Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік сатып алуларды өткізу мерзімі ұзарған кезде мемлекеттік бағдарламалар аясындағы көптеген жұмыстар кеш орындалып жатады. Осыған байланысты мемлекетті сатып алулар жүйесін барынша жетілдіру керек. Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева осы салада көрші Ресей Федерациясының тәжірибесін қолдануды ұсынды, - деп хабарлайды Qamshy.kz Baq.kz – ке сілтеме жасап.
«Бүгінде мемлекеттік сатып алулар мәселесі өзекті болып тұр. Әсіресе, мемлекетік сатып алуларды өткізу мерзімін кешіктірген кезде тиісті жұмыстар тұралап жатады. Бұл – жыл сайын қайталана беретін мәселе. Біз оны ылғи талқылап жатамыз. Осыған байланысты бір ұсыныс бар. Қазіргі кезде регламент пен процедураны қайта қарап шығу қажет. Мемлекеттік сатып алуларды өткізудің нақты мерзімін енгізу керек. Сосын конкурстық шаралар жағынан қиындық болып жатса да, жұмыстар тоқтатылмауы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларға жауаты әкімшілердің жеке жауапкершілігін енгізген жөн»,-деді Д.Назарбаева Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінетін қаржыны игеру бойынша көрші Ресей Федерациясының тәжірибесін зерделеп шығу қажет. Себебі ол жағынан ресейліктер біршама алға кетіп қалды.
«Оларда мемлекеттік тапсырыс бойынша жеңімпаз атанған кәсіпорынның банк есеп-шоты ашылады. Соған ақша аударылады. Бірақ оны тек тапсырыс берушінің рұқсатын алғаннан кейін ғана жұмсауға болады. Осының арқасында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылап отыруға мүмкіндік бар»,-дейді Үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қыруар қаражатты уақытында игеру мәселесі қаралды. Бүгінде жергілікті жерде ақшаны игеру бойынша конкурстық жұмыстар баяу өткізілетіндіктен, баспана салу, инфрақұрылым тарту, мектеп пен балабақшаларды тұрғызу жұмыстары кеш атқарылады. Әкімдер қыркүйектің 1-іне дейін осы мәселені шешуге уәде берді.