ҰБТ туралы аз айтылып жүрген жоқ, өткізу процесіне түзетулер де енгізіліп, байқау-бақылау жұмыстарының әдіс-тәсілдері де жетілдіріліп те жатыр, бірақ бәрібір оны мектеп бітірушінің білім сапасын барынша әділетті бағалай алатын сынақ деп ешкім де айта алмас. Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Тұрсынбек Өмірзақов та оны жетілдіру жолында кезекті ұсыныс жариялады. Бұл ұсыныс Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың атына депутаттық сауал ретінде жолданды, сондықтан оны жерде қалмай, қаралатыны сөзсіз. Сонымен бұл ұсыныста не айтылды дейсіз ғой.
Біріншіден, аппеляция туралы. Қазіргі қолданыстағы заңдастырылған тәртіпке қарағанда аппеляция ҰБТ-ның қорытындысы жарияланған уақыттан кейінгі келесі күннің 14.00 сағатына дейін беріледі. Депутат Т.Өмірзақов осы мерзімді кем дегенде екі күнге ұзартуды дұрыс деп санайды. Өйткені, осы уақытта ғана мектеп бітіруші мен оның ата-анасы нәтижені асықпай саралауға үлгере алады. Ал аппеляцияны екінші күнгі 14.00-ге дейін ғана берудің уақыты тым аз, жарты күнде бәрін салмақтап шығу мүмкін емес. Әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Ресейде де аппеляция беру мерзімі біздікінен әлдеқайда көп. Осы тәжірибені депутат дұрыс деп санайды.
Депутаттың ұсынысындағы екінші мәселе тесттердің мазмұнын арттыруды қалау болып отыр. Осы күнгі тестер сұрақ-жауап түрінде ғана болып және жауаптардың нұсқалары берілгендіктен тест тапсырушы оларды таңдаумен ғана шектелетінін айта отырып депутат талапкердің логикалық қабілетін тексеретін сұрақтардың да қойылуы қажеттігін айтады. Сонда үміткердің білімінің тереңдігі анықталар еді, ал қазіргі тестер оны көрсете алмайды. Сондықтан халықаралық тәжірибелерді (Ұлыбритания, АҚШ және т.б.) ескере отырып, жаңа типтегі тестік тапсырмалар әзірленсін, дейді ол. Соның ішінде жауап нұсқалары жазылмаған ашық сұрақтардың болғаны абзал. Сонда мектеп бітіруші қайсысын алсам екен деп дайын нұсқаларды таңдаумен ғана отырмай өзінің анық білімін көрсетер еді. Сонымен бірге депутат Ұлыбританиялық А-LEVEL тесті бойынша үміткер әрбір пәнді жеке-жеке тапсыратынын ескертеді. Қала берді ол ҰБТ тапсырудың барынша мөлдір әрі әділетті болуы үшін ресми сайт ашып, онда барлық нәтижелер көрсетіліп отырғанын қалайды. Ал енді ҰБТ тапсыру процесіне тәуелсіз волонтерлерді және аймақтардағы беделді қоғам қайраткерлерін бақылаушы ретінде тарту туралы ойлары қазақстандық көрпеге лайық емес сияқты. Өйткені, ол үшін қосымша қаражат керек қой. Ал ондайға біздің өкімет өлсе барар ма? Ал қозғалтқышы бақылаушылар отырған жерде болатын онлайн режиміндегі видеокамералар орнату керек деген ұсынысы ойдан шығады. Депутаттың осындай орынды ұсыныстары орындалса, ҰБТ-ның білім сапасын анықтаудағы қызметі әрине, әділеттірек болар еді.
Боранбай БАЛҒОЖА , сарапшы