді ұрсайын ба?

Адамзат!

Сақ болыңдар лағынеттен,

Түспеңдер лағынеттің тұсауына!

 

САТҚЫНДЫҚ

Ашылса қара аспаны Жаратқанның,

Арманым көру еді, таң атқанын.

Ғасырдан не күтсем де,

Жаратқанның

Ішінде кім біледі не жатқанын?

 

Қорқамын саясаттан қылаптанған...

Күн шықса күншығыстан «құлақтанған».

Шошытып жер тағдыры, ел тағдыры,

Үрей тұр саналарда тұрақтанған.

 

Айнала анталаған аждаһалар,

Ішінде ұйғыры да,

Қалмақ та бар.

Жер кетсе аждаһаның аранында,

Қазақты қазақ іздеп, қайдан табар?

 

Көрмеуге өлепатты сұрапылды,

«Аттандап!» жүрегімнен жыр атылды.

Өлгенін әкесінің естірткендей,

Деген сөз қандай жаман «Жер сатылды».

 

Адамның,

Адамдығы –

Сөз дегесін,

Сөйледім,

Зұлымдыққа төзбегесін.

Кеттім ғой шыдай алмай,

Шыдай алмай!

Көз жасы қазағымның көлдегесін.

 

Не істерсің,

Бұл қазаққа –

Өлерменге,

Мазақ боп көрінген соң көрерменге!

Бай болып кетпекші екен жерін сатып,

Қытайды ішке өткізіп жібергенде...

 

Бұл жерде зымияндық саясат бар,

Найзаң да бойламайтын,

Қатпар-қатпар.

Артында «жер сатудың» –

Ел сату тұр,

Бұл жерде –

Сатқындық бар!

Жауыздық бар!

 

 

ТҰЛДЫР-БҰЛДЫР ДҮНИЕ-АЙ!

(Қасірет элегиясы)

Тұл болған тұлдыр дүние, жанымды менің күйреттің,

Тірі өлікке айналған, сұлбамды қайда сүйреттің?

Жанымнан әбден бездіріп, аямастан,

Санамды –

Жадылап жынды бақсыдай, зікірге де үйреттің...

 

Қурайы желмен сызылған, естілмейді дала үні,

Айлы түнде ұлыған, қайда кетті бөрі үні?

Қазақтың ұлы даласын, таскерең етіп Тәңірім,

Мелшиген тастай меңіреу, етер ме екен бір күні?

 

Мылқаудай керең тірлікті, тастап бір күн кетермін,

Бұлдырдан өтіп, тазарып, тылсымға да өтермін.

Артымда қалып бар жатқан, мәңгірген көрт ұрпақты,

Жәудіретіп көздерін, кеткенде сонда, не етермін?..

 

(Біле алмай әлі жүргенім – әй, осы мен кіммін?!

Адаммын?

Әлде...

Бөрімін?

Мені ақын еткен кім?!

Түн болса жұлдыз аралап,

Таңшолпанмен сырласып,

Тәңірім сызған межеден қалайша өтіп кеткенмін?!)

 

Өңімде көрқап асынып, кебінімді сүйреткен,

Көрбілте жолға сарамды, көнбеске болмай үйреткен –

Мен едім-ау,

Мына мен,

Жазмыштан жазым күткендей,

Ақ Еділдей ақ арманын, байқаусызда күйреткен...

 

Қайтер едім осы мен, дүниеге келмегенде,

Тілеуін ата-анамның Тәңірім бермегенде?

Не істер едім тағдырға, көрдемше боп туылғанда,

Тексіз болсам, неменем қалар еді, өлмегенде?

 

Не істерсің Тәңір ісі –

Бақыт іздеп, кезбегенде,

Таңдап берген қасірет-қайғысына көнбегенде?

Әй, осы-әй!..

Сынақ болар,

Сынағы Жаратқанның?

Қайтемін, қайтсем енді шыдап келіп,

Төзбегенде?

(Не демейді мендей жан, Азаттыққа шөлдегенде...)

 

ЖЕТІСПЕЙ ТҰР БІРДЕҢЕ...

Жетіспей тұр,

Жетпей тұр-ау, бірдеңе,

Киіп кетіп, бірдеңелер көлденең.

Найзағай ол –

Қаһарынан айрылған,

Күркір емес,

Күркілдеген бірдеме...

 

Жетіспей тұр,

Жерге, көкке бірдеңе,

(Немене екен, жақындаған іргеме?)

Бұлттардың да көз жастары солыпты,

Жауын да емес –

Сіркелеген бірдеме.

 

Жетіспей тұр,

Бірдеңелер ғұрпыма,

Не болған бұл,

Ежелгі жұрт ұлтыма?

Көтере алмай,

Мансап, даңқ, байлықты,

(Қан толыпты біреулердің ұртына...)

