ОҚЫРМАН ХАТЫ: ЕЛГЕ ОРАЛҒАН ӘР ҚАЗАҚҚА АЗАМАТТЫҚ БЕРУ АТАЗАҢДА ЖАЗЫЛСА ЕКЕН!

/uploads/thumbnail/20170709204741254_small.jpg

Президенттің жарлығымен Конституцияға өзгеріс енгізу туралы бүкілхалықтық талқылау қызу жүріп жатыр. Жер туралы 26 баптағы өзгеріске халықтың қалай қарсы болып жатқанын азаматтардың арынынан, әлеуметтік желідегі пікір таластан, таксистердің әңгімесінен біліп жатырмыз.

Халық Конституциядағы өзгеріс туралы заң жобасынан тыс, өз ұсыныстарын да айта бастады. Солардың қатарындағы кеше ғана сіздердің «Қамшы» сайттарыңызда жарияланған екі ұсынысты мен де қолдаймын. Конституциядағы тіл туралы баптың екінші тармағына екі бастан қарсы едім. Ал, шеттен оралған қазақтарға азаматтық беруді Атазаңмен бекітуді қос қолдап құптаймын!

«Елбасы бастап кеткен ұлы көш келесі президенттердің тұсында да жалғасын табуы үшін мызғымас Конституцияның екінші бөліміндегі 10-ыншы бапқа «мызғымас Конституцияның екінші бөліміндегі 10-ыншы бапқа «Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар Қазақстан Республикасына кедергізсіз оралады және тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) алады» деген тармақ қосуды сұраймыз.» деген тармақша қосуды сұраймыз», - деп жазған екенсіздер. Бұл бастаманы қолдаушылардың саны көптігі байқалды. Сіздердің бастамаларыңыздан шабыт алып, әлеуметтік желіде аты бар тұлғалар, оқылымы көп сайттар да осы мәселені қаузапты.

Шындығында да оралмандарды елге шақырып, оларға Атажұрттың төрін ұсыну президенттің алтын әріппен жазылатын еңбегі. Президент Назарбаев «Шет елдерде жүрген ағайынды елге оралтып қуанту – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру болатын», - деген екен.

Қазақтар әлемге байлық қуып, бақыт қуып шашыраған жоқ. Бас сауғалап, Ресей империясы мен Ресей құрған совет одағының суық саясатының құрбаны болып, бақытсыздықтан шетел асып кетті. Тарихтың осы әділетсіздігін қалпына келтіру – расымен де Елабсы Нұрсұлтан Әбішұлының алтын әріппен жазылатын тарихи еңбегі.

Ертең елге басшы болып келген келесі президент бұл саясатты қалай жалғайды, шетелдегі қазақтар мәселесіне Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев сияқты мән беріп, маңыз беріп қарай ма? Ол жағы белгісіз. Ең маңыздысы қазір әлемдегі 5 миллион қазақтың жаһандану процесіне жұтылып бара жатқаны. Өте-мөте жалғыз ғана қазақ мектебі Қосағашпен Ресейдегі миллионға жуық қандасымыздың тағдыры қалай болмақ? Миллиардтар арасындағы миллион жарым қандасымыздың ертеңі не болмақ? Қытайда қазақ мектептері түгелге жуық жабылып бітті. Құжаттарына амалсыз өзбек деп жаздырып жүрген оңтүстік көршіміздегі қандастарымыз ненің күйін кешпек? Азаматтық алу туралы Атазаңда бап жазылса, Көші-қон заңы бір сілкініп, Көш шетелде ешбір қазақ қалмағанға дейін жалғасар еді деп ойлаймын.

Тіпті, мақалаға жазылған пікірлер арасында «шетелден келген ағайын шекарадан аттасымен бірден азаматтық берілсін» деп жазылыпты. Бұл, халықтың да шетелдегі ағайынға, алыстағы қандастарға ықыласының кең, құшағының ашық екенін көрсетсе керек. Бастамаларыңызды қолдай отырып, өзім өлеңін сүйіп оқитын Талғат ақын Ешенұлының мынау екі шумақ өлеңімен хатымды аяқтаймын:

Әуелден-ақ тағдырымыз алағай да бұлағай,

Сен ешкімге қарамай,

Ештеңеге қарамай,

Көшің түзе!

Бұқараңды баста, кел.

Азаппен кел, тозақпен кел,

Қаш та кел,

Ұрым-Қырым ас та кел.

Көшің түзе!

Күтпесе де ұлығы,

Көзі төрт боп тосқан ел.

 

Көрсек – бірге,

Туған елдің тойында

Бостандықтың шәрбат дәмін татайық.

Өлсек – бірге,

Туған жердің сайында

құшағымыз ажырамай жатайық!


Мұқағали Сарыбаев,

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрттан.

Связанные Статьи