БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ: АЛАШОРДАНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫН КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАП ӨТПЕУ ҮЛКЕН ҚИЯНАТ

/uploads/thumbnail/20170710022000428_small.jpeg

Астанада Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары қатысуымен өткен ғылыми конференцияда қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы «ғалымдар   мен қоғам қайраткері Алашорданың 100 жылдығын кең көлемде атап өтуге үлестерін қосуы тиіс» екендігін айтты.

Биыл Алаш қозғалысының ғасырлық тойы - Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. «Шын мәнінде Үкімет тарапынан Алашорданың 100 жылдығына арналған шараларымен қатар, өзіміз әрбір азамат пен ғалым, қоғам қайраткері «мен не істей аламын?» деген ойда болуы тиіс деп санаймын. Бұл атаулы датаны кең көлемде атап өтпеу үлкен қиянат. Сондықтан ғалымдар, зиялы қауым өкілдері өз үлестерін бірігіп қосса деген тілек бар»,-деп тоқталды Берік Әбдіғалиұлы.

Осы орайда ол бүгінге дейін Алаш қозғалысына қатысты көптеген еңбектер жарияланғанын айта келе: «Алдағы уақытта әлі де шығатыны анық. Бірақ сонымен қатар зерттелмеген тақырыптар да баршылық. Атап айтқанда, белгісіз тақырыптардың бірі Алаш әскеріне қатысты еді. Шын мәнінде Алаш әскерінің орны ерекше деп есептейміз. Үш жылдан бері Ресей архивтерінде жұмыс істеп, биыл күзге қарай кітабым шығады деп жоспарлап отырмын»,-деді.

Б.Әбдіғалиұлының пайымынша, арманда кеткен бабаларымыздың есімін жаңғырту, ерліктерін көрсету бүгінгі ұрпақтың үлкен міндеті болуы тиіс. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ағымдағы жылдың басында Алашорда қозғалысының құрылғанына 100 жыл толуына орай Алаш зиялыларының шығармашылық мұраларын зерделеу және оны жандандыру мәселелері бойынша Тасмағамбетовтің бастамасымен Үкіметте кеңес өтіп, Үкімет Алашорданың 100 жылдығын кең көлемде атап өтуге әзірлене бастаған еді. Бұл ретте, Алаш қозғалысының тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын, оның көшбасшыларының саяси-құқықтық, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастарын, тұжырымдарын жаңа заманның талаптарына сай зерделеу ескерілген болатын. 

Оставить комментарий

Связанные Статьи