ЖҰМЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН ЖЕР КОМИССИЯСЫ ҚАНДАЙ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАМАҚ?

/uploads/thumbnail/20170709051840191_small.jpg

Жақында Үкімет жанындағы Жер реформасы жөніндегі комиссияның да жұмысы қорытындыланады. Шілде айының соңында премьер-министрді қабылдаған Президент Н. Назарбаев оған тамыз айында Жер комиссиясының жұмысын қорытындылауды тапсырғаны есімізде.

«Тамыз айының соңында Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, ары қарайғы әрекеттерді пысықтау үшін барлық көрсетілген мәселелер бойынша шешімдер шығаруды сұраймын», - деген еді Елбасы сол жолы.

Алдағы сенбіде тоғызыншы рет бас қосатын Жер комиссиясы мамыр айынан бері жер дауындағы негізгі мәселелер бойынша бір тоқтамға келмеді. Қоғам наразылығына ұшыраған жерді Қазақстан азаматтары мен компанияларына жеке меншікке сату, шетелдіктерге және шетелдіктердің үлесі бар компанияларға жалға беруге тыйым салатын нақты ұсыныстар әлі бекітілмеді. Әзірге бір жеке, заңды тұлғаға жалға берілетін жер көлемін шектеу, жайылым жерлер ретінде елді-мекендер айналасынан бос жерлер қалдыру, Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылық жерлерін жалға алу мүмкіндігін қалдыру, шекаралық аймақтардағыы жер учаскелерін жалға беруге, сатуға тыйым салу сынды төрт мәселеде ғана комиссия мүшелерінің сөзі бір жерден шығып отыр. Ал, қалған, негізгі мәселелер әлі ашық күйінде қалды. Сегіз отырыста бір жақты етілмеген ол мәселелер ендігі уақытта оң шешім таба қояды деу қиын.

Содан болар күн сайын комиссия жұмысына күмәнмен қараушылардың күдігі қоюланып бара жатқандай. Наразылық акцияларын ұйымдастырып, белсенділік танытқан Макс Боқаев пен Талғат Аянның, астаналық Махамбет Әбжаннің үстінен қылмыстық іс қозғалуы, митинг қарсаңында бірқатар белсенділердің әкімшілік жауапкершілікке тартылуы да жер реформасына қарсы шыққандардың қарқынын бәсеңдетіп тастағаны анық.

Жер комиссиясының алғашқы отырысына қатысып, кейін оның жұмысынан бас тартқан белсенді Мақсат Ілиясұлы жер мәселесінің комиссия аясында оң шешім табатынына сенбейді.

«Енді міне, митингіден де, комиссиядан да елге, жерге пайда аздау болып тұрған сияқты. Себебі, басты мақсатымызға, яғни жерді ешкімге сатқызбауға, шетелдіктерге жалға да бергізбеуге қол жеткізе алмайтын сияқтымыз. Себебі, осы аптаның сенбісінде жер комиссиясының соңғы жиналысы өтеді деген де сыбыс бар. Ал, негізгі мәселе, жерді ешкімге сатқызбауды, шетелдіктерге жалға да бергізбеуді қамтамасыз ететін заң жобасы жасалған жоқ, жер иелерінің аты-жөні жарияланған жоқ, жердің қаншасы жеке меншікте, қаншасы сатылған, олардың бәрі кімдердің қолында, бәрі-бәрі белгісіз, сол баяғы қалпында қалып барады», - деген ол алдағы уақытта да комиссия жұмысының қандай нәтиже көрсететініне қарамастан белсенділердің бірлікте болуы керек деп санайды.

Сонымен қатар, М. Ілиясұлы Жер комиссиясының ақырғы шешімі халық қалағандай болып шықпаса, оған комиссия құрамында жерді шетелдіктерге жалға беруге, ел азаматтарына жеке меншікке сатуға қарсы батыл мәлімдемелер жасап жүрген Мұхтар Шаханов, Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Жанұзақ Әкім, Дос Көшім сынды тұлғаларды айыптаудың қажеті жоқтығын айтады.

Ал, Жер комиссиясының мүшесі, ондағы құқықтық топтың жетекшісі Мұхтар Тайжан комиссия жұмысы көптің талап етіп отырғанындай нәтиже шығармаса «әңгіме басқаша болатынын» ескертіп отыр.

«Егер Комиссияның нəтижесі шықпаса, түбі мақсаты халықты алдау болып шықса, онда əңгіме басқаша болады. Онымен келісем. Бірақ, мейірімді жолмен нəтижеге жету үшін аяғына дейін бар күшімізді салу керек. Біз өзімізді алдап соғуға жол бермейміз. Оған халық та жібермейді», - деп жазады Мұхтар Тайжан.

Саясаткер бұған дейін де жер мәселесі оң шешім таппаса, көктемдегі наразылық шаралары күз айларында да қайталануы мүмкін екенін ескерткен еді. Әлеуметтік желілерде, БАҚ-та басқа да саясаткерлер, белсенділер, журналистер жердің шетелідктерге жалға берілуіне, ел азаматтарына жеке меншікке сатылуына наразылық білдіруде.   

