Қазақстандағы туркод жүйесін әлі де жетілдіру керек. Мұндай пікірді Қазақстан Туристік агенттіктер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева білдірді.
Мамандардың атуынша, аталған жүйе туристерге ғана емес, банктер мен туристік операторлардың өздеріне түсініксіз болып отыр. «Менің ойымша, туркодты енгізудің қажеттілігі жоқ еді. Халықтың түсінігі әр түрлі. Туристер заңда көрсетілген жарты айлық есептік көрсеткішті төлеумен қатар, қосымша төлемді қолдамауы мүмкін. Заңда да, туркодты енгізген «Туристік қамқор» қорының қаулысында да ол туралы айтылмаған»,- дейді ол.
Айта кетейік, 11 саннан туратын туристік код 2016 жылдың 7 қарашасында енгізілді. Кодты сатып алу құны 1060 теңгені құрайды. Егер саяхат жолдамасын сатқан агенттік «Туристік қамқор» қорына тіркелген болса, онда туркод автоматты түрде сатып алуға тура келеді. Және жолдаманы сатып алған адам туралы барлық ақпарат «Туристік қамқор» қорының сайтына (fondkamkor.kz) тіркеледі. Шетелде тосын жағдай болып қалса, аталған қордан қосымша көмек алуға құқы бар. Ал көмек «Туристік қамқор» қорына жиналған қаржы есебінен көрсетілетін болады.
Алайда, Қазақстан туризм қауымдастығының президенті Рашида Шайкенованың айтуынша, туркодты алу бәріне бірдей міндетті емес. «Қазіргі таңда көп туристер әуе билеттерін өздері сатып алып, қонақүйді онлайн таңдайды. Ал оларды туркод алуға міндеттемеуге ешкімнің құқы жоқ. Туркод тек туристік операторлар арқылы тур сатып алатындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып отырған шара,»- деді Шәйкенова.
Мәліметтерге сүйенсек, қазір қорға 40 туркомпания тіркеліп, 180 миллион теңге қаржы жиналған. Айта кетейік, «Туристік қамқор» қоры туристердің құқын қорғау мақсатында құрылған.