ТИЕСІЛІ БАРЛЫҚ БЕЛБЕУІН ОРТАҒА САЛҒАН ГОЛОВКИН ЖЕҢДІ!

/uploads/thumbnail/20170709232654139_small.jpg

WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) мен америкалық боксшы Дэниел Джейкобс (32-1, 29 КО) арасындағы жекпе-жек өтті деп хабарлайды Qamshy.kz.

Головкин мен Джейкобс Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында рингке шықты.

Жекпе-жек Астана уақытымен шамамен сағат 09:40-та басталды. Отандасымыздың америкалыққа қарсы кездесуін «Қазақстан» және KazSport арналарынан тікелей эфирде тамашалап, жанкүйер болды.

Ең басты айта кетерлігі қазақстандық боксшы бұл кездесуде өзіне тиесілі барлық белбеуін ортаға салды.

«GGG-ге қарсы кездесу өмірімдегі ең айтулы жекпе-жек болайын деп тұр. Бұл маған берілген үлкен мүмкіндік. Енді жеңіске жету үшін аянып қалмаспын. Өзіме өзім толықтай сенімдімін. Басымнан өткен қиын жағдайлардан кейін қандай сынаққа (Дэниел 2011 жылы ісік ауруына шалдыққан) болсын дайынмын. Қазір ешнәрседен қорықпаймын», – деп сұхбат берген жекпе-жектен бұрын Дэниел Джейкобс.

Алғашқы екі раундта екі боксшы да ашыла қойған жоқ.

Гена бұған дейінгі жекпе-жектеріндегідей емес қорғанысқа да мән берген.

Үшінші раундта Джекйкобстің бір соққысы Головкинге дарыды.

Төртінші раундта Джейбокстің иек астынан қайтара екі рет тиген Головкиннің оң қолының соққысы оны сұлатып салды. Дегенмен қайта тұрған Джейбокс өзінің тәжірибелі боксшы екенін көрсетті. Оңай шағылатын жаңғақ емес екенін көрсетіп, еркін жүрді. Жылдамдығын қосқандай көрінді. Ал, Головкин өз соққыларын ауырлата бастады.Алайда бұл нокдаун жекпе-жектің тағдырын шеше алмады.

Бесінші раунд бастала сала Головкиннің бірнеше соққысы Джейбокстің жағына тиді.

Алтыншы, жетінші раундта Головкиннің басымдылығы байқалды деді сарапшылар. Жетінші раунд өте тартысты өтті.

Сегізінші раундта көрермендер Джейбокстің жылдамдығына куә болды. Көптеген мамандар жекпе-жектің сегізінші раундта аяқталатынын болжаған. Алайда болжамдары жоққа шықты.

Тоғызыншы раундтың аяғында Гена қарсыласын бұрышқа тықсырып бірнеше қарымды соққы жасады.

«Дэниел лайықты түрде қарсылық көрсетеді деп сенемін. Бірақ кездесудің екінші бөлігінде, яғни жетінші және тоғызыншы раундтардың арасында Геннадийдің басымдығы сезіліп, Джейкобстың өкілдері жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болады. Немесе ол жойқын соққылардан есінен тануы мүмкін», ­– деген еді Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес.

Оныншы раундта боксшылар тең жекпе-жек өткізді.

Айта кетсек, бұған дейін Головкин ешбір жекпе-жегін 12 раундқа жеткізбеген. Оның ең көп раундты жекпе-жегі тек 11 раундқа жеткен.

11 раундта Джейбокс Головкинге шабуылдарын үдетті. Бұл раунд Джейбокстің пайдасына аяқтады.

Соңғы раунд өте тартысты өтті.

