Заң күшейеді деген сайын, қайыршылар көбейіп барады. Арам кәсіптен олардың балалары арланбайтын болған. Әсіресе, жұма күндері алақан жайған үлкен-кішіден аяқ алып жүре алмайсың. Көшеде де қол-аяғы бүтін ер мен бала құшақтаған әйел де, кемпір де, шал да ұялмай тұра береді. Олардың мешітке кіргізбеуге имамдардың хақысы жоқ. Ал, тәртіп сақшылары қайыршылармен күресуге құлықсыз көрінеді.
Біздің қоғамда қайыршылық мұқтаждық емес, бизнестің бір түріне айналған. Күн ұзаққа бейшараның күйіне еніп, кешкісін қоларбасынан түсіп, тасаға тығып қойған қымбат көлігіне мініп үйіне қайтқан қайыршының талайын көргенбіз. Садақа сұрап жүргендердің қолынан жетектеп, адал жұмыс ұсынып та көрген кезіміз болған. «50-60 мың теңге айлық үшін ай бойы жұмыс істейміз бе? Ондай ақшаны екі-ақ күнде табамыз ғой» - дейді, олар. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген осы.
«Байдың асын – байғұс қызғанады» деуші еді. Керісінше, байғұстың асын бай қызғанып қызық боп жатыр, қазір. «Имамдар барған жерлерінен құр қайтпайды» дегендейін әңгіме әлеуметтік желі бетінде желдей есіп тұр. Сәлде оранғанның бәрі имам емес, түкпірлерде әлі күнге жүрген ауыл молдасы болуы әбден мүмкін. Осы тұста айта кетейік, мәселен, ас беріп жатқан үйдің егесі немесе неке қидырған жас жұбайлар өз ризашылықтарымен имамдарды қандай сыйға бөлесе де айыбы жоқ. Ол атам заманнан келе жатқан алғыс білдірудің жоралғысы. «Оң қолыммен бергенді сол қолым көрмесін» дейтін мәрт халық емеспіз бе? Ендеше, сол бір бес-алты кәмпит, екі күлшені сөз етіп не керек? Садақа сауабы ешқашан үзілмейтін амал, ал оны жария ету, мақтану, кері қайтарып алу – екі дүниеде де сауапсыз қалдырады. Сау күнінде берген садақасын қасақана бұлдағаны үшін, ақыретте әркімнің өзіне қайтарылып, сауабы жойылады екен.
Тәуіп, бақсы, балгерден ақшасын аямайтын, кейбір жұрт имамдардың несібесін күндемей-ақ қойса екен. Ашығын айтайық, жаназа шығаруға арнайы ақы талап етілмейді. Ол рәсімді атқарған имамға немесе мешіт қызметкеріне үй егесі ақысын берем десе де, бермесе де өз еркінде. Шалғай ауылдағылардың шариғи тірліктері «байырғы» молдаларға тәуелді болып тұр. Олардың саудаласатынын ешкім жоққа шығармайды. Сорақылығы сол, қанағатсыз молдалардың жаманаты имамдарға да тиюде. Жалпы молда мен имамның арасын ажырататын уақыт жетті ғой.
Ел аузында «құр қолға бата жүрмейді» деген бар. Бұл сөздің төркінін әріден іздесек, оқылған Құран, салынған демге шариғат ақысын белгілеген боп шықты. Мәселен, Құран хатымның ақысы – бір қозылы қой, ал қарақұрт немесе жылан шаққанда салынған демнің ақысы – бір қой немесе сол төлдің ақшасымен есептеледі екен. Пайғамбарымыздың с.а.у кезінде 6666 аятты оқып, Құранды хатым еткені үшін имамдарға еңбекақысы осылайша төленген. Тура сол сияқты улы жәндіктер шаққанға дем салғанға да ақы бекітілген. Демек, даурығатындай дәнеңесі де жоқ.
Ел ішінде бір тананың құнына «түкіретін» неше түрлі тәуіптер бар. Олардың арабша да емес, басқаша тілде шүлдірлегені Құран оқығаны емес. Тәуіпке барып тәуір болмай, ажалынан бұрын аттанып жатқандарды да естіп жүрміз. Сондайларға алданбай, одан да Рахманның Нұры жауған мешітке барып Құраннан шын шипа тапсақ игі еді. Пайғамбарымыз с.а.с мүгедектің шын мүгедек екеніне көз жеткізбей берген садақаның қайыры жоқтығын айтқан екен. Өз туысың, одан қалса жақындағы көршің қиналып жатқанда, көшедегі біреуге берген садақа да сауапсыз. Ал, біз өтірік ақсаңдап, қайқаңдап кете баратындарды садақамен жарылқағышпыз, әйтеуір. Одан мешітке ерінбей апарып берсек, екі есе сауапқа кенеліп қайтар ек. «Садақа барлық бәленің бетін қайтарады» деген. Садақа – барлық бақыттың, жақсылықтың, байлықтың бір кілті.
