Газ баллоны мен құтыға бензин құйып алып далаға шыққан тұрғындар тура полицейлердің көзінше, үстеріне өрт қоймақшы болды. Ашулы жұрт тіпті оқиға орнына жеткен шенеуніктермен төбелесуге шақ қалды. Халықтың бар кінәсі – Елордада жаңадан салынып жатқан теміржол вокзалына жақын тұруы. Өйткені, Астана әкімдігі вокзалдың көркін кетіріп тұрған 40-қа тарта жер үйді қиратып, орнына зәулім ғимарат пен жол салмақшы, - деп хабарлайды Qamshy.kz КТК-ға сілтеме жасап.
Астанада жылдам салынып жатқан жаңа вокзалға көршілес саяжай тұрғындары шенеуніктерді сескендіру үшін әбден дайындалыпты. Әйелдер канистр, пластик бөтелкеге бензин құйып көтеріп жүр. Ер-азаматтар болса, үйдегі пайдаланып отырған газ баллонын далаға шығарып алған. Сөйтіп, өздерін жарып жібермек. Ал қаптаған полицейлер наразы топты қызыл лентамен қоршап қойып, айналаны күзетіп тұр.
Сот бұл азаматтардың қала ішіндегі саяжайға салып алған баспаналары сүрілсін деген шешім шығарған. Бірақ, жұрт үйреніп қалған үйлерін оңайлықпен босатып бергісі жоқ. Орнына пәтер сұрап отыр.
Жаңабек Суанбеков, Астана қаласының тұрғыны:
-Мен жарыламын, өлемін, басқа не істеймін? Қайда барамын? Барар жер, басар тауым жоқ. Ақшасы керек жоқ, пәтер берсін. Жарықты қиямыз кетіңдер деп жатыр.
Негізі, бұл саяжайдағы 40-қа жуық үй сүрілуі тиіс. Жартысына 2 миллионнан 8 миллион теңгеге дейін ақшалай өтемақы төленген, ал қалғандарына Астанадан 5 шақырым жердегі Александровка елді мекенінен жер телімдерін ұсынған. Тұрғындар күн суып кеткендіктен ол учаскелерге үй салып үлгермейміз деп отыр. Әрі орталықтан алыстағысы да келмейді.
Ерлан Есенов, Астана қаласының тұрғыны:
-Білгендерін істеп жатыр. Біреуіне «көш» ал екіншілерін қаласың депті. Не алалау бұл?
Өздерін өртемекке бел буғандардың қасына әкімдіктегілер де шұғыл жетті. «Қалалық жылжымайтын мүлік» коммуналдық кәсіпорнының басшысы ашулы тұрғындарды басудың орнына, келіншектермен салғыласып, одан сайын ызаландырды.
-Аузыңды жаба тұршы.
-Менің бір жыл бойы аузыма қақпақ болып келесің .
-Ұятсызсың сен.
-Өзің ұятсыз.
Осылайша, шенеунік әйелдермен әбден айтысып болған соң, үйлері сүрілгендерге әкімдік тарапынан жасалған шараларды тізіп, ақталуға кірісті.
Александр Строчков, «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК басшысы:
-Бұл мемлекеттің меншігіндегі жер. Негізі тұрғындардың салып алған үйлеріне ғана өтемақы беріледі. Ал олар 10 миллион теңгеден талап етіп отыр. Учаске бөлдік, барғылары жоқ.
Үйлердің жаппай сүрілуіне – бұл маңнан теміржол вокзалының салынуы себеп. Келесі жылы жазда «ЭКСПО» қарсаңында құрылысын бітіру керек болғандықтан бұнда қызу жанталас. Тұрғындардың күні ертең нағыз орталыққа айналатын бұл маңнан кеткісі келмейтіні түсінікті. Ал қиратылған баспаналардың орнына көпқабатты зәулім ғимараттар мен бірнеше жолақты асфальт төселмек. Бірақ, өтемақыға да, бөлінген жер теліміне де көңілі толмаған жұрттың өліспей беріскісі жоқ.
Астанадағы баспана дауы мұнымен шектелмейтін сынды. Өйткені, Елордада әлі 16 мыңнан астам саяжай сүрілмек. Қиратылған үйлердің орнына көпқабатты нысандар, мың жылдық аллеясы, газ құрылғыларын шығаратын зауыт салынады. Ал баспаналары сүрілгендерге пәтер берілмейді, тек басқа аудандардан жер телімі қарастырылған.
Оставить комментарий