Қазақ радиосын басқаруға тек бойында ұлттық рухы қайнап тұрған азамат қана лайықты. Мәди – дәл осындай азамат! Қазақтың жарық жұлдыздары - Ғани Мұратбаев, Баубек Бұлқышев, Саттар Ерубаевтардың бойында ұлтына деген толассыз сүйспеншілік пен жалынды рух лаулап тұрған болса, мен бүгін осы отты Мәди Манатбекұлының бойынан көремін. Мәди - осы шоқтығы биік ұлт мақтанышы бола білген арда ұлдардың ізімен келе жатқан өз заманының ұлтжанды жастарының бірі және бірегейі. Оның асыл қасиеті - өз мүддесінен, елінің мүддесін жоғары қоятындығы. Оған өзім талай куә болдым. Мәди Манатбекұлы «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүргенде алдына сол кездері күрмеуі қиын болып тұрған бір мәселемен кірдім. Айтар болсам, айтулы телерадиокорпорациясында жұмыс жасап жүрген аналар жүктілікке және босануға байланысты үш жылға демалысқа кетіп, қайта жұмыс орнына оралған уақытта үш айға дейін тек 20 мың теңгеге жұмыс жасауға тура келетін. Мен Мәдиге, бұл бала күтімінен ақшадан әбден тарығып шыққан аналар үшін өте ауыр жағдай екенін айттым. Ол бұл жағдайдан мүлдем хабарсыз екен. «Бұл аналарды қолдау емес, қорлау ғой. Дәл бізде мұндай келеңсіздіктер бар екенін білмеппін» деп телефонмен корпорацияның бас бухгалтерін шақыртып мән-жаймен толық танысып, бұл мәселені тез арада шешетіндігін айтты. Мәди сөзінде тұрды. Корпорация төрағасымен өзара келісіп, жылдар бойы түйіні шешілмей келген қиындықтың түйінін тарқатып, үш-төрт күннің ішінде шешіп, бізге қуанышты хабарды жеткізді. Сондай-ақ, «Қазақстан» телерадио корпорациясында қазақ болмысына тән, жалпы мұсылмандарға ортақ, «АЛЛА, ҚҰДАЙЫМ, шариғат, шүкір, ассалаумағалейкум» сияқты сөздер айтылмайтын болсын деген орынсыз талаптар қойылғанда, осы бассыздыққа қарсы шыққан да Мәди бауырымыз болды. Міне, Қазақ радиосына басшылыққа осындай ұлтын, халқын құлай сүйетін азаматтың келуі мені қатты қуантты! Мәди Манатбек «Республикалық радио» ЖШС-нің Бас директоры болып тағайындалса, айта кету керек, оның бірінші орынбасары болып жастардың арасынан суырылып шыққан, жалынды жырларымен халық жүрегін жаулап жүрген жас ақын Серік Сейтман бауырымыз сайланды. Бірде Мемлекеттік Думада сөз сөйлеп тұрған Сұлтанбек Қожановқа бір адам: - Сіз ұлтым-ұлтым» деп көп сөйлейді екенсіз дегенде: «Өз ұлтының қадір-қасиетін білмеген, басқа ұлттарды жақсы көріп, жартпайды» деген екен. Серіктің өлең-жырларында ұлтына деген шексіз сүйіспеншілік жатыр. Бәріне емес, көпшілікке етене таныс біріне тоқталайын. Дәрібаевтар ансамблі орындап жүрген «Қазақтың қаны» әнінің сөзі санадан өтіп, жүрекке жетеді. Бойында ұлттық рух қайнап тұрған адамнан ғана осындай патриоттық жыр туады.
Бабам қазақ болмаса, атам қазақ бола ма?
Атам қазақ болмаса, әкем қазақ бола ма?
Әкем қазақ болмаса, мен қазақ боп өсем бе?
Мен қазақ боп тумасам, бақытты өмір кешем бе?.
Міне, қазіргі Қазақ радиосының басшылығына кешегі Мағжан ақын жырлағандай:
«Арыстандай айбатты, жолдарыстай қайратты – Қырандай күшті қанатты» жастар келді.
