Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Владимир Жұмақанов Алматы облысында лаңкестік жасамақ болды деген күдікпен тұтқындалған төрт азаматтың да салафизм ағымын ұстанушылар екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Ол бұл туралы Астанада өтіп жатқан конференция кезінде айтқан.
«Төрт адам ұсталды. Біреуі – Қырғызстан азаматы. «Лаңкестік ұйым қызметіне қатысу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір олар қамауға алынды, тергеу әрекеттері жүріп жатыр (...). Олар салафизм идеологиялық ағымын ұстанады», - деген В. Жұмақанов.
Бұдан бөлек, ҰҚК басшысы жекелеген діни ағымдар қызметіне тыйым салу жөніндегі ойларын да білдірген.
«Бұл мәселе қарастырылып жатыр. Жақтаушылар да, қарсы шығушылар да бар. Өйткені, идеологияға тыйым салу қиын іс. Бірақ, тыйым салуға болады. Байқасаңыздар, 2011 жылдан бері бізде болған барлық оқиғалар белгілі бір деңгейде осы идеологиямен байланысты болып отыр. Сондықтан, осындай ұсыныс айтылуда. Жақын уақытта ол ұсыныстар ең жоғары деңгейде қарастырылады деп ойлаймын (...). Бұл не дегенмен билік пен қоғамның мәселесі. Сондықтан, көре жатармыз. Көп күттірмей қаралатын болады. Жақын уақытта осы мәселе Мемлекет басшысы деңгейінде, Қауіпсіздік кеңесінде қаралады деп ойлаймын, сондықтан, болашақта бұл мәселенің барлығы шешімін табады», - деген ҰҚК басшысы.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Алматы облысының аумағында лаңкестік әрекет жасамақ болды деген күдікпен төрт азамат ұсталған болатын.