Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Самарқандта Өзбекстанның тұңғыш Президентi Ислам Каримов жерленген орынға гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметi хабарлады.
Мемлекет басшысы жиналғандарға арнаған сөзiнде Ислам Каримовпен екеуiн ұзақ жылдар бойы берiк достық, шынайы түсiнiстiк, өзара тiлеулестiк байланыстырып келгенiн айтты.
– Өзбекстандықтардың келер ұрпағы, мемлекет қызметiндегi басшылардың келесi буыны Ислам Каримовты әрдайым есте сақтайды деп сенемiн. Оның артта қалған мол мұрасын, мемлекеттiк қызметiнiң нәтижелерiн ұрпақ зерттеп-зерделеп, атқарған iстерiн өзбек халқының тарихына алтын әрiптермен жазады. Ол бүкiл әлемге танымал көшбасшы болды, ел экономикасының қалыптасуы мен дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы оның есiмiмен байланысты. Бiз ұлы адамнан айырылдық, – дедi Қазақстан Президентi.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдерiмiз арасындағы тарихи және стратегиялық байланысты нығайту жолында Өзбекстанның тұңғыш Президентi баға жетпес рөл атқарғанына тоқталды.
– Қазақ пен өзбек халқы әрдайым бiр-бiрiмен етене жақын болды. Ислам Абдуганиевич екеумiз 1998 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесi басында мәңгiлiк достық туралы келiсiмге қол қойдық, бiздiң қарым-қатынасымыз үнемi сол келiсiмге негiзделдi. Қазақстан әрқашан өзбек халқымен қанаттасып, қатар келедi және солай бола бередi. Бiз сiздермен барлық қуанышты бiрге бөлiсiп, қиын кездерде бiрге қайғырамыз, – дедi Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев И.Каримовтiң отбасымен кездесiп, Қазақстан халқының және жеке өзiнiң атынан шын ниетiмен көңiл айтты.
* * *
Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасы Президентiнiң мiндетiн уақытша атқарушы Шавкат Мирзияевпен кездестi.
Кездесу барысында Елбасы тағы да Ислам Каримовтiң өзбек мемлекетiн, елдерiмiздiң арасындағы өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан бiрегей үлесiн атап өттi.
– Тарихымыз, дiнiмiз, мәдениетiмiз бiр болғандықтан, оның бүкiл қайраткерлiгi бiздiң халықтарымыз арасындағы достықты нығайта түсуге қызмет еттi. Осы құндылықтарды сақтай бiлу өте маңызды. Екiжақты кездесулер барысында да, халықаралық ұйымдар жұмысы аясында да бiз кез келген мәселеге қатысты өзара тиiмдi шешiм таба бiлдiк. Бауырластық байланысымызды бұдан әрi де нығайта беру керек, – дедi Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзияев екiжақты қарым-қатынастың мейлiнше өзектi мәселелерi, өңiрлiк және халықаралық күн тәртiбiндегi негiзгi тақырыптар жөнiнде пiкiр алмасты.
Оставить комментарий