МИРЗИЁЕВ: ХАЛЫҚПЕН ДИАЛОГСЫЗ ЕШҚАНДАЙ ДА ТАБЫСТЫ ДАМУДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МҮМКІН БОЛМАЙТЫНДЫҒЫНА СЕНІМДІМІН

/uploads/thumbnail/20170709233110403_small.jpg

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев наурыздың 22-23 күндері Астанаға алғаш рет мемлекеттік сапармен келеді. Бауырлас халықтар үшін ұлық мейрам саналатын Наурыз мерекесі күндеріндегі сапардың маңыздылығына сарапшылар назар аудара бастаған болатын. Осынау мемлекеттік сапар қарсаңында Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігі тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген деп хабарлайды Qamshy.kz.

Сұхбатында Өзбек президенті өзінің Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанына байланысты «Қазақстан Президентімен болатын алдағы кездесуде біз ең бірінші кезекте елдер арасындағы байланысты белсенді ете түсу мәселелері бойынша пікір алмасып, тұтастай өңірдегі жағдайды да талқылайтын боламыз. Өзбекстан халқы бауырлас Қазақстанның Президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты біледі және құрметтейді. Былтырғы жылдың қыркүйек айында досы Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті Ислам Абдуғаниұлы Кәрімовты еске алу үшін Н.Назарбаевтың біздің елімізге арнайы келуін халық оның тұлғалық қасиеті ретінде жоғары бағаланған болатын. Мұндай дүниелер еш уақытта ұмытылмайды... Қазақстанға сапарым біздің қарым-қатынасымызды дамыта түсу үшін жаңа қадамдарға жол ашады деп сенемін. Екі елдің де халқы дәл осынау кездесуден көп нәрсе күтіп отырғанын білеміз. Ондай сенімдердің ақталатынына да менің үмітім мол», - деген. 

2017 жыл Өзбекстанда Халықпен диалог және адам мүдделері жылы ретінде жарияланғанын айтқан Мирзиёев «Бұл негізінен билік пен еліміздің кез келген азаматтары арасындағы тікелей байланысты қалыптастырудың өзектілігімен түсіндіріледі. Бұл ретте былтырғы жылдың соңына таман халық пен мемлекет арасындағы өзара іс әрекеттің титімді тетігі ретінде виртуалды қабылдау ашылып, онда бүгінгі күнге дейін жарты миллионнан астам адам пікір білдірген. Осындай өтініштердің барлығы дерлік қаралып, белгілі бір формада жауаптар берілді.

Мен халықпен диалогсыз ешқандай да табысты дамуды қамтамасыз ету мүмкін болмайтындығына сенімдімін. Ал мұның түпкі мәніне келсек, ол қарапайым ғана формуладан тұрады: халық мемлекетке емес, мемлекет халыққа қызмет етуі керек. Менің ойымша, Өзбекстанда бүгін атқарылып жатқанның бәрі осы квинтэссенцияда», - дейді өз сөзінде Өзбекстандағы демократиялық реформа турасында.

Тілшінің қазіргі Өзбек-қазақ қарым-қатынасы туралы сұрағына

«Өзбек-Қазақ қарым қатынасы шындығында да Орталық Азияның орнықты дамуында үлкен маңызға ие. Сол үшін де біздің мемлекеттеріміз арасында стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойылуы кездейсоқтық деп айта алмаймын. Ол құжат сөзсіз барлық бағыттағы ынтымақтастық мәселелерімен толыққан. Біз басқалардай емес, өз заманымыздың ең күрделі кезеңдерінде өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалдық. Мемлекеттер арасында үлкен әрі салмақты конфликтілер орын алған жоқ. Біздің мемлекеттер басшыларының, олардың көрегендік саясатының арқасында күні бүгінге дейін Орталық Азияның басқа да мемлекеттерімен өңірдегі ынтымақтастыққа көрініс беретін өзара тиімді қарым қатынасты орната алдық. Мен Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ ретінде жариялап, бұл бастаманы әлемдік аренада ілгерілету, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжаты ретінде бекіту өңірлік мәнге ие болып қана қоймағанын, оның жаһандық деңгейдегі ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға көп септігін тигізгеніне сенімдімін.

Орталық Азияны дамыту туралы айта отырып, біз кез келген көліктік-коммуникациялық, энергетикалық сипаттағы ірі жобалардың өңір мемлекеттерінің белсенді әрекеттесуінсіз, олардың интеграциясының жоғары деңгейінсіз жүзеге асыру мүмкін емес екенін жақсы түсінеміз. Бүгінгі күні Орталық Азияның халықаралық энергетикалық және көліктік жобаларда басты ойыншы болып келе жатқаны  - бұл көбінесе осы өңірдегі мемлекеттердің белсенді сыртқы саясатындағы қызметтерінің нәтижесіне байланысты. Бірлескен жұмыстардың арқасында Орталық Азия Батысты Шығыспен, Оңтүстікті Солтүстікпен байланыстыратын халықаралық көлік дәліздерінің қиылысына айналып отыр. Сонымен қатар, бүгінгі күні Ұлы Жібек жолы жаңа базада қалпына келе бастады. Осыған байланысты мен Орталық Азия мемлекеттерін осыдан бірнеше ғасыр бұрынғы кезеңдегідей Еуразия құрлығындағы басты көлік артериясының жүрегінде тұрмыз деп айтар едім.

Сонымен қатар Қазақстан Өзбекстанның маңызды экономикалық әріптестерінің қатарына кіретінін үлкен ыждағаттылықпен айтып өткім келеді. Әрине, жаһандық қаржы дағдарысы елдер арасындағы тауар айналымының қарқынына әсер етпей қоймады. Әйтсе де біздің елдеріміздің ынтымақтастығында іске аспаған әлеуеттердің басым бөлігі осы салада екенін мойындауға тура келеді. Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен жұмыс істеп жатқан 230 кәсіпорын бар. Ал Қазақстанда біздің еліміздің резиденттерінің қатысуымен 130-ге тарта кәсіпорын жұмыс істеуде. Бұл көрсеткішті еселей түсуге де болатын еді. Тауар айналымын да бірнеше есеге арттыруға мүдделіміз», - деп жауап берген өзбек басшысы.

Сұхбат соңында өзбек елі басшысы «Осы жолғы Қазақстанға сапарымның Наурыз мейрамымен тұспа тұс келуінің терең символдық мәні бар. Наурыз - біздің ертеден келе жатқан ортақ, ұлық мерекеміз, ол Жаңа жылдың келгенін, жаңғыру мен жаңа өмірдің басталғанын білдіреді. Бұл күндері Қазақстан Конституцияға өзгерістер енгізіп, маңызды шешім қабылдап жатса, Өзбекстан да бес басым бағыт бойынша іс-қимыл Стратегиясын жүзеге асыра бастады. Ендеше біздің елдеріміз де жаңғыру мен жаңа даму табалдырығында тұр. Біз шын көңілден Қазақстанның одан әрі гүлденуін тілейміз. Өзбек елінің үлкен досы, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана басшылығындағы Қазақ елі «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы көздеген міндеттерге қол жеткізіп, әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көрінетініне сенімдімін. Бұндай ұлы мақсаттарға қол жеткізілетінінен еш күмән жоқ, сондықтан Қазақстан халқы да дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі деген сенімдемін. Наурыз мейрамында әрбір қазақстандық отбасыға игілік, бақыт, бейбітшілік пен гүлденуді тілеймін», - деп тілегін жолдаған қазақстандықтарға.

Связанные Статьи