Бүгін Астанада Үкіметтің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды «Қамшы» порталы. Жер комиссиясының бірнеше мүшесі қатысқан селекторлық отырыстың негізгі тақырыбы «Жер мәселесі» болды деуге болады.
Әлеуметтік желіден тікелей көрсетілген Үкімет отырысын 5 мыңдай қазақстандық бақылады.
Бірінші болып сөз алған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов орыс тілінде баяндама жасап, Үкіметтің 2017 жылғы бюджет параметрлерін қайта қарайтынын жеткізді.
«Бірінші бағыт аясында (Ішкі жалпы өнім өсіміне қол жеткізу) бюджеттің үйлестірілуін реттеу мақсатында ақпанда әлеуметтік-экономикалық болжам мен 2017 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері қайта қаралады»,- деді министр Үкімет отырысында.
Жалпы басты 9 бағыт бойынша 148 іс-шара жоспарланған. Оның ішінде ішкі жалпы өнім өсіміне қол жеткізу, жеке секторды дамыту және бәсекелестікті күшейтуге жағдай жасау, жеке инвестицияны тартуға басымдық бере отырып, экономиканы қаржыландыруды қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы тұрғындардың табысын арттыру шаралары ескерілген.
Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу мен кибершабуылдарға қарсы тұру мәселесі де айырықша қаралған.
Одан кейін сөз алған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, ІІМ министрі Қалмұхамбет Қасымов, Инвестиция және Даму министрі Жеңіс Қасымбектер баяндамаларын орыс тілінде жасады.
Сөз алған энергетика министрі Қанат Бозымбаев бастан-аяқ қазақ тілінде баяндама жасады.
Мұнай өндіру туралы жоспарлармен бөліскен ол, Қашаған мен Қарашығанақта өндірілуі жоспарланып отырған мұнай мен газдың, сондай-ақ, көмір өндірудің жоспарларын айтты.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы мәдениет нысандарының қол жетімділігін арттырудың әдісін Үкіметке ұсынды.
Министрдің сөзінше, әр айда бір мәрте музейлер, жылына төрт рет театрлар халық үшін тегін болады.
«Халықтың мәдениет нысандарына қол жетімділік тәжірибесін енгізу. Әр айдың үшінші жексенбісінде музейлерге және жылына төрт рет театрларға, олар: дүниежүзілік Театр күні, 27 наурызда, Балаларды қорғау күні, Тәуелсіздік күнінде тегін баруды қамтамасыз ету ұсынылады. Сондай-ақ мектеп демалыстары шеңберінде оқушылар үшін театрлар мен музейлерге тегін бару ұсынылады. Нәтижесінде жылдың аяғына дейін аталған мәдениет нысандарына бару көрсеткіші 45 пайызға дейін жететін болады», - деп атап өтті министр Үкімет отырысында.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептерде әрбір оқушыны жеке шкафтармен қамтамасыз етпек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ерлан Сағадиев мәлім етті.
«Оқулықтарды, аяқ киім мен спорттық жабдықтарды сақтау үшін мектеп оқушысын жеке шкафпен қамтамасыз ету әлемдік тәжірибе. Бұл жобаны біз мектеп директорларымен, өрт сөндірушілермен, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының өкілдерімен ұзақ талқыладық. Бұл бағыттағы қадамдар өз кезегінде көптеген проблеманы шешеді, оның ішінде оқушы рюкзагының ауырлығын жеңілдетеді. Әрбір балада жеке шкафы болуы тиіс»,- деді министр.
Сондай-ақ, ол әр сыныпта Wi-Fi ішкі желісін орнату туралы да айтты.
«Бүгінде интернет мектептердің басым бөлігіне келіп отыр, "Сандық Қазақстан" аясында біз осы мәселені шешуді жоспарлап отырмыз. Алайда әр сыныпта Wi-Fi ішкі желісін орнату да маңызды мәселе. Біз Қазақстан мектептеріндегі құрылымдық кабель жүйесімен қысқа мерзімде қамтамасыз ету бойынша ірі жобаны жоспарлап отырмыз. Бұл жұмысты орындауда тәжірибе аясында студенттерді тартамыз деген үмітіміз бар, бірақ құрылғыларды жергілікті атқару органдары сатып алуы керек, бұл қымбат емес», - деп хабарлады үкімет отырысында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.
Жер мәселесі
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Үкімет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша баяндама жасады.
Жер реформасы бойынша Комиссияның жер заңнамасын жетілдіру жөніндегі дайындалған ұсыныстарын заңнамалық реттеу мақсатында Жер кодексіне келесі нормалар қарастырылған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылады:
1. Қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын сақтау және жетілдіру;
2. Қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шектеу (ең жоғары) мөлшерін белгілеу;
3. Шекара маңындағы аймақтарда ауыл шаруашылығы жерлерін берудің талаптарын қатаңдату;
4. Халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, елді мекендер маңындағы жайылымдардың алаңдарын анықтау.
Қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын сақтай отырып, заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін конкурстық негізде берудің бөлек тәртібін белгілеу қарастырылады.
Конкурсқа жариялылықты және барлық потенциалды қатысушыларға бірдей қатысуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп конкурсты өткізу туралы хабарламаны БАҚ, әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурстерінде жариялау қарастырылады.
Конкурстың жеңімпазын анықтайтын конкурстық комиссияның құрамына қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдері қатысады, олар комиссия мүшелерінің жалпы санының 50 % астамын құрайды.
Берілетін жерлердің ұтымды пайдаланылуын тексеру мақсатында, заң жобасымен тұрақты мониторинг жүргізу қарастырылды: жалға алудың алғашқы 5 жылында – жыл сайын,келесі кезеңдерде суармалы егістікте әрбір 3 жылда, тәлімді жерде – әр 5 жылда.
Ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен мөлшерін «бір қолға» беруге жол бермеу мақсатында, заң жобасымен қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің ең жоғары мөлшерін алқаптар бойынша республика, облыс және әкімшілік аудандар (қалалар) шегінде белгілеу қарастырылады.
Бұдан басқа, Заң жобасымен Мемлекеттік шекараның шекара белдеуінде және аймағында ауыл шаруашылығы жерлерін беру талаптарын күшейту қарастырылған, онда шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдіктердің қатысуы бар заңды тұлғаларға жерді иеленуге шектеу қойылады.
Ауыл тұрғындарының мал жаюы үшін жайылымдық алқаптардың жетіспеу проблемасын шешу үшін заң жобасымен елді мекендер маңында тұрғындардың жеке малдарын ұстау бойынша мұқтаждарын қанағаттандыру үшін қажетті жайылымдардың көлемдері анықталатын болады.
Бұдан басқа, заң жобасымен жер комиссисының статусын анықтау, жер учаскесінің бөлінуі, елді мекен жерлеріндегі жер учаскелерінің нысаналы мақсатын ауыстыру және т.б. мәселелерді қамтитын Жер кодексінің нормаларын жетілдіру қарастырылады.
ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Нысанбаев 2015 жылғы қарашада қабылданған Жер кодексінің нормалары бойынша туындаған қоғамдық резонансқа қатысты Жер реформасы жөніндегі комиссияның құрылғанын еске салды.
Жер комиссиясы мүшесі ретінде арнайы шақырылған Мұхтар Тайжан Үкімет отырысында 26 баптың өзгермеуін сұрады
«Бүгінгі талқыға салынатын заң жобасы ерекше маңызды деп білемін. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы бұл заң барлымызға ауыр тиді. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар қазақ халқының ділін, менталитетін түсінбей «жерді сатайық» деп шыға келді. Халық оған қарсы болып, мінезін көрсетті. Мұны Елбасы көріп түсінді. Ол арнайы комиссия құрды. Құрылған жер комиссиясы бұл мәселені бірнеше ай ақылдасып, талқылап 11 шешім қабылдады. Бүгінгі заң жобасы сол комиссияның шешімдері дайындалды», - деді ол.
Айта кеткім келетіні, бұл заң жобасы біз қабылдаған хаттамаға 100 пайыз сәйкес келеді. Мұнда мен кепіл бере аламын, себебі бұл жұмысқа өзім қатыстым. Біріншіден, мораторий бес жылға ұзарды. Қазір Парламент арнайы заң қабылдап, бекітті. Жер бес жыл бойы қазақстандықтарға да, өзге мемлекеттің азаматтарына да сатылмайды. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, Конституцияның 26-бабын өзгерту ұсынылып отырғаны жайында айта кеткім келеді. Меніңше, бұл бапты өзгеріссіз қалдыру керек, себебі бұл ұсыныс күмән туғызып отыр», - деді Мұхтар Тайжан үкімет отырысында.
«Латифундистерге осы заңның ішінде нормалар бар. Оны Ерлан Нысанбаев (ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі – автор) айтып кетті. Яғни бір адамға немесе бір фирмаға берілетін жердің көлеміне шектеу болады. Ол өте маңызды. Өйткені, латифундизм деген ұғымды жойып тастау керек. Жер халыққа тимей ауылда жұмыссыздық болады. Сондықтан біз оған арнайы назар аударғанымыз жөн», - деді ол.
Сөз соңында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Бүгін Үкімет отырысында 2016 жылы қоғамда резонанс тудырған Жер кодексі талқыға түсетінін айтты. Өз сөзінде, «Жер мәселесі турасында халықтың мұң-мұқтажы қабылданды», - деді Сағынтаев.