Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті биология және биотехнология факультетінде қазақстандық биолог ғалым, Биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰҒА-ның академигі Майя Хажетдинқызы Шығаева атындағы дәрісханасының ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына Майя Хажетдинқызын бір минут үнсіздікте еске алумен басталды.
Ашылу салтанаты ІV халықаралық Фараби оқулары аясында өтіп жатқан, Майя Хажетдинқызының рухына арналған «биотехнология, экология және физико-химиялық биологияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушы отандық және шетелдік ғалымдармен бірге марқұм Майя Хажетдинқызының әріптестері, шәкірттері және отбасы мүшелері, сонымен қатар, студенттер мен жас ғалымдар қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған факультет деканы б.ғ.д., профессор Болатхан Қазыханұлы Майя Хажетдинқызының тек қана отандық биология ғылымдарына ғана емес, әлемдік білім мен ғылым саласына қосқан үлестері мен сіңірген ерен еңбегін атап өтті.
Майя Хажетдинқызының шәкірті, Х. Досмұхамедов атындағы АМУ профессоры Сағындықова София Зулхарнайқызы қазіргі Қазақстанның Ресейдегі өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың бастамасымен жарық көрген, Рашили Мурсаливаның «Атырау арулары» кітабына Мая Хажетдинқызының енгізілгендігі туралы және «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей Майя Хажетдинқызының Бөкей ордасының хан-сұлтандары Тоғым, Жәңгір, Нұралы, Шығай және атақты дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлының ұрпағы екендігіне тоқталды.Сонымен қатар,ол кісінің құрметіне микробиология саласы бойынша үздік оқыған студенттерге «Майя Хажетдинқызы» атындағы стипендия тағайындау туралы бастама көтеріп, алғашқы 100мың теңге стипендияны факультетімізге ұсынды.
Б.ғ.д., ҚазҰҒА-ның корреспондент мүшесі Бисембаев Амангелді Қуанбайұлы, қолда барды сақтап қалудың өзі қиын болған 90-жылдардағы өтпелі кезеңде, қазіргі өзі басшылық ететін биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтын професорлар Майя Хажетдинқызы, Берсімбаев Рахметқажы Ескендірұлы және Төлеуханов Сұлтан Төлеуханұлының ірге тасын қалауға сіңірген еңбетерін еске ала отырып, Қазақстанда Майя Хажетдинқызы мен микробиология ғылымын ажырамас егіз ұғым ретінде қарастырды.
Айта кетейік, Майя Хажетдинқызы үстіміздегі жылдың ақпан айында 91 жасында өмірден озған болатын.
Ел арасында айтылған ақпаратқа сәйкес, Майя Хажетдинқызын Әзілхан Нұршайқов «Махаббат қызық мол жылдар» романындағы Меңтай бейнесі ретінде алған екен.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 3- курс студенті Арафат Дербесұлы
Аға оқытушы Әлібек Ыдырысұлы