Матаев ісі: «Қазақтелеком» өкілі тендерде жіберілген кемшіліктерді айтып берді

/uploads/thumbnail/20170709060624189_small.JPEG

Бүгін Астанадағы №2 Есіл аудандық сотында Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігінің бас директоры Әсет Матаевтардың қылмыстық ісі бойынша соттың істі қарауы жалғасты. Айыпталушыларға «алаяқтық жасады және салықтан жалтарды» деген айыптар тағылып отыр. «Қазақтелеком» АҚ-на қатысты бірінші эпизод бойынша сотқа жауап берген «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма мүшесі, стратегиялық басқару жөніндегі бас директоры Батыр Маханбетажиев С. Матаевтың журналистер арасында беделді және ықпалды адам болғандықтан оның адалдығына сеніп қалғанын мәлімдеді.

Б. Маханбетажиев сотқа дейінгі тергеуге берген түсінігінде 2011 жылға дейін С. Матаевпен таныс болмағанын, бірақ бір-бірін сырттай білгенін айтыпты. 2011 жылдың басында С. Матаев оған хабарласып, өзі басшылық ететін «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігіне тендерде түзу ниетпен қарауға өтініш жасайды. «Әңгіме барысында ол 2007 жылдан бері «Қазақтелекомның» қызметі туралы материалдарды БАҚ-да жариялап келе жатқанын, сол уақыттан бері ешқандай да мәселе туындамағанын айтты. Мен бұған дейін С. Матаевты сырттай танитынмын. Жоғары лауазымды қызметтерді атқарғанын, оның журналистер арасында аса беделді және ықпалды адам екенін де білетінмін. Сол себептен өтінішіне құлақ астым. С. Матаевқа тендер кезінде жан-жақты көмек көрсетуге, атқарылған жұмыстар туралы актіге қол қоюға, дер кезінде ақша төлеуге және басқа мәселелерді шешуге уәде бердім» деді ол сотқа берген түсінігінде.

Кейінірек, «Қазақтелеком» АҚ-ның бұқарамен байланыс жөніндегі қызметінің жетекшісі Юлия Исаковаға тендер өткізу кезінде кез-келген әдіспен «Ұлттық баспасөз клубының» жеңісін қамтамасыз етуге көмектесуді тапсырады. 2011 жылдың көктемінде «Қазақтелеком» АҚ-ы жарнамалық-ақпараттық материалдарды орналастыру бойынша қызмет түрлерін сатып алуға тендер өткізеді. Алайда тендер өткізілмеген болып есептеледі. Содан кейін компания «бір көзден» қаржыландыру үшін «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігімен келісім-шарт жасауға шешім қабылдайды. Келісім-шарттарды әзірлеу кезінде (соның ішінде қызмет түрлерінің құны да бар) ол Ю. Исаковаға баспа БАҚ-тардың прайс-парақшасында бекітілген бағаны емес, «Ұлттық баспасөз клубы» ҚБ-нің конкурстық өтінімінің бағасын енгізуді тапсырады. Ю. Исакова өз кезегінде келісім-шартты солай дайындауға менеджерлерге тапсырма береді.

Стратегиялық басқару жөніндегі бас директордың пәрменімен, Ю. Исакованың жетекшілігімен менеджерлер «Ұлттық баспасөз клубына» жан-жақты «жәрдем» береді. Мәселен, олар «Ұлттық баспасөз клубы» конкурстық өтінімін ресми түрде тапсырғанға дейін, алдын-ала қарап, кемшілігі болған жағдайда оны қалай түзету жолдарын нұсқап отырған. Ал Б. Маханбетажиев атқарылған жұмыстарды тексермей, «Ұлттық баспасөз клубы» ҚБ-нің актілері мен есеп-қисап құжаттарына іс жүзінде ешқандай тексеріс жүргізбей, қол қоя берген. Өзінің айтуынша, журналистердің арасында аса танымал және ықпалды адам болғандықтан С. Матаевтың адалдығына сенген. Айтарлығы, «Қазақтелеком» АҚ-ы мен «Ұлттық баспасөз клубының» арасында жоғарыдағыдай келісім-шарттарды жасау 2012 және 2013 жылдары да жүзеге асырылған. Онда да тендерлік рәсімдер «жасанды» жолмен өткізіліп, соңынан «Ұлттық баспасөз клубына» «бір көзден» қаражат аударылып отырған. Б. Маханбетажиев пен Ю. Исаковалар атқарылған жұмыстардың шынайылығын тексермей, актілер мен есеп-қисап құжаттарына қол қойған. Содан кейін қомақты қаражат «Ұлттық баспасөз клубының» есеп-шотына аудырылып отырған. Айта кетелік, Сейітқазы және Әсет Матаевтар «Қазақтелеком» АҚ-ның 143 млн. теңгеге жуық ақшасын ұрлаған.

Әмірлан Әлімжан    

Связанные Статьи