Аятжан Ахметжанұлы 30 жасына үш үлкен кітабымен есеп берді

/uploads/thumbnail/20170709190717568_small.jpg

Республикалық "Қазбілім" орталығы директоры Аятжан Ахметжан отыз жасына есеп берді. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды. 


"Ал, ағайын менен 25 жылдыққа тарту осы болды...

Биыл өзім 30-ға толдым, Қазақ еліне келгеніме 10 жыл! Қазақ тәуелсіздігінің 25 жылы, Желтоқсанның 30 жылы... бұл әрине бер жағы ғой, Абай атам айтпақшы, өзімнен үнемі есеп алатын адам ретінде 30 жасқа толғанда өзіме есеп бергім келді, тәуелсіздікке өзімше сый жасағым келді... Жылдың басында бұрыннан бар біраз дүниемнің басын құрап, жазып-сызып жүрген дүниелерімді 4 кітапқа жинақтауды жөн көрдім, әне-міне дегенше жыл аяқталды, жыл бойы сол қу бітпес шаруаның қамында жылдың соңына жіткізбей бітірем деген 4 кітабым 2017-ге өтіп кететіндей болған соң жанталастым, бірақ, амал не, төртіншісін толық аяқтауға энергия да экономика да жетпеді, сонымен төмендегі үштікпен тоқтадым.

Ең біріншісі, "Мінез (Өлеңдер жинағы)"
Осы 30 жасқа дейінгі шабыттың туындысын МІНЕЗ, - деп бердім... 
Себебі, менің сыртымнан көп жұрт әрқилы тон пішеді, бірге істейтіндерден Аятжанның мінезімен сыйыса аласыңдар ма? Мінезі өте шатақ қой, - дейтін көрінеді))) бірақ, маңымдағылар, жақсы түсінетіндер осы мінезімді жақсы көреді һәм құрметтейді... Бірақ, кітаптың тақырыбы бұған емес, биыл 150 жылдық тойын әлем тойлап жатқан Әлихан атамның "Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден" - дейтін сөзінен алғанмын ғой, мен де атажұртыма бір пенде танымай тәуекелмен келіп осыншалық күнге (шүкірлік) жетуімнің бірінші себебі сол МІНЕЗ ғой... Кітап соның құрметі...

Екіншісі, осы күнге дейтін білім саласы мен ұрпақ тәрбиесінің біраз қырына үңілдік, әлемдік білімді де әлімізше зерттедік, әр жерде жарияладық, сол мақалалардың басын құрап "Ұлт болам десең..." - деп бердік...
Әрине, ұрпақ ұлттың болашағы, болашаққа дұрыс бағыт беру ұлттың болашағын анықтаса керек, Біз ұлт болып мәңгілік елде мәңгі тұрмақ үшін не етпек керек, өзімізше пайымдап көрдік.... Ол соның құрметі...

Үшіншісі, менің сүйікті пәнім химия. Әрбіріміз мақтанғанда еліміздің жерімен, жер асты байлығымен мақтанамыз, ал, оның игілігін көрмек үшін ХИМИЯНЫ тірілітпесек басқаның бәрі далбаса, ұстағанның қолында кетері анық, ал химияның іргетасы мектепте 8-сыныпта қалыптасады. Міне, үшінші кітапты сол 8-сыныптың оқушыларына арнадық, ойымыз балалардың химияға бұру, қазақ ұлтынан болашақ Қаныш Сәтбаевтар мен Букетовтарды, инжнерлердің қалыптасуына үн қосу... 
Бұл осының құрметі, "Химиядан 8-сынып есептері мен жаттығулары жинағы"

Төртіншісі, қазақтың әр баласы дарынды, әр баласы талантты сол таланттыларды тану мен пәндік олимпиадаларға баулудың әдістемесі еді... оның 80%-ы дайын, амал жоқ, ол келешектің еншісіне қалды, биылға энергия да, экономика да қалған жоқ)))

Сонымен 30 жаста бұзсақ деген ордамыз осындай-ақ болды, өзім де тірлік пен шығармашылықты қатар алам деп шаршаған сияқтымын... Оның үстіне күнде 6-7 сағат тоқтамай сабақ сөйлеу керек... Енді не қалған бөлімді жазу керек, не сәл тынығу керек)))"


Оқырман назарына таныстыра кетсек, Ахметжан Аятжан –  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасының иегері,  жоғары санатты химия пәні мұғалімі, химия ғылымдарының магистрі, Қазбілім (kazbilim.kz) порталының бас редакторы, ақын. Блогер. 1986 жылы 18 шілдеде ҚХР, ШҰАР, Мұңғұлкүре ауданы, Ағаяз ауылында туылған.

2011 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаратылыстану ғылымдар факультетінде Химия бакалаврын тамамдаған;

2015 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқуын жалғастырып,  Химия ғылымдарының магистрі болды.

 

Оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы;

Республикалық, облыстық, қалалық ақындар айтысы жеңімпазы;

Республикалық, облыстық, қалалық мүшәйралар жеңімпазы;

2010 жылы «ЕРКІМЕ КӨНШІ, ЕЙ, ӨМІР» атты жыр жинағы жарық көрген;

Ғылыми – сараптамалық және публицистикалық мақалалары, өлеңдері мерзімді, мерзімсіз басылымдарда үздіксіз жарияланып тұрады;

Оставить комментарий

Связанные Статьи