ҰҚК жемқорлық дауына байланысты Қорғаныс министрлігінде ауқымды тексеріс жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Қорғаныс министрлігінде ірі жемқорлық дауы. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қорғанысқа бөлінген бюджет қаржысын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Арнайы қызмет министрліктің материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасы бастығының орынбасары Т. Жұмқазиевтің қолына кісен салған.
Құзырлы органдағы мәлімет бойынша, подполковник мемлекетттік тендерді майшелпекке айналдырған. Ол конкурстық комиссияның төрағасы болып, кәсіпкерлермен ауыз жаласыпты. Яғни қорғаныс министрлігіне керекті қару-жарақ сияқты техниканы сатып алуға бөлінген қазына қаржысын сыбайластарымен бірігіп жеген. Бұл ойын жүзеге асыру үшін Қорғаныс пен Қаржы министрлігіндегі шенділерді қылмыстық ісіне қосқан. Тіпті 8 тамызда подполковник Т. Жұмқазиев 20 миллион теңге пара алып жатқан сәтінде құрықталған. Онымен бірге Қорғаныс министрлігінің 5 лауазымды қызметкері мен 4 бизнесменнің қолына кісен салыныпты.
ҰҚК баспасөз қызметі бүгін қорғаныс министрлігінде қаржы жымқырудың құпия схемасы әшкере болғанын хабарлады. Шулы іс осы тұтқындаулармен шектеле ме, әлде лауазымды басқа да шенділер күдікке іліне ме ол жағы әзірге белгісіз.
Ал, аталған тұтқындауларға қатысты пікір білдірген Қорғаныс министрлігі өткен жылдың қараша айында министрлік пен Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттік, Ішкі істер министрлігі арасында жемқорлықпен күрес жөніндегі меморандум жасалғанын, ведомство басшылығы қазына қаражатын тонаушылармен аяусыз күрес жүргізуге мүдделі екендігін жариялады.