 

Жетіспей тұр,

Бірдеңелер заманға,

Әу, қазағым!

Ат-көлігің аман ба?

Жетіспейді,

Жетіспей тұр бірдеңе,

Іздегенім бірдеңені жаман ба?

 

Жетіспей тұр,

Ай мен Күнге бірдеңе,

Жер де мынау, шырқ айналған –

Құр дене.

Үміт оты сығырайған кеудеде,

Қорқып жүрмін,

Сөне ме деп бірдемде.

 

Кеудемде тұр,

Басып алған бірдеңе,

Албастыдай әйтеуір бір әлдене.

Ай туғанда қоймай-қоймай ұлиды,

Адам да емес,

Бөрі де емес,

Бірдеме.

 

Қызық емес,

Мынау өмір ендігі,

Не керегі,

Дүниенің кеңдігі?

Бір тарының қауызына сыйдырып,

Құртты-ау мені,

Бірдеменің мендігі...

 

 

ҚҰЛЫНЫМ-АУ, ҚАЗАҒЫМНЫҢ БАЛАСЫ!

 

Құлыным-ау!

Қазағымның баласы,

Жоқшылықтан быт-шыт болған санасы.

«Лаңкессің!» – деп,

Айдар таққан нақақтан,

Батып кетті сұм биліктің жаласы!

 

Жерімізді «сату» деген таласы,

Нұрсұлтанның алпыс екі айласы –

Жермен бірге Отан түсті саудаға,

Опасызда Отан жоғын қарашы!

 

Құлыным-ау!

Қазағымның баласы,

Тар боп саған қазағыңның даласы –

Қақпақылдап,

Кері теуіп кеудеңнен,

Шытынады қазағыңның қаласы...

 

Қаңғырғанда,

Ит наласын арқалап,

Артыңда – Өрт!

Алдыңда тұр –

Жарқабақ!

«Нұрсұлтандар» шошаңдатып мылтығын,

Тауыспақшы ғұмырыңды пәршалап!

 

Айналайын!

Қазағымның баласы,

Қара түнек төніп тұр-ау,

Қарашы –

Тынысыңды тұншықтырды бықсыған,

Саясаттың түтіндеген шаласы.

 

Құлыным-ай!

Қазағымның баласы,

«Лаңкес!» – деп тұр,

Сені билік,

Қарашы!

Мазағы ма?

Азабы ма Құдайдың –

Қайда ұлттың Абылайдай данасы?!

 

Басымызға салып тұрып –

Азапты,

«Өлтір! – деп тұр,

Назарбаев – қазақты».

Қанша уақыт айта алмай жүр еді,

Үкім осы –

Құрту мақсат –

Қазақты!

(Тағдыр ма екен, қарашы бұл мазақты!..)

 

 

ӨКПЕМ МЕНІҢ ҚАЗАНДАЙ!

 

Бауыр басқан атамекен жеріме,

Шығып та алған қазағымның төріне –

Сенің де атаң, ұлты басқа болса да,

Жатыр осы қазақ жері көрінде!

 

Өкпем менің саған қара қазандай,

Талай-талай тартқыздырттың сазамды-ай!

Қазақ едік,

Құрақ ұшқан алдыңда,

Құдай берсін,

Өкпелетсең –

Жазаңды-ай!

 

Жерім үшін алаңдарға шыққанда,

Сен едің-ау,

Бой тасалап, ыққан да...

Не пайда бар, айтып берші, сендерге,

Қытай келіп туымызды жыққанда?

 

«Сенің жерің, қорға – дейсің, – жеріңді!»

Біліп едім, тап осылай деріңді...

Әлі өшпеген басқыншылық пиғылы –

Мына сенен,

Менің жаным жерінді!

 

Сен өлмедің,

Мен өлгенде –

Аштықтан,

Ол зұлмат та, болып еді, қастықтан.

Сенің күнәң –

Шұбарланған тілім де,

Жау болғаның жақсы еді,

«Достықтан»...

 

Аман қалдық –

Араласпай қанымыз,

Өспесе де, сол күйінде, санымыз.

Тәуба, тәуба, қазақ болып қалдық біз,

Қиналса да тізең батқан жанымыз.

 

Мен шыққанда,

Сен шықпадың алаңға!

Себебі сол –

Жатжұрттық тұр санаңда.

Білем, білем, Отаның бар балама,

Менің жерім,

Емес сенің –

Анаң да...

 

 

 

  ТҮЙСІНУ

 

Дәстүрлі,

Қасиетті қайран дінім,

«Тәңір!» – деп,

Күңіренген қайда үнің?

Тарбиған қу ағаштың бұтағындай,

Шырмалып,

Түрлі ағымға түстің бүгін.

