Соңғы күндері қызу талқыға түскен Димаш Құдайбергенов пен Ресейлік әнші Витастың арасындағы дау-дамайға қатысты Витас мәлімдеме жасады. Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында Ресейлік әнші халықты сабырға шақырып, өзіне бағытталған тұрпайы да сыни сөздерін доғаруын өтінген.
«Құрметті достар!
Ресми мәлімдеме жасағым келеді: соңғы төрт күннің ішінде менің жеке басыма бағытталған жағымсыз пікірлер әлеуметтік желілерде қаптап кетті. Сіздерге айтайын дегенім – мен кез келген шығармашылықпен айналысатын адамның еңбегін бағалап, ондай жандарға сыйластықпен қараймын. Өзімді бір күндері өзге адамның шығармашылық өміріне араласып, сотқа жүгінемін деп ойлаған емеспін. Ешқашан да бұлай істемеймін.
Соңғы кездері әрбір әртістің айналасында болып жатқан сот процестері – өз елін танытушы продюсерлер мен компаниялардың арасындағы келеңсіздіктер. Танымал әншілердің арасында түрлі дау-дамайлар мен сот процестері үнемі болып отырады., алайда мұндай жағдайда кез келген адамның жеке басын қорлайтын жағымсыз пікірлер мен өзара келеңсіздіктер туғызуға болмайды. Одан да барлықтарыңыз сабыр сақтап, маған «лайк» басыңыздар.
Құрметпен, Витас!», - дейді әнші.
Естеріңізге сала кетсек, отандық әнші Димаш Құдайбергенов Қытайда өтіп жатқан «Мен әншімін» байқауына қатысып, екі кезеңде де қарсыластарының арасынан оза шауып, бірінші орынға табан тіреген болатын. Байқаудың екінші кезеңінде әнші Витастың «Опера-2» әнін 4 октава 2 тонға жоғары орындап, халықты таңдай қақтырған. Қытай елінің миллиардтаған халқы жас әнші Димаштың табынушыларына айналып, Қазақстандық әнші біраз танымалдылыққа ие болған. Осы орайда Ресейлік әнші Витастың продюсері Димаш Құдайбергеновтың «Опера-2» әнін рұқсатсыз орындады деген айыппен сотқа арыз-шағым түсірген болатын. Сонымен қатар Қазақстандық қолдаушылары Димашты «Қазақтың Витасы» деген атпен де атап кеткен. Алайда, бұл іс басталғалы бері, әнші Витасқа бағытталған түрлі жағымсыз пікірлер көбейіп, әлеуметтік желілерде «Витастың шынайы дауысы осындай» деген видеолар қайтадан назарға іліге бастады.
Қамшыгер: Назерке Лабихан
Оставить комментарий