Қазақ радиосы – қазақ руханиятының алтын бесігі. Қазақ радиосы - тарихтың алтын дәуірі - ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырды тұла бойына сыйдырып тұрған тұнып тұрған тірі шежіре. Руханияттың алтын ордасында бір ғасыр бойы Қазақ елінің қалыптасуына, өркендеуіне, өсуіне орасан зор еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, тарихи тұлғалардың биік рухы асқақтап тұр. Бұл қара шаңырақта - екінші дүниежүзілік соғыстың Бауыржан Момышұлы сынды ұлы қолбасшысы бастаған батыр ұл-қыздарының, Жамбыл Жабаев бастаған жыр алыптарының, Мұхтар Әуезов бастаған заңғар жазушылардың, Қаныш Сәтбаев бастаған білім мен ғылымдағы қайталанбас кемеңгерлердің, Әміре Қашаубаев, Шәкен Айманов, Күләш Байсейтова бастаған мәдениет пен өнер майталмандарының, талай тарландардың табанының ізі сайрап жатыр. Сол себептен, Қазақ радиосын «көтеремін, арнасын кеңейтемін» деп келген азаматтардың асығы алшасынан түсіп, күні оңынан туып, жұлдыздай жанып, биікте жарқырайды. Ал «өшіремін, тынысын тарылтамын» деп келгендер өздері өшіп, киелі рухтың назасына қалып, қарғысқа ұшырайды. Оны көзіміз көріп жүр.
Бойында ұлттық рухы жалындаған Мәдидің бұл шаңыраққа келуі кездейсоқтық емес. Тылсым дүниенің бізге беймәлім құбылысы болуы ғажап емес. Олай дейтінім, кейде ымырт жамылғаннан кейін, түнде қалып жұмыс жасайтын кездерім болады. Сол кезде, еңсесі түсіп, «апырай» деп күрсінген дауыстар құлағыма келіп, жүрегім дүрсілдеп, денем түршігіп кететін кездер болады.
Алысқа бармай-ақ, қоялық. Іргеміздегі Ресейге қараңыздаршы. Орыс халқының дауысына, ұлттық құндылығына айналған «Русское радио» алып мемлекеттің мақтанышы болып, аспанында жұлдыз болып жарқырап тұр. Онда еңбек етудің өзі үлкен мақтаныш! Ресейде, «Русское радио» журналистерінің, басқа радиолармен салыстарғанда шоқтығы әлдеқайда биік. Олар өздерін тележұлдыздардан артық көрмесе кем көрмейді. Қоғамның да оларға деген көзқарасы жоғары. Оны білетінім, өткен жылы «Қазақстан» Ұлттық телерадиокорпорация басшыларының ұйымдастыруымен «Русское радио» журналистері бізге келіп шеберлік сыныптарын өткізгенде, осының бәрін бізге үлкен мақтанышпен жеткізді. Бүгінде, «Русское радио» мен «Қазақ радиосының» айырмашылығы - аспан мен жердей. Ал неге сонда біз, мәңгілік ел болуды арман еткен, Ұлы дала баласы, ұлттық мүдденің қайнар бұлағы - Қазақ радиосының қадіріне жете алмай келеміз?! Неге басқа елдің жақсы жақтарын үйренбеске. Еліктесек жақсылыққа неге еліктемеске?! Қазақ радиосын басқа радиолардың көлеңкесінде ұстау ұлтымызға сын емес пе, ағайын! Дәл бүгін Қазақ радиосына жанашырлықпен қарамасақ, кейін кеш қаларымыз сөзсіз. Сондықтан оянатын, ойланатын кез жетті!
Мәди – Қазақ радиосын жандандыруға, жаңа леп беруге, қайта қазақ халқының руханиятына айналдыруға келген ұлт жанашыры деп білемін. Қара шаңырақтың қанатын қатайтуға, Мәди мен Серіктің ақылдары да, парасаттары да, білімдері мен біліктіліктері де, ең бастысы - ұлтжандылықтары да жетеді. Мен, жастарға сенемін!
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қазақ радиосының журналисі Алма Серікқали.
Оставить комментарий