Оңтүстікте мақта теру науқаны қыза бастады. Осы науқан кезінде Мақтарал ауданында мақташылардың дәстүрлі семинар-кеңесі өтті. Онда науқан кезінде ақ алтынды шашпай-төкпей, жинап алу жолдары мен озық технологияны жұмылдыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, мақта шаруашылығындағы түйткілді мәселелер де ортаға салынды.
Жалпы елімізде «ақ алтынды» егетін бірден-бір облыс саналатын Оңтүстік Қазақстанда мақташыларға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер беріліп жатыр. «Агробизнес 2020» және басқа да бағдарламалар аясында шаруаларға субсидия төленді. Ұзақ мерзімге лизинг арқылы техника, пайызы төмен несие берілді.
Осы семинарға қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшыларының айтуынша, алдағы уақытта жеңілдетілген несиенің көлемін 18 миллион теңгеге жеткізу, мерзімін бес жылдан жеті жылға ұзарту қарастырылып жатыр. Гектарлы субсидияны қалпына келтіру де жоспарда бар. Ұлттық қордан қаржы қаралса, 15 қарашадан бастап аталған субсидия мақта, жүгері, күріш өсірушілерге төленуі тиіс.
Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мақтаның жаңа тұқым сорттарын шығаруда. Оның сапасы Қытай, Түркиядан әкелінген шиттен артық болмаса, кем емес.Мақталы аймақта ауыл шаруашылығын әр тараптандыру бағытында биыл ауқымды істер атқарылды. Ендігі жиын-терімде өнімді рәсуа етпеу қол күшіне байланысты болмақ. Шаруаның кез-келгенінде техника жоқ. Комбайн аз. Егілген мақта шитінен жоғары өнім алу өзектілігі басқосудың басты тақырыбына айналды. Биыл аудандағы мақтаның 65 пайызы комбайнмен жиналады деген жоспар бар.
Дихандар жыл сайын мақталық алқаптың көлемін барынша азайтып, өнімділікті жоғарылатуға күш салып жатыр. Ғылыми орталықтардың тұжырымына сүйеніп, құрғақшылыққа шыдамды әрі өнімділігі жоғары мақта сорттарын егуде.
Оставить комментарий