Тарихи роман
1-арна
Аюмен алысқан Ақтай батыр
Ақтай Буыршынның Шұңқыр өлкесін жайлап отырған ауылынан күн шыға аттанды. Қасында Шерушінің Сарңырау руының байы Пұшқықсары, Құрманнның, Бақат пен Ұзынмылтықтың, Ожықтың беделді ақсақалдары бастаған жиырмадай кісі бар еді. Інілерінен Кәрібайды ертті. Ырысбаймен Бозтайды ауылға шаруа басына қалдырды. Тұңғышы Бектемір де бұл күнде шаруаға бас көз боп қалуаға жарап қалған. Соңынан едел жедел ұландар өсіп келеді. Ақтай інілерімен және ағайындарымен егін салады. Соңғы жылдары егіндері бітік шығып, маңайын түгел ырысқа кенелтті. Міне, Бұл күнде Ақтай ауылы келім-кетімі мол үлкен ауылға айналған. Ақтай қазір Шерушінің сөз ұстары болды. Жапа шеккендер Ақтайға келеді. Рулар арасындағы дау-шар, ағайын арасындағы ушыққан істердің барлығы тек Тәтекең атанған Ақтайдың алдына келіп бітім тауып жатады.
Шеруші әуелден мол еді. Алты атаға бөлінеді. Төре жанынан төрт орын сайланғанда мол шерушіге төрт орынның бірі бұйырмағаны шындығындада әділетсіздік еді. Алайда Шерушілер жасыған жоқ. Ресми бекітілмесе де беделі сол билерден кем емес Ақтайды өздерінің рубасы биі ретінде көріп, тып-тыныш жата берді. Жыл сайын ауылдарына отау қосылып, жастар ат жалын тартып мініп, басына бас қосылып, қатары көбейіп жатты. Егін салды.Алған дәнін базарға сатты. Шерушінің осылайша дәулеті де толықси түсті. Шындығында да бұ күнде Ақтайсыз Шерушінің сыртынан кесік айту төреге де, төрт биге де мүмкін емес еді.
Ақтайдың бұл сапары төреден Шерушіге жаңа қоныс сұрау, ел іргесін кеңейту еді.Сол жұмыспен жолға шыққан. Ажы төреге деп ақбоз ат жетеледі. Қанша дегенмен бір күн болса да Керейдің төресі.
Ақтай топ алдында торы ала атпен оңаша ойға батып келеді. Күміс жүгенді торы ала сәндене басып, аяңдайды. Серіктері екі-үштен өзара кеңесіп барады. Бұйырса кешке қой қосақтар кезде бұлар Бурылтоғайдағы Ажы төренің ауылына а басын тіреуі керек. Күн ашық. Шілденің қақ ортасы. Дегенмен кешке қарай ауа салқын тартады. Көрікті Алтай көлбеп жатыр. Жоталарда жеңіл мұнар қалқиды.
Аттылар кішкене бұлақты жағалап келіп аттарынан түсті. Шөлдерін басып аз кем демалу керек. Ақсақалдар дәрет алып, бесін намаздарын оқыды.
Ортаға ықшамды жол дастарханы жайылып, жылқы терісінен тігілген торсықтан қымыз құйылды. Ыстықта шөлдеп келе жатқан жолаушылар бірден бас қойды. Осынау маңдайда жазда ел жайламайды. Ауылдар алыста. Бұл өлке күзеу, және мал төлдетер жер есебінде еді.
Жолаушылар шөл басып алған соң, жол жайын, жердің көктеуін айтып аз кем шүйіркелесіп отырды. Тәтекең бөлек, су жағасында Пұшықсары баймен өзара әңгімелесіп отырды.
Топтың ортасында отырған ақ сақалды, тұлғалы, жанары өткір Байғыдыр шал даусын кенеп алып,
- Әй жігіттер, сендерге бір әңгіме айтып берейін, жаңа ғана мына жігіттер Көбеге атаңның Нәдия апаңды қалай алғаны туралы сұрап келе жатқан. Мен қазр дамылдаған жерде барлығына айтып берем деп едім, аттар да өздерің де аз кем тынығыңдар, мен сол кеңесті айтып берейін, Алла қаласа төренің ауылына қой ағытарға дейін ілініп қалармыз, деп ыңғайланып отырды.
Жолдастары да елең етті.
-Бәрекелді, тыңдайық,
-Мен де көптен сұрайын деп жүр едім
-Ал бастаңыз, онда
деп дуілдесіп кетті, сапарластары.
