«Қамшы» ұсынысы: ОРАЛМАНДАРҒА АЗАМАТТЫҚ БЕРУ – АТАЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕРДЕ БЕКІТІЛУІ ТИІС

/uploads/thumbnail/20170709204446434_small.jpg

25 қаңтарда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бүкілхалықтық талқылау туралы президент Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығы шықты. Алғашқы 10 күні өтіп кеткен бүкілхалықтық талқылау 2017 жылғы 26 ақпанға дейін өткізіледі. Бүкіл халықтық талқылауға ұсынылған «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында негізінен билік тармақтарын қайта бөлу мәселелері қарастырылған.

Алайда, Заң жобасын ұсынушы орган халыққа өзі пікірі мен кеңесін айтуға, халық болып талқылауға мүмкіндік беріп отыр.

Осы орайда «Қамшы» порталы берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, тиісті орынға мынадай ұсынысын хат арқылы жолдайды:

Елбасымыз 1992 жылы Бірінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында: «Бұл дүниеде біздің(Дүниежүзі қазақтарының. –ред) бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз», - деп «Бар қазақ - бір қазақ» деген сарындағы жалынды сөз сөйлеген болатын. Президент Назарбаевтың осындай кеңпейілді көрегендігінің, салиқалы саясатының арқасында сонау Тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінге дейін Атажұртқа миллионнан астам қазақ оралды.

Қолданыстағы Атазаң«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып ... осы Конституцияны қабылдаймыз», деп басталады. Яғни, бұл мемлекеттің байырғы қазақ жері екенін, бағзыдан қазақ мекен етіп келе жатқанын Атазаңда алғашқы жолға айшықтап тұрып жазған.

Сондықтан да, бұл топырақ, алып территориясы бар Қазақстан – қазақтарға конституцияда жазылғандай еркіндікті сыйлауы тиіс.

Атазаңның Президент туралы тарауының, 40 бабының, екінші тармақшасында

«2. Республиканың Президенті — халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі» деп жазылған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның кепілі, Ұлт көшбасшысы ретінде шетелдегі қазақтардың елге келуіне жағдай жасап, елге миллион қазақты қосты. Елбасының осы сара жолы тарихқа қалай алтын әріппен жазылатын болса, Әлемдегі қазақты бір қазақ қалғанға дейін елге оралтатындай бап Атазаңда да алтын әріппен жазылуы керек.

Елбасы бастап кеткен ұлы көш келесі президенттердің тұсында да жалғасын табуы үшін мызғымас Конституцияның екінші бөліміндегі 10-ыншы бапқа «Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар Қазақстан Республикасына кедергізсіз оралады және тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) алады» деген тармақ қосуды сұраймыз.

Әлемнің 40-тан астам елінде тарыдай шашып жүрген 5 миллион қазақтың елге оралуы және олардың ҚР азаматы атануы сияқты күрделі процес Елбасы салып берген жолмен жалғасын табуы қажет. Қолданыстағы көші-қон заңының тұрақсыздығы кесірінен соңғы 7 жылда көші-қон айтарлықтай тұралады. Оралмандардың азаматтық ала алмауы, оларға азаматтық беру тәртібінің жиі өзгеруі шеттен келген қандастарымызды қинағаны жасырын емес. Сондықтан да Атазаңға өзгертулер ішінде «шетелден оралған қазақтарға азаматтық беру» туралы ұсынысымыз орын алады деп сенеміз!

Ұсыныс ресми түрде 010000, Астана қаласы Есіл ауданы Үкімет үйі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі, электрондық пошта – ap2017@akorda.kz адресіне жолданады.

«Қамшы» порталы редакциясы

Связанные Статьи