Эрнест Хемингуэйдің актриса Марлен Дитрихке деген сезімін білдірген ғашықтық хаты аукционға шығарылады, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, хаттың алғашқы бағасы 30 мың доллардан басталады. Аукцион 4 мамырда Нью-Йорктегі Swan галереясында өткізіледі.
Хемингуэй 1952 жылы Дитрихке деген ыстық сезімге толы хатын Кубада тұрғанда жазған екен. Бұдан бір жыл бұрын актриса оның суреттерін сақтап жүргенін мойындаған.
Хемингуэй мен Дитрих 1934 жылы танысып, сол сәттен бастап үздіксіз хат алысып жүрген. Солай бола тұра, жазушы мен актрисаның арасында жақын қарым-қатынас бола қоймаған. Хемингуэй өз хатында екеуін «мезгілсіз махаббаттың құрбандары» деп атаған. Сондай-ақ, өзінің ыстық сезімін де жеткізе отырып, былай жазады: «Өтінемін, сені әрдайым сүйіп өтетінімді біл. Кей кездері сен жайлы ойлауды ұмытып кетемін, ол уақытта жүрегімнің де соғып тұрғанын ұмытамын. Бірақ ол үздіксіз соғып тұрады».
Голливуд жұлдызы мен Нобель сыйлығының иегері арасындағы махаббат хаттарын ұрпақтары көп жылдар бойы сақтап келген. Дитрихтың немерелері соңғы жылдары актрисаның жазушыдан алған хаттарын аукционға шығарып үлгерген.
Оставить комментарий