Тұрмысқа шықпай босанғандар, сәбиін туа сала тастап кеткендер, жеңіл жүріске салынғандар... Бұның бәрі әйелдер. Жұрт бұларды «тәрбиесіз, арсыз» деп қаралап жатады. Нәрестесін туа сала лақтырып тастағаны үшін сотталып жатыр біреулер. Түн баласы көше кезіп, арын саудалап, нәпақа тауып жүр қаптаған жезөкшелер. Ал енді қоғамның осы тобы қайдан шықты? Қыздар күйеуге шыққанша неге арын сақтамайды? Елімізде жезөкшелер неге көп? Бұның түпкі негізі еркектермен байланысты екені көп айтылмайды. Қызды бұзған жігіт те, қарындасына ойына келгенін жасаған ағасы да «кінәлі емес». «Бәріне кінәлі қыздың өзі», «дұрыс тәрбие бермеген шешесі оңбаған».
Егер біздің жігіттер, ағаларымыз, бауырларымыз жезөкшелер үйіне бармай, барлығы жарына адал болса ше? Елімізде жезөкшелер ұяшығы жойылар еді ғой. Жеңіл жүрістілердің саны көбеймесе азаятын түрі жоқ. Мыңдап саналады. 2011 жылғы дерек бойынша Қазақстанның ІІМ-де тіркеуде тұрған жезөкшелер саны 4 мың екен. Одан бері қаншаға өсті? Бұзылған әйел санының көбеюіне еркектер кінәлі емес пе? Ұлт денсаулығының басында кім тұр дегенде «ана мен бала» деп жауап береміз.
Ал елімізде бұрын болмаған жұқпалы аурулардың (жыныстық жолмен таралатын) көбейіп кетуіне басты кінәлі харам жүрісті еркектер екені неге айтылмайды? Солар емес пе, бұзылған қатыннан жұқтырып әкеп, тап-таза әйеліне тасымалдайтын. Жұқпалы аурулардың көптеген түрлері, тіпті емделуі мүмкін еместері қаншама? Жыныстық жолмен ауру жұқтыратынын біле тұра азаматтар жезкөшеге неге құмар? Жарын, ұл-қызының болашағын неге ойламайды? Ұлт денсаулығының бір шеті ер азаматардың тән саулығымен байланысты екенін жезөкшеге құмар жігіттердің ескермейтіні өкінішті.
Дана Қамшыбек