Сонымен, әзірге комиссия ішіндегі де, одан тысқары да жерге араша сұрап жүрген азаматтар өздерінің бастапқы ұстанымдарынан қайтпағанын көреміз. Үкіметтің Жер реформасын ашық қолдағандар да райынан қайта қойды деп айта алмаймыз. Тіпті, «Жер – киеміз! Оған біз иеміз!» деп жүрген біраз ұраншыл депутаттар мен академиктердің де сындарлы сәтте билікті қолдап кетпейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Оның үстіне, Президент қолданылуына мораторий жариялаған Жер кодексін сол қалпында елге түсіндірумен айналысып жүрген кейбір топтардың әрекеті де күмән туғызады. Сол «түсіндіру» жұмыстарына қарап, ол азаматтар не Президент Жарлығын, сол Жарлық негізінде Жер кодексіне мораторий жариялау туралы қабылданған заңды мойындамайды, не жерді кімге сатып, кімге жалға беру мәселесі ендігісі шешіліп қойған деген де ойға қалатыныңыз анық.

Ал, енді сөз басында айтылғандай жұмысы аяқталуға жақын қалған Жер комиссиясына тоқталсақ. Оның жұмыс нәтижесі қандай болады? Заңнамаға тікелей өзгерістер дайындап, Парламентке ұсына ма, жоқ әлде, ол өзгерістерді Үкімет өзі жасай ма деген ұйымдастырушылық мәселелерінен бұрын ақырғы шешімнің қандай мазмұнда болатыны көпті толғандырып отыр. Жерді жеке меншікке сату, шетелге жалға беру деген негізгі екі мәселеге қатысты қандай қорытынды жасалады? Міне, маңыздысы – осы.

Біз өз тарапымыздан осы уақытқа дейін комиссия отырысында саясаткерлер, аграрлық сала мамандары, ғалымдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Нұр Отан» партиясы өкілдері, т.б., ұйымдар жасаған мәлімдемелер мен ұсыныстарды саралай келе комиссия жұмысының нәтижесіне төмендегідей болжам жасап көрдік. Ал, М. Шаханов, Ж. Әкім, А. Сарым, А. Күрішбаев, М. Тайжан, Д. Көшім сынды бірен-саран комиссия мүшесінің ашық наразылық білдіргені болмаса, ондағылардың дені экономиканы, ауылшаруашылығын көтерудің, инвестиция тартудың бірден-бір жолы жерді шетелдіктерге жалға беру, Қазақстан азаматтарына жеке меншікке сату деп отыр. Сонымен, төрағалығы Ауыл шаруашылығы министрі, вице-премьер Асқар Мырзахметовке өткен Жер комиссиясы төмендегідей ұсыныстар жасаумен шектелуі мүмкін:

-  Жерді Қазақстан Республикасы азаматтарына 49 жылға жалға беру мүмкіндігі қалдырылсын;

-  Шекаралық аймақтардағы шекарадан белгілі бір қашықтықтағы ауыл шаруашылық жерлері сатылмасын, жалға берілмесін;

-  Ауылдар мен басқа да елді-мекендердің айналасында белгілі-бір радиустағы жерлер ешкімге сатылмасын, жалға берілмесін, сол елді-мекен тұрғындарына мал жаю үшін пайдалану мүмкіндігі берілсін;

- Бір жеке, заңды тұлғаға жалға берілетін, сатылатын ауылшаруашылық жер көлемінің шекті мөлшері бекітілсін;

- Жер иеленушілер мен пайдаланушылар туралы мәліметтердің ашықтығы мен қол жетімділігі қамтамасыз етілсін;

- Белгіленген шекті мөлшер көлемінде ҚР азаматтарына ауылшаруашылық жерлерін жеке меншікке сатуға рұқсат етілсін;

- Шет ел азаматтары мен шетелдік жеке, заңды тұлғалардың үлесі бар компанияларға 15 жыл мерзімге ауылшаруашылық жерлерін шекті мөлшерін сақтай отырып жалға беруге рұқсат етілсін.  

Қанша қаламасақ та комиссиядағы және одан тыс алаңдағы ұсыныс, пікірлерді салмақтай келе осындай болжам жасауға мәжбүрміз. Бірақ, комиссия мұндай қадам жасауы ақырғы шешім деп айтуға және болмайды. Өйткені, Елбасы айтқандай, «Халыққа ұнамайтын заңның мемлекетке де қажеті жоқ».Комиссияның ақырғы шешімі антихалықтық сипат алса, тіпті, экономикалық-әлеуметтік қиын жағдайда елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың шиеленісіп кетуіне де апарып соғуы мүмкін. Сондықтан, жыл соңына дейін жарияланған президенттік мораторийдің мерзімін ұзарту туралы нұсқа да қаперде болғаны жөн.

Дархан Мұқантегі

 

Связанные Статьи