Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада Қырғыз Республикасына жұмыс сапарымен барып, Бiшкекте өткен Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерi басшылары кеңесiнiң отырысына қатысты.
Бұл iс-шараға сондай-ақ, Әзiрбайжан Республикасының Президентi И.Әлиев, Армения Республикасының Президентi С.Саргсян, Беларусь Республикасының Президентi А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президентi А.Атамбаев, Ресей Федерациясының Президентi В.Путин, Тәжiкстан Республикасының Президентi Э.Рахмон қатысты.
Қазақстан Президентi отырыс Достастықтың құрылуының мерейтойы жылында өтiп отырғанын айтты.
– 1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы арқылы негiзi қаланған Тәуелсiз мемлекеттер достастығы бүгiнде елдерiмiздi жақындастыра түсетiн бiрегей алаң болып қала бередi. Бiздiң Достастық жұмысын жалғастырып және болашаққа деген жоспарларды iске асыра отырып, өзiнiң өмiршеңдiгiн, тиiмдiлiгiн және перспективалылығын дәлелдедi. Сондай-ақ, Достастықтың тәжiрибесi ЕАЭО және ШЫҰ тәрiздi интеграциялық ұйымдарға да септiгiн тигiздi. Осылайша, Алматыда 1991 жылы 21 желтоқсанда ТМД-ның құрылуы зор тарихи мәнге ие болды. Менiң бастамам бойынша бүгiн бiз ТМД-ның 25 жылдығы жөнiнде мәлiмдеме қабылдап отырмыз. Ол бағдарды айқындап, алдымызға жаңа мiндеттер қояды, – дедi Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бiрге Мемлекет басшысы жақында өткен G-20 саммитiнде әлемдiк экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшiн экономикалық саясатты үйлестiру туралы уағдаластыққа қол жеткiзiлгенiн атап өттi.
– Саммитте дамудың ескiрген моделiн алмастыру және жаһандық индустриялық революциядан соң келген жаңа сандық экономикаға көшу мәселелерi талқыланды. Бұл – энергияның жаңа түрiне, валютаның жаңа санатына және қоғамдық қарым-қатынастың жаңа формаларына негiзделген қоғамдық өндiрiстiң жаңа тәсiлiн табу мен игере бастаудың нышаны. Жаңа проблемалар алдында ТМД аясында бiзге де тығыз өзара iс-қимыл жасап, бiрлескен жобаларды жандандыру қажет, – дедi Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президентi Достастықтың қазiр 2008 жылы қабылданған экономикалық даму стратегиясын iске асырудың үшiншi кезеңiне көшкенiне назар аударды.
– Қазiргi уақытта әлемдiк экономикадағы жағдай айтарлықтай өзгердi. Сондықтан Қазақстан Достастық елдерiнiң экономикалық дамуына серпiн беруге арналған шаралар жиынтығын жандандыра түсудi ұсынды, – дедi Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президентi ТМД елдерiн дамытудағы көлiк-транзит әлеуетiн тиiмдi пайдаланудың маңызды рөлiн атап өттi.
– Кей жағдайда ауқымды көлiк-транзиттiк жобаларды iске асыруда елдер арасында бiр-бiрiн қайталау кездесiп қалады, өзара келiсудiң жетiспейтiндiгi байқалады. Осыған байланысты, бұл саладағы саясатымызды үйлестiру қажет. Бұл жобаларымыздың тиiмдiлiгiн едәуiр арттыруға мүмкiндiк бередi, – дедi Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бiрге, Елбасы өткен жолғы кездесуде ТМД-ны заманауи жағдайға бейiмдеу қажеттiгi жөнiндегi уағдаластыққа қол жеткiзiлгенiн кеңеске қатысушылардың есiне салды.
– Тараптардың белсендi өзара iс-қимылы арқасында Достастықтың тиiмдiлiгiн арттыратын нақты шаралар әзiрлендi. ТМД қызметiн жетiлдiрiп, оның функционалдық икемдiлiгiне қол жеткiзу үшiн тұрақты түрде жұмыс жүргiзiп отыру қажет, – дедi Қазақстан Президентi.
Соңында Мемлекет басшысы ТМД-ға 2017 жылы Ресей Федерациясының төрағалық етуi жөнiндегi шешiмдi Қазақстанның құптайтынын жеткiздi.
Оставить комментарий