Мансабында бірде-бір рет жеңіліп көрмеген Геннадий Головкин шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізіп, 33-ін нокаутпен аяқтаған. Отандасымыз  2014 жылдың маусымынан бастап WBA нұсқасы бойынша суперчемпион, 2011 жылдан бастап IBO нұсқасы бойынша  Әлем чемпионы, 2015 жылдан бастап IBF нұсқасы бойынша  Әлем чемпионы титулдарына ие. Ал, 2016 жылы Сауль «Канело» Альварестің жекпе-жек өткізуінен бас тартқаннан кейін WBC нұсқасы бойынша  Әлем чемпионы атанды.

Қарсыласы Дэниел Джейкобс - орта салмақ дәрежесіндегі WBA нұсқасы бойынша Әлем чемпионы (2014 жылдан бастап) және NABF нұсқасы бойынша Солтүстік Америка чемпионы (2010). Кәсіби рингте 33 жекпе-жек өткізіп, тек бір рет қана жеңілістің ащы дәмін татып көрген. Америкалық боксшыны ресейлік Дмитрий Пирог нокаутқа жіберген болатын.

Айта кетсек, Джейбокстің бас иуге тұратын үлкен ерлігі оның рак ауруынан емделіп шығып үлкен спортқа оралуы.

Джейкобс АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында туып-өскен. Карьерасын әуесқой бокстан бастаған. Мұнда барлығы 137 жекпе-жекте жеңіске жетіп, тек жетеуінде ғана қарсыласына есе жіберіпті. 2003 жылы жастар арасында Олимпиада чемпионы атанса, 2004 жылы 19 жасқа дейінгілер арасында АҚШ чемпионы атағына қол жеткізген. «Алтын қолғап» жарысының төрт дүркін жеңімпазы атанған.

Әуесқой бокста біраз белестерді бағындырған соң кәсіпқойға ауысты. Алғаш кездесуінде 2007 жылы 8 желтоқсанда Флойд Мэйуезер мен Рикки Хаттонның андеркартында мексикалық Хосе Хесус Хуртадомен жұдырықтасып, 29 секундта нокаутпен жеңді.

Осыдан кейін мексикалық Гестор Лопеспен шығып, бірінші раундта-ақ сұлатып түсірді. Ал 2008 жылдың 16 ақпанында Александр Волковты 2-раундта нокаутпен жеңді. Кәсіпқой боксқа жаңадан келген жас тарлан әлемдік рингте өзіндік орнын қалыптастыру үшін небір мықтылармен күш сынасты. Осыдан кейін бірнеше айдың ішінде алты бірдей жекпе-жек өткізіп, бәрін де уақытынан бұрын жеңіске жеткен.

2008 жылдың 27 қыркүйегінде Эммануель Гонсалеспен сынға түсіп, кәсіпқой рингте бірінші рет кездесуді толығымен өткізді. Қарсыласын бірнеше мәрте есінен тандырып барып, төрешілердің шешімімен кезекті жеңісіне жетті.

2009 жылдың 2 мамырында Майк Уолкер мен Джеймс Киркленд жұдырықтасуы тиіс болатын. Бірақ күтпеген жерден Киркленд қамауға алынып, жекпе-жекке бір аптадай уақыт қалғанда Джейкобсқа Уолкермен күш сынасу туралы ұсыныс түседі. Дайындығының аздығына қарамай ол бірден келісімін береді. Әдеттегідей нокаутпен жеңбесе де қазылар бірауыздан жеңісті америкалық боксшыға берді.

2009 жылдың 22 тамызында отандасы Ише Смитпен күш сынасып, WBO NABO (Солтүстік Америка бокс қауымдастығы) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Араға жеті ай салып, Хуан Асторгуды жеңіп, NABF (Солтүстік бокс федерациясы) титулына қол жеткізді.

Джейкобстың бокстағы маңызы жоғары, айтулы жекпе-жектерінің бірі 2010 жылдың 31 шілдесінде өтті. Бұл күні ол WBO белбеуі үшін ресейлік Дмитрий Пирогпен айқасты. Бұған дейін қос боксшы да жеңіліс көрмеген еді. 5-раундта ресейлік Дэниелді нокаутпен жеңді. Бұл оның алғашқы нокауты болатын.