Қисайып жатқандар бастарын көтеріп алысты.
Байқыдыр әңгімешіл, көргені көп, ақсақал еді. Әрі бұрын Тәтекеңнің әкесі Көбегенмен де көп бірге жүрге кісі болатын. Сексеннен асса да әлі тың. Аттан түсе қойған жоқ. Көргенін ұмыпайтын зерделі жан еді.
Байғыдыр шал алдындағы ағаш саптыаяқтағы қымызынан жұтып алып, аппақ сақалын салалы сауасақтарынмен тарап алдыда, кеңесін бастап кетті.
«Көбеген екеуміздің жұбымыз жазылмаушы еді. Жылқыны бірге күзетеміз. Киікбай атамыз дүиеден ерте қайтқанымен, Көбеген пысық болды. Бірнеше рет Жоңғармен соғысқа да қатысты. Ол кезде біздің ел Қалбатау, Көкпекті, зайсан бойында жүруші еді. Жарықтық Шұбаш батыр бар.Сонымен Көбеген атаң Қатты найзагер еді. Қорқуды білмейтін. Әкесі Киікбай палуан ауылдары қалмақтан босып, Сырдария бойында қыстап тырғанда қамыс арасынан ақырып шыға келген тайдай жолбарысқа қарсы ұмтылып, аузына найзасын тығып өлтіріпті. Жарықтық қазір соннау Сарыарқада Есіл бойында жатыр. Көбеген адал кәсіппе мал тапты. Малы тез өсті.
Сол жылы Марқакөл өтіп жайлаған жаз еді.Шерушілер бірге жайладық. Ауылдар иін тересе отырдық. Марқакөл, Шандығытай ол да бір ғажап өлке еді. Ақсақал осы тұста көзін батыста көлбеген Алтайға қарап сонау шақты аңсағандай, өзі суын ішкен Марқакөлін сағынғандай күрсіне тлі қатты.
Көбеген атаң бір шыр еткен көрсем шіркін деп армандаушы еді,
-Кетік болса да, ынжық болса да бір тұяқ қалса деп жеңеміз жарықтық жылағанда, Көбеген атаң:
-тәйт ары, маған ынжық пен кетік керек емес, Алла берсе бірегейіне берсін, бермесе керек жоқ деуші еді. Бәйбішесі тоқал ал деп сан рет айтса да Көбеген атаң реті келер, Алла өз қалауын жасайды деп отыратын.
Бір жолы жылқыдан үш құнан бөлініп кетіпті. Үнемі саяқ жүруші еді. Жылқышылар іздеп таба алмады. Жоңғардың қалдығы деген топ-топ болып қалмақтардың малға шауып тұрған кезі еді. Іздеуге Көбеген екеуміз шықты. Із-тоз жоқ. Содан Алтайды бөктерлей отырып, көршілес Қаратай еліне шықтық. Олармен тату едік. Бұрын соңды барымта болмаған. Жақында құда болғамыз. Саяқ мал ғой сай саланы кезіп алыстап кетті ме деп адыр адырды тінтіп аралай бастадық. Сол күні Қатын су бойындағы бір Қаратай жылқышының үйіне қондық. Төменіректе кержақ орыстардың ауылы бар екен. Жолшыбай мал қайырған егіннен қайтқан орыстарға кездескенбіз.
Ертеңінде тұрып шәй ішіп, атты ерттеп мініп, су жағалап келе жатыр едік. Сонадайда бір қызыл киген әййел адам отыр екен. Біз таяй бергенде тұрды да, етегін көтеріп, кетіп бара жатқан тобына қосылды. Толқынды сары шашты, ұзын бойлы, денелі, ірі екен. Шамасы қыз болу керек. Көбеген екеуміз өтіп бара жатып түзге отырған жерін көрсек, тура кеседей болып, шұңқырайып ты. Қамшының сабы бойлайтындай өткен екен, топыраққа. Кенет Көбеген маған: -Бұл батыр табатын қыз екен, жүр, осыны әкетуіміз керек, деп атын тебініп, қыздың соңынан желе жөнелді. Мен де ердім, сәл жүріп барып топқа қосылдық. Қыз арnында келе жатыр екен. Көкшіл көзді, толық омыраулы жан біткеннің сұлуы. Қазақ ортасында өскен ғой,
-Амансыздар ма деп әдеппен иілді. Аман, аман бойжеткен дедік. Сен мына мырзаға ұнап қалдың, сені алам дейді дедім мен. Әй шәйға қарап жатқан жоқпыз. Тайсалмайтын кезміз.
