Алматы облысындағы Бәйдібек би ауылының тұрғындары күйдіргі көмілген аймақта күн кешуде (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709051854613_small.jpg

Алматы облысында бүтіндей бір ауыл Сібір жарасы көмілген жердің дәл іргесінде отыр. Мұндағы 50 шақты шаңыраққа кезінде жергілікті билік құжаттарын түгел заңдастырып берген екен. Бірақ қауіпті кеселдің көмілгені туралы ешкімге айтылмапты. Жұрт әбден орнығып алған кезде ол жердің аса қауіпті екені анықталған. Енді жергілікті әкімдік тұрғындарға бұл маңайдан көшу керектігін айтып отыр. Ал ауылдықтардың басқа барар жер, басар тауы жоқ, - деп хабарлайды Qamshy.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Бәйдібек би ауылы тұрғындарының соңғы күндері тынышы қашқан. Өйткені, «Сібір жарасы» көмілген жердің кесірінен жергілікті әкімдік енді орныға бастаған ауылдықтарға көшу туралы әңгіме қозғапты. Қауіпті аумақ екенін ескертетін мына тақта мен қоршау 2012 жылы орнатылған екен. Бірақ әкімдік өкілдері арада төрт жыл өткенде барып тұрғындарды көшіру туралы ойлана қалыпты.

Нұргелді Қожа, Бәйдібек би ауылының тұрғыны:

-Өкімет үй салуға болады деп, тиісті құжаттарымен жасап берген. Бәріміз үйді салдық. Енді биыл кеп, мына жерде «Сібір жарасы» деген ауру бар, бұл жерге отыруға болмайды, сендер көшесіңдер дейді.

Бірақ соңғы тиынын санап жүріп үй тұрғызған кісілердің бұл жерден кеткісі жоқ. 

Дүйсен Шәкен, Бәйдібек би ауылының тұрғыны:

-Сонша ақшамызды сарып қып, ішпей-жемей, бала-шағамыздың киімін де кигізбей осы үйлерді әрең салып болғанбыз. Енді біздің барар жеріміз, басар тауымыз жоқ. Ешқайда бармаймыз, осы жерде отырамыз.

Қауіпті аумақ туралы ескерту тақтасы Бекболаттың үйінің дәл іргесінде тұр. Таңертең ұйқыдан оянған сайын терезеден жасыл дала емес, қорқынышты жазуы бар мына тақта шыға келеді. Содан бері бала-шағасын далада ойнатудан қорқатын болған.

-Жергілікті әкімдіктің аса қауіпті деп таныған аумағын қазіргі таңда мынадай құр қаңылтыр ғана қалқалап тұр. Арагідік болатын дауылдан оның кейбір жері тіпті қирап жатыр. Дегенмен, тұрғындар үшін ең қорқыныштысы бұл қоршалған аумақ емес. Соның ішінде көзге түрпідей тиетін «Сібір жарасы» деген жазу ғана.

Мұндағы 53 жер телімі адамдарға 2007-2008 жылдары беріліпті. Бірақ ол кезде аты өшкір ауру туралы ешкім білмеген екен. Ал 4-5 жылдан кейін мұрағат ақтарылып, ол жерде сібір жарасымен ауырған мал көмілгені анықталған. Алайда ауыл әкімі ешкімді күштеп көшірмейміз деп ант-су ішіп отыр. 

Ержан Әмірденов, Бәйдібек би ауылдық аймағының әкімі:

- Дайындап алғаннан кейін сондай ұсыныс жасаймыз. Ал көше ме, көшпей ме, сол жерде тұра ма, оны өзі біледі, әр адамның. Ешкімді ол жерден күштеп көшірейін деп жатқан жоқпыз.

Тиісті мекемелер де ауыз су мен топырақ-шөбіне дейін сынамалар жүргізіп, қоршалған аумақтың маңайындағы елге еш зияны жоқ деген қорытынды жасапты. Тек қаңылтыр қоршау әлсіз болғандықтан, қыркүйектің соңына дейін жаңадан мықты материалдармен қайта қоршалатын болыпты.

Связанные Статьи