Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік сатып алу шеңберінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қажеттілігіне бөлінген бюджеттік қаржыны ұрлаумен айналысқан ірі қылмыстық топтың іс-қимылын анықтап, жолын кесті, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жедел-іздеу іс-шаралары барысында ҚР ҚК Материалды-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасы бастығының орынбасары подполковник Т. Жумказиевтің Қорғаныс министрлігі мен Қаржы министрлігінің лауазымды тұлғалары және бірнеше өзара үлестес коммерциялық құрылым басшылары тартылған сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырғандығы анықталды", - деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.
Қорғаныс ведомствосының конкурстық комиссиясының төрағасы болған Т. Жумказиев аталған кәсіпкерлер мүдделеріне ықпалдастық еткен, өзінің заңға қайшы әрекеттерін жасыру үшін Қорғаныс министрлігі мен Қаржы министрліктері органдарын бақылаушы лауазымды тұлғалардың мүмкіндіктерін қолданған.
8 тамызда подполковник Т. Жумказиевті 20 млн. теңге пара алып жатқан жерінде ҰҚК Әскери қарсы барлау департаментінің қызметкерлері ұстаған.

Қозғалған қылмыстық іс шеңберінде қорғаныс және қаржы министрліктерінің барлығы 5 лауазымды тұлғасы, 4 ЖШС басшысы ұсталыпты. Олардан едәуір көлемде отандық және шетелдік валюта тәркіленген.
Аталған қылмыстық схемаға бірталай өзге де мемлекеттік органдар лауазымды тұлғаларының және коммерциялық кәсіпорындардың қатыстылығы тексерілуде.
Жедел-тексеру іс-шаралары жалғасуда, олардың нәтижелері қосымша хабарланатын болады.