Қыз Көбегенге тесіле қарап шықты. Аттың үстінде тұрмыз. Аттар шұлғып жер тарпиды. Анадайдабалтырлары күнге жарқырап орыс қыз келіншектер егінге кетіп барады. Қыз мүдірмей таза қазақша сөйлеп кетті. Айтқаны мынау:
-Атым Надя.Менің әке шешем жоқ. Ағамның қолында тұрам. Жасым 23 те. Малай қылмай, тең көріп, жар етем десе барам- деді, өткір екен, өзі де.
-Пай деген.
-Нағыз сөз ғой
деп отырғандар гулдесіп қалды.
-Мырзаға ұл тауып берсең ханның әйеліндей ханым боласың дедім.
Қыз одан әрі сөзге келмеді,
-Төрт күннен соң келіп алып кетіңдер, деп, жалғыз аяқ жолға түсіп кете барды.
-Қайттық деді Көбеген. Төрт күнде қайта келуіміз керек, жоралғысымен.
Сонымен тартып отырдық, ауылға. Марқакөлге. Құдайдың құдіреті ауылға таяп қалғанда қапталда әлгі жер көктен таппаған үш құнанымыз жайылып жүр, бұлар қайдан табылды, тегі жігіттер тауып алған ба деп, ауылға келдік. Келсек олар да көрмепті, өзінен-өзі табылды, жылқы, ал біз Көбегеннің іздеген жарын таптық.
Алты қанат ақ отау көтеріп дайындалдық, Төрт күннен соң қыздың кержақ ағасына қойтұяқ күміспен, отыз қара апарып, Нәдия сұлуды ұзатып алып келдік. Ақ отауға келін қып түсірдік. Жарықтық Көбегеннің бәйбішесі Шаруан кең адам еді, күндес демеді, келініндей күтті. Сыйлады.
-Ол заманның адамына сөз бар ма, шіркін, деді Байболат ақсақал.
-Қазір ғой, адамның бұзылғаны деп және бір ой тастап өтті.
Үш айдан кейін Нәдия шешелерің қасқырдың етіне жерік болды. Көбеген екеуміз қасқырдың етін үйіп тастадық. Содан міне, осы Ақтай туды. Артынан інілері Бозтай, Ырысбай, Кәрібай келді. Ақтайдың атын Шерушінің сол кездегі ең үлкені, Байтайлақ атаңның тұқымы Баймерген атаң қойып еді, Бозтайдың атын мен қойдым, ұйқастырып.
Жарықтық Нәдия осы Кәрібай сегіз-тоғызға келгенде талма ауруына шалдығып, көп ұзамай дүние салды. Алла иман берсін, деп бетін сипады.
Ал Ақтай дан бастап барлығы сол мына Шаруан апаңның бауырында өсті. Жарықтық ұлдарды қатты еркелетуші еді, беттерінен қақпады. Шетінен көкжал болдырып өсірді ғой деп, Байғыдыр шал айналасына қарап өтіп, алдындағ ықмызын жұтып, тоңазыған еттен аузына салды.
-Пай деген,
-Естімеген кеңес еді,
-Талай нәәрсені білдік , ә десіп жатты.
-Заманына сай адамы ғой, отырғандар қауқылдасып жатты.
-Қазір жастар бос деді, Баймерген ақсақал, осы Ақтай он жасында жылқы бақты, қасқырды қара тұмсықтан қамшымен тартып жібергенде сеспей қатырған.
-Еее, айта берсе сөз таусылама деді, ол оданда Төре бізді оң қабақпен қарсы алсын дейік, аттанайық, деді.
-Ал қозғалайық, балалар, аттарды әкеліңдер, деп орындарынан тұра бастады.
***********************
Аттылар тар сайды өрлеп келеді. Екі жағы қалың сыңсыған самырсын, қарағай. Жол тар, жалғыз аяқ, ат жол. Сайды өрлеп барып, мойнақ асады да, еңістеп жазыққа шығады. Әріректе еліктер жайылып жүр. Бейбіт тыныш өлке. Ақтай жолаушылардың алдында келе жатыр. Кенет торы ала құлағын тігіп, сол жаққа қапталға қарап пысқырып жіберді.Басқа аттарда одырайып, құлақ тігіп тоқтай қалды.