 

Алаштың табынғаны –

Тәңір еді,

Ғарышқа жалбарынып «Әмір!» – деді,

Ұлыған айға қарап бөрідейін,

Аспанға қолын жайған тәуір еді.

 

Аспан – Тәңір,

Ұстаным – Ислам діні,

Ырымшыл салт-дәстүрі,

Иман ділі.

Еңіреп, жалбарынып, қол жайғанда,

Аспанмен ұштастырған –

Қазақ тілі!

 

Құқайын көріп талай «тәйірінің»,

Артын күткен шапағат қайырының –

Жаралған Құдіреттен –

Қазақ тілі

Идірген Тәңірінің мейірімін.

 

Тәңірді айырбастап «Алла» атына,

Төседік тілімізді қай жатына?..

Деген соң Мұхаммедті «Алла елшісі»,

Арабтың ден қойғанбыз тіл хатына.

 

Өзгермеді –

Салт-дәстүр,

Ділім,

Тілім,

Санамды бұза алмады ешбір ілім!

Денемде зырылдаған қаным –

Қазақ

Мұхаммед мұсылманның –

Үмбетімін.

(Тәңірдің айшығының суретімін...)

 

 

СЕН ЕМЕССІҢ, СЕН ЕМЕС!

 

Әй, Нұрсұлтан!

Бері қара –

Мына сен!

Ұлт атынан айтамын,

Тыңда,

Сен!

«Хан талапай»,

Осыған сен әкелдің –

Басың кетпек,

Айтқан сөзге көнбесең:

 

Сен емес!

Бостандықты алып берген,

Сен келгелі ұлтымның күні сөнген!

Беловежден мастықтың салдарынан,

Егемендік қазаққа өзі келген...

 

Қазақ халқы сенсіз де күнін көрген,

Ширек ғасыр мерзімде нең бар берген?!

Бір өліп, бір тіріліп келе жатқан –

Ұлтымның сен келгелі оты сөнген!

 

Сен едің!

Ат-тоныңды ала қашқан,

Егемендік алудан зәрең ұшқан.

Тарихтың таңдауынсыз таққа отырып,

Тойымсыз әмірлердің жолын құшқан.

 

Сен де емессің құтқарған бодандықтан,

Қол үзбей әлі жүрсің одақтықтан.

Сен емессің,

Сен емес – құтқарушы,

Сенсіз-дағы күн батып, таңым атқан!

 

Сен емессің!

Ешкім де,

Сен емессің,

Шапағат көрген емес сенен ешкім!

Алаңысың қорқаулық –

Жемқорлықтың,

Не десе де, әйтеуір,

Ер емессің!

 

Сөзіңе сеніп сенің, алаңдағам,

Жұрт не демейт –

Сөзіне қарамағам...

Осы күні,

Сен бар ғой

Мына сенің,

Бес тиындық құның жоқ, өлде маған!

 

Мәңгілікке,

Құр бекер, дәрі іздеме,

Іздетем деп кетерсің мүрдеміңе!

Мәңгілік –

Елге істеген жақсылық ол,

Соны да білу саған күрделі ме?

 

Қазақты қазақ етіп құрап келген,

Сен емессің!

Сен елді –

Бұзып берген!

Өзеурейсің, «халқым» – деп,

«Отаным» – деп,

Екі жүзді аярды кім бар көрген?!

 

Мәңгілік қайдан келсін сол қолаңа,

Ескерткіш болса-дағы қу молаңа?

Ескерткіш болса, болар,

Зұлымдықтың:

Ордасы –

Атауы жоқ тас қалаға...

 

Тоқсан бір метр болып бой түзеткен –

Жері жоқ «Қазақ елі» монументпен;

Бұл қазақ сезінер ме жойыларын,

«Қазақстандық» деген ұлт –

Төл құжатпен...

 

Жиырма бес жыл емін-еркін тонадың,

Қазақ ұлтын аш қасқырдай таладың!

Жаңаөзенде соғыс ашып ұлтыма,

Атқызып та,

Қанымызға тоймадың!

(Тайраңдауды төбемізге қоймадың)

 

Жердің астын аждаһадай жалмадың,

«Тоқта!» – десек,

Қаперіңе алмадың.

Бәрін саттың,

Жер еді ғой қалғаны!

Оны саттың, орындалып арманың.

 

(Мәңгілік бола алмайды ұры өкімет,

Ұлты жат, қазақтарға жау үкімет.

Ширек ғасыр тамырын терең жайған,

Бұлардың құлауы да болар хикмет...)

 

Бере алмаймыз қытайға –

Жерімізді!

Құлдыққа сата алмайсың елімізді!

Әр қазақтың қорғаны –

Тәңірі бар,

Сен емессің қазатын көрімізді!

Қуаныш Мұқтай

Связанные Статьи