Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар осыдан біраз уақыт бұрын білім мекемелерін аралап, жатақханалардағы студенттердің жай-күйімен танысқан еді. Онда білімгерлер жатуы тиіс бөлмелерде сол оқу орынында жұмыс істейтін мамандардың тұрып жатқанын көріп, реніш білдірген. Отбасылы адамдар тұрған жерде у-шу болады. Балалардың сабаққа дайындалып, бос уақыттарында әртүрлі шара ұйымдастыруы үшін жатақхана іші бозбала мен бойжеткендердің өз еншілерінде болуы тиіс. Жатақхананың заңдылығы бойынша, онда демалыс орны, кітап оқитын бөлме болуы тиіс. Тәрбиешілер «дөңгелек үстел» ұйымдастырып, тәлім-тәрбиелік кештер өткізуі тиіс екендігі баршаға мәлім. Колледжерді аралау барысында Жақсылық Мұқашұлы бұдан былай білім шаңырағы осы заңдылықтарды қатаң сақтауы тиіс екендігін ескерткен. Бүгінгі тексеріс барысында да облыс әкімінің орынбасары студенттердің заманауи білім алып, тынығып, бос уақытын тиімді өткізуіне баса көңіл бөлді. Ол ұстаздарға :
– Отбасылы адамдар тұрған жерге сырттан бөтен адамдардың келетіні айдан анық. Ондай жерде ішімдік ішілуі әбден мүмкін. Біз жасөспірім ұл-қыздардың қауіпсіздігін сақтауымыз керек. Жастарды әдептілікке үйретіп, бойын жаман әдеттерден сақтау үшін тәрбиесіне, алаңдамауына баса көңіл аударамыз. Жатақханадағы тыныштықты сақтау үшін полиция инспекторларының қызметі күшейтіледі. Болашақта облыс бойынша білім шаңырақтарында мекен етіп жатқан 360 ересек адамдар көктем шығысымен жатақханалардан шығарылатын болсын. Баспанасыз мамандардың мәселесін шешу үшін басқа жолдарды қарастыруымыз керек, – дегенді айтты басшы.

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар білім беру мекемелерін аралау барысында Талдықорған қаласындағы сервис және технология колледжінің маман даярлаудағы әдісін жан-жақты қадағалады Дуальді оқыту бағдарламасымен білім беру, түлектерді жұмысқа орналастыру жайына баса көңіл аударды. Маман тәрбиелеуде уақытты тиімді пайдаланып, оқыту бағдарламасы аясында жастарды бірнеше кәсіптік мамандыққа баулу, сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту жайы саланың жауапты жетекшілеріне қадай тапсырылды.