Нар қарағайдың ар жағында өгіздей қоңыр сарғыш аю әлденені сүйрелеп, әлде жер қазып жатыр екен. Кенет басын бұрып қарай қалды. Аралық тым жақын Есікпен төрдей. Мақұлық ашулы екен. Кішкене көздері қызарған секілді. Кенет ақырып жіберді. Алдыңғы аяқтарымен жер тарпып,бері бұрылды. Ақтай арттағыларға қолын көтерді, дыбыс шығармаңдар дегендей белгі берді, ойлануға уақыт аз, хаиуан атқа шапқалы тұр. Ақтай ерінің қасындағы сегіз өрме сегіз құлаш шылбырдан шалма құрды да, қайта ақырып бері ұмытлаған аюға тастап жіберіп, тартып қалып, тақымға бас қалды. Қайыс шылбыр мойнына бірден түсіп, көтере берген бір аяғын қоса орап, күшпен тартып қалғанда хайуанды етпетінен түсірді, ақыруға шамасын келтірмей, қырылдаған аюды, артқа қарай сүйрете жөнелді. Хайуанда қапелімде не болғанын білмей қалған секілді, есін жиғанша қылғындырып әкетіп барады. Екі артқы аяғымен құр тыпырлағаны болмаса аюдан қайрат кетті. Қуатты қол босатар емес. Ақтай атын тебіне есік пен төрдей жер сүйретіп барып тоқтады, қырылдаған дауыстан басқа ештеме сезілер емес.
Аттылар өгіздей өңкиген сары ала аюды қоршап тұр. Аю ызалан тыпырлағаны мен шылбыр буындырып барады.
-Пай хайуан ай адамға шабудан тайынар емес.
-Жазым қылады бұл. Малға шауып маза бермей жүрген жоқ па
-Өзі недеген үлкен, жеткен неме екен таңырқасты, серіктері
-Әй Мырзабай, деді, Ақтай, атшысына, қыл шылбырды әкел,
Мырзабай қара қылдан есілген шылбырды аттан түскен Ақтайға әкеп берді.Ақтай мықтап ұстап тұр деп аюдың мойындағы шалманың ұшын оған ұстатты да, өзі тыпырлап жатқан мақұлықтың қос құлағын басып, мойнына ноқталаған қыл шылбырды асықпай кигізе бастады.
-Кәрібай деді сосын, інісіне, қанжығаңды әкел-деді.
Кәрібай лып етіп ұзындығы жарты құлаш қанжығасын шешіп әкелді,
-аузын бу-деді Ақтай аюдың бір қолымен құлақтан басып, бір қолымен мұрынды қапсыра қысып отырып, аю анда санда бұлқынғаны болмаса үстін басып отырған алып адамды көтеріп тұрып кете алмады. Кәрібай аюдың аузын мықтап буды.
-Енді тілерсегін байла деді. Кәрібайда қарулы адам еді. Жүректі болатын. Аюдың артқы аяғын зілдей табанымен басып тұрды да, саспастан сермеп жатқан тірсегін қысып алып, қанжығамен байлап жіберді.
-Босатпа деді, Ақтай орнынан тұра беріп, Бұны Ажы төреге сыйға тартамыз, деп атына қарай беттеді.
-Әй өзі бір өгізге таяу екен
-Төре бұны көріп үйінен шықпай қалмасын,деді Баймерген ақсақал.
-Айдап отырайық «Аюға намаз үйреткен таяқ» жігіттердің біреуі деді.
-Әй Тәтекем жүректі ақ, ә,-десті артындағы жігіттер. -Батыл барып шалма тастап, құлақтау деген, қайдан оңай болсын.
Мойнындағы шалманы сыпырып, ноқталанған аюдың жонынан қамшымен осып-осып жібергенде мойындағы қыл бунақтан құтылу үщін бүлкектей жөнелді. Бір жағынан қылтаны қиған қайыста шыдатпай бара жатса керек. Аттыларға қарсы ұмтылғанда мойындағы арқан қыса түседі де, буындырып жібереді, ақыры екі бүйірі солқылдап,амалсыз айдауға көнді. Ауыз буулы, ақыруға да шамасы келмей қалды. Кейде тұра қап, тап бермекші болады, алайда алапат күш, арқанды тартып қап жалманынан түсіреді.
