Бүгін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Музейдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының өзекті мәселелері» тақырыбында «12 – сәуір ғылыми қызметкерлер» күніне орай дөңгелек үстел болып өтті деп хабарлайды "Қамшы" ақпараттық агенттігі.
Дөңгелек үстел жұмысына «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қызметкерлерімен бірге, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкерлері PhD (философия докторы) Музаффар Гурсой, Сыздықов Бақдәулет, Н. Төреқұлов музейінің ғылыми қызметкері – Нышанбаева Роза, С. Ерубаев музейінің меңгерушісі – Бостанов Ақсүмбе, ғылыми қызметкер – С.Ниетбек қатысып өз ойларын ортаға салды.
Алғашқы сөз кезегін алған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ж.Әубәкір барлық ғылым саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді, ғылыми қоғамды, төл мерекелерімен құттықтап, биік белестерге жетуге сәттілік пен шығармашылық табыстар тіледі.
Келесі кезекте қорық-мұражайдың кіші ғылыми қызметкері А.Орынбекова қорық-музейдің ғылыми-зерттеу бөлімінің тарихы, құрылымы, атқарып жатқан қызметтері, жеткен жетістіктерін таныстыратын қысқаша баяндама оқыды.
Дөңгелек үстел барысында, бүгінгі музейлерде ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізілу барысы, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен байланысты келелі ойлар, зерттеулер жүргізудің әдіс-тәсілдері және музейлер мен ұрпақ тәрбиесін ұштастыруға байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, ескерткіштерді қорғау, сақтау, насихаттау жұмыстарын жүйелі жолға қоюдағы ғылымның орны сынды тақырыптар төңірегінде пікірлер айтылды.
Жиын соңында келген қонақтарға қорық-музейдің баспа өнімдері сыйға берілді.
Оставить комментарий