Ал келесі екі кездесуінде уақытынан бұрын жеңді.

Қатерлі ісікпен күрес

Бұл шамамен 2010 жыл болатын. Осы екі жеңістен кейін Джейкобс біраз уақыт көрінбей кетті.

2011 жылдың соңына таман «New York Daily News» басылымы алғаш болып, оның қатерлі ісікке шалдыққанын жазды. Остеосаркома, яғни сүйек ісігі салдарынан күні кеше рингте атой салған жас боксшы аяғын баса алмай қалды. Жұлынына тоғыз сағат ота жасалып, одан кейін химиятерапияның бірнеше курсын алды. Мұндай ауыр дертке шалдыққан адам боксқа қайта оралады деп күткен адам кем де кем еді. Алайда, ерік жігерінің керемет күштілігі арқасында Джейкобс араға 19 ай салып боксқа қайта оралады.

«Бейне бір басқа әлемге ұзақ саяхатқа барып келгендей болдым», – деп еске алды өзі науқасы туралы.

Ауру Джейкобстың қайырымдылық қор ашуына себеп болды.

«Ауруханада жатқан күндерімде өмірге деген көзқарасым өзгерді. Айналамдағы бейкүнә жандардың өмірге деген құштарлығын көрдім. Осыдан емделіп шықсам, науқастарға көмектесемін деп өзіме өзім серт бердім. Ал енді мұны мойнымдағы қарызым деп білемін», – деді ол.

Шаршы алаңға қайта оралған Джейкобс австралиялық Джаррод Флетчермен WBA нұсқасының чемпиондығы үшін сынға түсіп, 5-раундта нокаутпен жеңді.

Нью-Йоркте 2015 жылы 1 тамызда Серхио Морамен арада тартысты жекпе-жек өтті. Алғашқы раундтың өзінде-ақ екеуі де нокдаун алып үлгереді. Дегенмен, келесі раундта тез ес жиған Джейкобс жылдам соққылармен үсті-үстіне төпелеп, жеңіске жетті. Ал реванш өткен жылдың 9 қыркүйегінде өтті. Мұнда ол тағы да басым болды.

«Джейкобс мен көрген панчерлердің ішіндегі ең мықтысы. Оның күшін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Орта салмақтағы үздіктердің бірі Геннадий Головкинмен кездессе, лайықты қарсылас бола алады деп ойлаймын. Меніңше, соққыны кім көтере алса, бұл айқаста сол жеңіске жетеді», – деді Мора.

Кәсіпқой бокстағы ең ірі жеңісіне Джейкобс 2015 жылдың 6 желтоқсанында жетті. Бұған дейін жеңілмеген Питер Куиллинмен жекпе-жек өткізіп, 85 секундтың ішінде техникалық нокаутпен ұтты. Мамандар бұл айқаста Куиллин небәрі 16 рет жұдырық сермесе, соның тек екеуі ғана дәл тигенін, ал Джейкобс жасаған 53 соққының 27-сі нысанаға дарығанын анықтады.

Джейкобстың рингтегі жеңістерін есепке алмағанның өзінде қатерлі дерттен айығып, боксқа қайта оралуын ешбір ерліктен кем санауға болмайды. Головкиннің бұған дейінгі қарсыластарына бақылай көз салсақ, алдын-ала құлдырап, психологиялық жеңіліс тауып жатады. Ал Дэниел ше? Қатерлі аурудан айығып, шаршы алаңға қайта оралған спортшының рухани осал болуы мүмкін бе? Осыдан қарап GGG-ге бұл жолы қандай қарсылас тап келіп тұрғанын шамалауға болады.

Естеріңізге салсақ, осы жекпе-жекте жеңіс Головкинде болса 2,5 миллион доллар, ал Джейбокске 1,75 миллион доллар гонорар қойылған еді.

Оставить комментарий

Связанные Статьи