Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық журналистермен өткен брифингте Қытайға сапар барысында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен болған екiжақты келiссөздер қорытындысына жоғары баға бердi.
«Менiң Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарым өте жоғары деңгейде өттi, әсiресе бiз айтқан екiжақты қарым-қатынас мәселелерiнiң барлығына қытайлық тараптың ықыласы ерекше болды. Бiрде-бiр мәселе шешусiз қалмады. Бiз бұрын келiсе алмай жүрген Қазақстан аумағындағы заманауи кәсiпорындар құрылысы жайлы нақты келiсiм жасадық. Бұл тiзiм 51 нысанды қамтиды, оның екеуi салынды, төртеуi биыл 2,5 миллиард доллар қаражатқа салынады және 5 жыл бойы құны 26 миллиард доллар болатын кәсiпорындар салынады» дедi ол.
Мемлекет басшысы ҚР мен ҚХР арасында мемлекет және компаниялар деңгейiндегi ортақ қорлардың жұмыс iстейтiнiн атап өттi.
«Жiбек жолы қоры жұмыс iстейдi, бұл жұмысты қолдау үшiн банк құрылды және әрине, ең бастысы – екi ел арасындағы көлiктiк-коммуникациялық байланыс. Жыл сайын Тынық мұхиттан Қытай арқылы Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға Қазақстан арқылы жүк транзитi ұлғайды, Ақтау портын пайдалану да бiрнеше есеге көбейдi, мұндай динамика бұрын болмаған» дедi Н.Назарбаев.
«Мұның бәрi «Қорғас» құрғақ порты құрылысының, «Қорғас-Алматы» үш жүз шақырымдық темiржол құрылысы аяқталуының арқасында, Қытай шекарасынан Каспийге дейiн жететiн темiржолдың, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлiк жолының арқасында жүзеге асты» дедi Мемлекет басшысы.
Президент Қашаған iрi кен орны пайдалануға берiлген соң Қытайға энергия ресурстарын жеткiзу мүмкiндiктерiнiң көбейетiнiн атап өттi.
«Қазiр бiз шамамен 7 миллион тонна жеткiзудемiз, оны 20 миллион тоннаға дейiн көтеруге болады және Қазақстаннан Қытайға газ жеткiзудi де ұлғайтуға мүмкiндiк бар» деп, Елбасы энергетика саласына айрықша мән бердi.
Екiжақты ынтымақтастықтың ең маңызды аспектiсi ретiнде Н.Назарбаев ауыл шаруашылығын атады.
«Ауыл шаруашылығында, бәрiнен бұрын, алғаш рет Қытайға бидай, басқа да дәндi дақылдар, бұршақ, ет, құс өнiмдерiн жеткiзу туралы келiсiмге қол жеткiздiк. Ендi ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлерге жол ашамыз» дедi ол.
Оның айтуынша, Қазақстан киберқауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша Қытай тәжiрибесiн үлгi етуi тиiс.
Оставить комментарий