«Қазақстан» Ұлттық арнасындағы жағымды өзгерістер

/uploads/thumbnail/20170709225211045_small.jpg

Жаңаны қабылдай алмау, ескіге емексу қашан да қазақтың санасынан арылмаған әдет. «Қазақстан» Ұлттық арнасына жаңа басшы келіп, тың дүниелер, соны бетбұрыстар жасалып жатыр.

 «Ойбай, «Келін» деген бәле болды, не жұмыс істетпейді, ұрпағымызды өзге ділге бұрып барады» деп шулаған үнді сериалдары да эфирден алынып тасталды. Алдағы уақытта түрік сериалдарына, түрлі шоу-концерттерге де мұндай сұрыптаулар жасалатынын естіп жатырмыз.

Ал «Басты ақпарат» атауымен «Жаңалықтар» да эфирге сөзі өтімді, кәсіби шебер, өз ісінің маманы Қымбат Досжан мен Данияр Меңілбековтің жүргізушілігіне өтті. Жаңалықтар қызметінде, елге ақпарат жеткізуде өткір мәселелер көзделіп, халықтың әлеуметтік мәселелері назардан тыс қалмайтын, алдағы уақытта нағыз ұлттың жоқшысы болар арна екендігін дәлелдей түспекші.

Бұрын сипай қамшылап, онша бара бермейтін тақырыптарға да кең көлемде орын берілетінін де естіп-біліп, көріп жатырмыз. Оның бір айғағы кеше ғана өткен Конституцияға қатысты телекөпір. Бұған дейін «Қазақстан» арнасының эфирінен көрінбек түгілі, есімдері аталмайтын Айдос Сарым мен Әміржан Қосановтың пікірталасқа қатысуының өзі алдағы уақытта ұлттық арнаның қаншалықты мүмкіндкке ие болғандығын байқатады.

Бүгіннен бастап телеарнадағы тың өзгерістер көрермен назарына жол тартты. Таңғы ұйқыдан оянып, қызметке жиналған жандарға ерекше көңіл күй сыйлап, нағыз криатив ұсынған 25 жылдық тарихы бар «Таңшолпан» бағдарламасының жаңа форматы көрермендерін бірден баурап алды. «Таңшолпан» бағдарламасының басты ұстанымының өзі – қызметтегі жандарға арналған. Ол қоғамның барлық саласындағы көрерменді қоғамның барлық саласындағы қызықты, тартымды ақпаратпен қамтамасыз ету. Екі жүргізушіге көзі үйреніп, одан артық адамды қабылдай алмайтындай деңгейге жеткен көрермендер үшін төрт бірдей жүргізушіні қабылдай қою оңайға соқпасы белгілі. Ал шын мәнісінде, төртеуі бірін-бірі толықтырып отырғанын байқауға болады.

Арна басшысы Ерлан Қарин алдағы уақытта да тың өзгерістер болатынын айтып отыр. Және ол бір сөзінде Алаш қайраткерлерінің өмірін, олардың тартысқа толы тағдырының бір сәтін көрсететін сериал жасауды да тапсырғанын айтты.

Сонымен қатар, «Таңшолпанда» да, «Басты ақпаратта» да сарапшы-мамандардың болуы арнаның халықаралық стандартқа сай, әр бағдарламаға, әр ақпаратқа, қоғамда болып жатқан кез келген оқиғаға сын көзбен қарауға жетелейді. Телеарнаның мұндай ұстанымы алдағы уақытта дами түседі ғой деп ойлаймыз.

Өзіміз жақсы көретін бір сөзіміз бар ғой, «Мәскеу бір күнде тұрғызылған жоқ» дейтін. Осы сөзді ұлттық арнаның қазіргі бетбұрысына да қолданған дұрыс деп ойлаймын. Қызметке келгеніне бір ай енді ғана болған Ерлан Тынымбайұлының қолға алып жатқан қызметіне қолдау білдіріп, ұлттық арнамыздың шынымен де ұлтқа қызмет етер арна болуына ат салысайық.

Ұлттық арнаның ұлт үшін қызмет етіп келе жатқанын баршаңыз жақсы білесіздер, алдағы уақытта да бұл ұстанымнан жаңылмасы анық.

Оставить комментарий

Связанные Статьи