Аздан соң өгіздей мақұлық, аттылардың алдына түсіп томпаңдап жүгіріп отырды. Бейне бір қолға үйретілген жануар секілді. Аттылар күлісіп, емен-жарқын қауқылдасып, асудан асып бара жатты.
**********************
Төре ауылының үсті. Кеш батуға тақау. Қосақтан қой ағытылып жатыр. Ажы төренің ауылы биыл Бурылтоғайдың осынау көрікті өлкесіне жайлап отыр еді. Төре жанында бір екі ақсақалмен төбе үстінде әңгіме құрып отырған-ды.
Қозы жамырап, қосақтан қой ағытылп, әріекте өрістен сиыр кеп, ауыл үсті өзіеше бір қарбалас, әрі ерекше көріністе еді.
Ажы төренің ақ ордасы малды ауылдан сәл жоғарылау болатын. Айналасында қосалқы ас үйлер, отаулар, қонақ үй секілді оншақты ақ боз үй қоршай отыр. Төбе басынан тым қашық емес. Күнде кеңес құратын күл төбе төренің ақ ордасының маңдай алдында болса, асында малшыларының ауылы отыр.
Ажы төре ауыл алдындағ белден еңкейіп келе жатқан оншақты салт аттыға көзін қадай түсті. Ақсақалдар да елеңдеп қалды. Алдарында мал айлап келе ме, жалғыз қара, ит дейін десе тым ірі.
Не болса да осы ауылға әдейі келе жатқан қонақ болды. Әдейілеп ешкімді шақырған жоқ-тұғын. Сонда бұлар кімдер.
-Сарлықтың жалғыз өгізін айдап келе ме деді, Абат қария.
-Бәсе, жалғыз мал екен, айдағандары, бұлар кім болды екен, деп Ажы төре де көзін қадай түсті. Жолаушылар белестен құлдап бұлақтан өтіп келе жатты. Су жағасында тайға мініп мал қайырып жүрген балалар шауып барып, мал айдаған әлгі топппен бірге жануарды тамашаласып келеді, Аттылар бері өрледі.
Қонақтар екен. Ажы таныды. Дәл алдындағы Торыалаға мінген қаражасыл шапан, күміс белбеу, пұшпақ бөрікті Ақтай екен. Шерушілер болды ғой, Сонда жетелегені жалғыз өгіз бе?
-Ақтай ғой мынау деді, төре. Орнынан тұрып кеткенін де білмей қалды, тіпті.
Жетелегені аю екен, деді, жасынан аңшы болған жанындағы Көгенбай.
-Қайдағы аю, бұнысы деді, ақсақал. Рас аю екен. Жеткен саршулан қоңыр аю айналаға маңқия қарап тұрды.
Ақтай жетелеген аюдың шылбырын атқосшысына беріп өзі анадайдан аттан түсті. Қанша дегенмен төренің ауылы. Төре сыйлаған ел. Керей ежелден кеңқолтық, қоңырқай мінезді ел еді. Сыйлау, құрметтеу дегенді біледі, әр нәрсе өз орнымен. Серіктері де жаппай аттарынан түсті. Ақтай бастап жаяулап төбеген шығып,
-Ассалаумағалайкум, Ажы төре,
-Армысыз деп жамырай сәлем берді. Ақтай төремен төс түйістіре құшақтасып амандасты. Көктемдегі бір мәжілістен соң кездескені осы еді.
Мал-жанның , ел-жұрттың аман саулығын сұрасты. Сондай бір емен-жарқын көрісу болды.
Ақтай, шылбырды ұстап тұрған Мырзабайды шақырды,
Ол жетелеп келген аюдың шылбырын ұстап тұрып:
-Ажы төре, мынау сізге тартуымыз. Таудың тағысы жолды бөгеді, сосын сізге ноқталап әкелдім, Қанастың тоғайы мен тауының қожасы осы екен, бұны сізге бердім, сіз енді маған осы хайуан иелік етіп жүрген Қом мен Қанастың өлкесін жайлауға беріңіз, деп төтесінен бірақ қойды. Әдетте. бұйымтайды жата-жастана, сусын ішіп болған соң, айтылатын-ды.
Үлкен мәжіліспен. Ақтай бұл жолы төте салды. Өйткені реті кеп тұр еді. Ақтай задды кесек мінезі кісі болатын. Мәймөңкелеумен, сағызша созып сөйлеу, жоқтан ділмәрсіп мақал мәтелдеп, бос сөйлегенді ұнатпайтынды, ал керек жерінде тіліп түсер шешендігі, кесе айтар көсемдігі бар еді. Келіп тұрған сөзді бүкпеді. Ажы төре де талай дәмдес болған Шерушінің биінің бұл мінезіне, өткірлігіне қанық еді.
