Шетелдіктер қазақ даласындағы дәрілік шөптерді ұрлауда

/uploads/thumbnail/20170709081958639_small.jpg

Жазда тауда шетел азаматтарының жиі жүргенін байқап қаламыз. Қазақтың кең байтақ даласын кім қалай аралаймын десе де өз еркі ғой. Бөтен елден келгендерді ешкім тексеріп: «Қандай мақсатпен, не іздеп жүрсің?», – деп сұрамайды. Баршаға құшағын кеңінен ашқан, дарқан көңіл қазақтың жерін аралайтын қонақтарды бақылауға да қақымыз жоқ. Қала ішінде шетелдіктер жұмыс істейді делік, ал алыстағы тау бөктерінде не іздейді? Жәй ғана демалып жүр ме?

Жаз айларында Алматыдан шығып, таулы өңірге барған са­йын шөп терген шетелдіктерді жиі көретін болдық. «Бұл өсімдікті не істейсіз?» деп сұрай қалсаңыз, «зерттейміз» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Қазақ жеріндегі шөптің сұрауы да, иесі де жоқ сияқты. Біраз уақыт бұрын «Мегаполис» басылымында американ, канадалық мамандардың казақ даласынан «Қызыл кітапқа» енген көксағызды бірнеше шамаданмен тасып әкеткені туралы жазылды. Содан соң бас-аяғы 7-8 жылдың ішінде бұл мемлекеттердің ғалымдары көксағызға қатысты жаңалық ашқандығын жаһанға жария етті. Бірнеше килограм көксағызды қазақстандық бір де бір мекеме тексерместен Америкаға оңай өткізіп жіберіпті.

Күніне қаншама тауар шы­ғарылып жатқан Қазақстан әуежайында құнды өсімдіктердің қаншама түрі мәңгілікке кетіп жатыр десеңші!

Жергілікті тұр­ғындар немесе тиесілі мекемелер қадағаламаған соң, бөтендер иесі жоқ жер деп біліп, қалаған шөбін тамырымен жұлып, өз елдеріне әкетіп жатқан сияқты. ҰҚК шекаралық бекет маңынан бірен-саран шетелдікті ұстағаны туралы анда-санда айтылып қалады. Алайда таудағы демалысты сылтауратып өзен-көл жағасынан, шатқалдардан, тіпті кісі баласы шыға бермейтін таудың басына дейін өрмелеп жүріп, емдік шөптерді теретін жат жұрттықтардың тірлігіне біздің қазақ немқұрайлы қарайтыны аян.
Осындайда табиғатын қорғауға барын салып жатқан елдердің ұқыптылығына қызығасың. Кейбір мемлекеттерде сырттан келетін шетелдіктер алдын ала қатаң тексеруден өтеді. Ауыл-аймағын аралайтын болсаңыз да, не үшін, қандай мақсатпен келгеніңіз туралы мәлімет беріп, алдын ала құжат толтыруыңыз қажет. Және сол құжатқа сай әрекет етесіз.

Қоршаған ортаға немқұрайлы қарамайтын мемлекеттер таудағы гүлдерді жұлу сияқты бейберекет әрекетке шетел азаматын жібермейді. Тіпті туристер көп баратын Таиландтың өзінде ел аумағынан сирек кездесетін заттарды, өсімдіктер мен хайуанаттарды шығаруға тыйым салынған. Австралияда өсімдіктермен бірге өсімдік тұқымын, коралл, жануар қаңқаларын ел аумағынан сыртқа әкетуге болмайтын заң бар. Бұл елде сондай-ақ, Уэльс штатының жағалауындағы құмын алуға тыйым салынған. Бразилиядан көне заттармен қоса өсімдіктерді әкете алмайсыз. Вьетнамда маржандар, сирек кездесетін өсімдіктерді шетелге әкетуге болмайды. Үндістанға барған туристер аң терісін, піл сүйегінен жасалған заттарды және өсімдіктерді әкете алмайды. Бұл ережені бұзғандар айыппұл төлейді. Италияда табиғи өңірге шетелдік демалушылар аяғы тиген сәттен бастап арнайы топ бақылай бастайды екен. Жаңа Зеландия киви жемісін және одан жасалған сусындарды сыртқа шығармайды. Біріккен Араб әмірлігінен өсімдік тұқымдарын алғандар заң жүзінде жауап береді.

Ал Қазақстанда өсімдіктерді республика территориясынан шығаруға тыйым салатын қатаң заң­­намалық құжат жоқ. Керісінше «Өсімдіктер дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын, оның ішінде сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнгендер санатына жатқызылған өсімдіктер түрлерін Қазақстан Республикасына әкелуге және одан тысқары жерлерге әкетуге рұқсаттар беру қағидасы» тәрізді құжаттар бағалы шөптерден қарап отырып айрылуға жол ашуда. Кеденде өсімдіктер мен жануарларды ел аумағынан шығаруға қатысты тарифтер де бекітілген. Қажетті сирек шөбін тиеп алған соң шетел азаматы төмен деңгейдегі соманы әуежайда төлей салары анық. Өйткені қасиетті шөптерді тиісті мақсатта зерттеуден түсетін пайда шаш-етектен екені белгілі.

Шарафат Жылқыбаева

Оставить комментарий

Связанные Статьи