Садақа мен зекет кімдерге және қандай жағдайда беріледі: 1) Үй-жайы бар, бірақ күн көрісі төмен отбасыларға; 2) Ішерге ас, киерге киім, баспанасы жоқ міскіндерге; 3) Зекет-садақаны жинайтын имамдарға не көмекшілеріне; 4) Ислам дініне жаңадан келген адамдарға, мұсылмандардың мейірімділігін көрсету үшін; 5) Қарызданып қалған адамдарға; 6) Алланың жолындағыларға, яки, дін қызметіндегілерге, медресе шәкірттеріне, қажылыққа барғысы келетін, бірақ шамасы жетпейтіндерге. Зекет – парыз, садақа - әркім өз ықтиярымен беретін ақша.
Келешекте мешіттердегі садақа жәшіктерін арнайы терминалдар алмастыруы мүмкін. Әнебір жылдары 8 терминал алынған еді. Сол кезде-ақ бұзылып қалды. Біреудің «құдайыға» атап бергенін әлдекімдердің санамалағаны Құдайға да ұнай қоймасы анық қой. Ол садақа-терминалдарының әрқайсысы кемінде бір миллион теңгедей тұрады. Елімізде 2700 мешіт болса, есебіне жетіп көріңіз. Ал, жәшіктері қаңырап бос тұратын елді-мекендердегі мешітерден бір терминалдың құнын елу жылда да өндіре алмас. Ол ол ма, садақа-терминалдары екі күннің бірінде істен шығады. Бұзылған терминалды жөндеп, күтіп-баптайтын адамға ай сайын екі жүз мың теңге айлық төлеу керек екен. Екі жүз мың тұрмақ, елу мың теңге еңбекақы алмайтын имамдардың оларды жалдауға жағдайы жоқ . Қысқасы, садақа-терминалдары бюджетке шаш етектен шығын болғалы тұр.
Садақа риясыз ризашылықпен берілетін болғандықтан садақа-терминалдарын орнатуды жұртышылық жаппай қолдап жатқан жоқ. Дін істері Комитетіндегілердің халықтың берген садақасына неге сұқтана береді, осы? Одан да дәстүрлі дінімізге қамқор боп, оған қызмет етіп жүрген мешіт мамандарына мемлекет есебінен еңбекақы тағайындаудың тетіктерін қарастырғаны құптарлық. Бәрін айт та, бірін айт онсыз да «біртүрлі» Комитеттің Спорт және мәдениет Министрлігіне кіріккені қисынсыз болды. Құдды бір мешіттің жанында орналасқан мейрамхана іспетті елестейді екен. Тілінен қағынып төбе көрсетіп қоя беретін министрі бар, дініміздің ендігі халі дұрыс болса екен, әйтеуір.
PS: Баяғыда имамдыққа бай, діннен білімі бар кісілерді тағайындаған екен. Өйткені дүнәуи тірлікке алаңдамай, тек дінге қызмет етуі керек. Ал, біздің имамдар бай емес. Тағы да сол еңбекақы мәселесі. Олар да адам баласы. Оларда да отбасы бар. «Дүние – иман мен дұғамен тұр. Әйтпесе ол құлап қалады» деген бар. Бәріміз үшін, еліміз бен жеріміз үшін, ынтымақ, береке-бірлік үшін бес уақыт намазда дұға етіп отыратын имамдардан титтей жақсылықтың несін аяймыз. Мешіттерді мемлекет жөндеп жатқан жоқ. Демеушілердің көмегі тиіп жатыр. Ал, садақадан түсетін ақша, коммуналдық төлемдерден артылса жақсы. Жомарттар жәннатқа ғалымдардан бұрын кіреді екен. Өйткені олар зекет пен садақалары арқылы ғалымдардың, ғұламалардың, дінбасылардың, имамдардың дінге алаңсыз қызмет етулеріне жағдай жасады. Ол жомарт жандар – сіздер! Баршаңыздың садақа-зекеттеріңіз қабыл болсын!
Мөлдір Нұрман