Қытайдың Сычуань өлкесіндегі үлкен пандаларды зерттеп, қорғайтын орталықтың қызметкеріне панда шабуыл жасаған деп хабарлайды ria.ru.
Оқиға 17 желтоқсанда Тяньтай тауларындағы пандаларға арналған жаттықтыру залында болды. Онда аюларды еркіндікке жібермес бұрын соған арнайы дайындайды. Алайда болған жәйт туралы енді ғана белгілі болды.
Орталықтың 41 жасар қызметкері 16 жастағы Симэй атты ұрғашы пандамен бір вольерде болған. Кенеттен жануар адамға шабуыл жасады. Оны тістеп, жермен сүйреп ала жүгірген. Төтенше жағдай жаттықтыру бағдарламасының аясында панда баласын іздеп жүрген кезде болған.
Қазір ер адам ауруханада жатыр. Оның жағдайы тұрақты. Панданың шабуылы салдарынан екі білегі сынған, аяғындағы сіңірі үзіліп, денесіне түрлі жарақат түскен.
«Мен панданың қарны аш болды ма әлде менімен осылайша ойнады ма? Білмеймін...» дейді орталық қызметкері.
«Мен оны кешірдім. Мен бұл саланың маманымын. Сондықтан жануарлардың қандай әрекетке баратынын жақсы білемін» дейді ол.
Бұдан бұрын Қытайдың халықаралық радиосында, билік пандалардың санын 2025 жылға қарай 18% өсіруді жоспарлап отырғанын айтқан. Қазір Қытай ормандарында 1864 панда бар. 422 жануар арнайы ұрықтандыратын орталықта ұсталады.
Үлкен панда жойылып бара жатқан жануар түріне жатқандықтан, Қытай оны өз қорғанысына алған. Аюларды түрлі елдерге жіберу дәстүрге айналғандай. Оны жиі «пандалар дипломатися» деп атап кетті.