Мына сөзден бұлтарар жер қалмады, Артынан деуге келмейді, босағаға Алтайдың аюын әкеп байлап тұрған адамға қалай қалауын бермейсің. Ата баба жолы да сол.
-Қалағаның Қом мен Қанас болса, жайла, тек шегі мен шетін жайланған соң, айтып бекітейік, ақылдасып, жарадың, Көбеген баласы, деп Ажы төре сырбаз қалпын бұзбастан аюға қарады. Ақтай аюдың шылбырын төренің өз қолына ұстататты.
-Ірі ақ екен, хайуан, қалай көнген өзі-деді төре, десе де таңырқап, дәл аюды тірі жетелеп келгенді көрмеген еді.
-Қайрат қой-деді, сүйсініп, Көгенбай аңшы.
-Болды апарып байлап қойыңдар деп Ажы шылбырды Көгенбайға ұстатты.
-Босап кетпесін, байқаңдар,деді.
-Ал жүріңдер, ордаға деп өзі, Ақтайды ертіп қонақтардың алдына түсіп, ақ киіз жапқан оюлы еңселі ақ ордасына қарай беттеді.
*************************
Ертеңінде Ақтайлар аттанып кеткен соң, Ажы төре ордасына оңаша қалып, ұзақ ойға шомды.
Жарықтық әкесі Көгедай Керей билігіне жастай келген ақылды адам еді.
Төңірегін тең ұстады. «Ел деген өткір ұстара, абайламасаң өзіңді жарақаттайды» деп үнемі айтып отырушы еді. Рас екен ойлап отырса.
Жаңағы Ақтай Шерушінің биі. Ресми төрт орынның бірі болмасада бесінші орын ретінде Шеруші өзі дара. Өз ісін өзі шешеді. Жәнтекей мен Жәдік, Шеруші үшеуі бір туысады. Әкесі бір, шешелері бөлек. Шеруші Жәдік пен Жәнтекейдің ағасы. Бұл ел де өсіп келеді. Алты атадан тарайтын Шеруші бұл күнде алты рулы елге айналды. Ақтайдың беделі де ешкімнен кем емес. Ақтай бұл күнде тек Шеруші ғана емес, басқа да рулардың сөзін ұстар қорғанына айналып келеді. Кейді әділдік іздегендер өз руының биінен гөрі алдымен Ақтайға жүгінеді. Өзі де Жәдік пен Жәнтекейдің, Қарақас пен Молқының, Найманның тіпті сонау Алатаудағы Албанмен,Арқадағы Арғынмен құдандалы болып, өрісі кеңейіп келеді. Басты жиындар, келелі мәжілістер Ақтайсыз өтпейтін болып келеді. Желкілдеп ұлдары өсіп келеді. Ақтайдың алғырлығы бұған да талай жерде пайдасы тиді. Кейбір ру аралық даулар мен түрлі жанжалдарлы реттеуге Ақтай бұғанда сан рет көмектесті. Байқайды, басқаларға қарағанда Ақтай басым. Ақтайда асқақтық, күш пен қайрат, ақыл, айла бәрі бар. Ол барғанда барлық түйткіл өзінен өзі лезде шешімін тауып жатады. Сондықтан болар тек Шеруші ғана емес, Жәдік пен Жәнтекейдің , Көнсадақпен Меркіттің, Ителінің, Молқы мен Қарақастың беделд і ақсақалдары Ақтаймен үнемі бас қосып, араларында аса терең бір сыйластық орнатыпты. Міне, сол Ақтай, келіп, жайлаулық жерін алып, әне аттанып барады. Қом шын мәнісінде төренің өзінің балаларына сақтаған қонысы еді. Бермеймін дей алмады. Ақтайдың айналасының малдары сыйыспай соңғы жылдары Қобда бетіндегі урианхай төрелерінен жерді майлап алып, мал отарлатып жүргенін төре жақсы біледі. Ақтай секілді осындай асқан ақыл мен алапат күш иесіне арқа сүйемей қайда барасың, төре? деп ол өзіне сұрақ қойғандай сәл отырып, қалды да, алдындағы шарадағы сары қымызын жұтты.
Аскерхан Ақтай