Әр мұсылман ұл баласын сүндетке отырғызып, баланың алғашқы тойын жасайды. Бұл қуанышқа алыс-жақын, үлкен-кішінің бәрі ортақтасады.
Алпысты алқымдаған Гүлжан бес қызды тәрбиелеп өсірген. Енесі соғыс кезінде «ұл таппасаң да мейлі, еркек кіндіктінің бәрі соғысқа кететін болса, қыздарымыз көз алдымызда жүр ғой» деп ұлды болмағанына аса мән бермепті.
Бейбітшілік заман орнап, бес қызы қияға қонғанда ана сүтімен дарып, ортаншы қызы Мария отауына барғалы қыздата беріпті.
Баяғының адамдары жоқ қазір, жетінші қызын өмірге әкелгенде Марияның күйеуі «енді ұл таппасаң, кетемін» деген әңгіменің шетін шығара бастайды. Жанын шүберекке түйген келіншек жеті қызбен қайда сыймақпын деп, мазасыз күндерді басынан өткеріп жатады.
Анасы Гүлжан қызына қыдырып келгенде күйеу баласы мен қызының арасындағы әңгімеге қанық болады. Сонда «қызым, марқұм енем айтып отырушы еді. Ұл таппаған әйел сүндеттелген баланың сақталған «мүшесін» езіп жесе, ұл табады деп. Көненің көзін көрген ғой әжең. Осы ырымды жасап көрсеңші» деп ақыл айтып кетеді.
Марияның ойынан анасының осы бір әңгімесі еш кетпей-ақ қойды. Ұл тапқан әйелдерден керегін сұрап та жүрді.
Бір күні көрші ауылға барып қалып, осындай әңгімеге куә болды. Ол ауылдың әйелдері де «ұл таппаған әйелге сүндеттелген баланың сақталған күпегін беру туралы айтып жатты. «Үш ұлымдыкі де сандықтың түбінде сақтаулы. Енеміз сақта деген соң қоя салғам. Әйтпесе, сол ырымның растығына онша илана бермеймін» деді әдеміше келген бір келіншек.
«Көкешім, үшеуін де маған берші. Мен сенем. Берші» деп өтінді Мария. Жүгіре басып үйінен алып шыққан келіншектің «мұны ұнтақтау керек шығар» дегеніне қарамастан «мен осылай-ақ жей беремін» деп ауызға алып ұрды.
Көптен сақталған тері қатты болып, келіншектің өңешін жыртып жібере жаздаған. Апталап ас-су іше алмай, өңеші ауырып та жүрді.
Кеше анам көшеде Гүлжан апайды көріпті. Мария қызынан турған немересі Айсұлтанды қырқынан шығаруға асығып барады екен. Көзі қуаныштан бал-бұл жайнайды дейді.
P.S. Бұл жәй ғана ырым болуы мүмкін. Дегенмен Құдай әйел адам соған сеніп, жеген ниетіне берген де шығар. Қазақтың әр ырымының өз астары бары анық.
Индира Қуат