«ҚазТрансГаз Аймақ» кешірім сұрамаса, газсыз отыра беремін!

/uploads/thumbnail/20170710031057276_small.jpg

Фейсбук қолданушысы Қажымұқан Ғабдолла өз парақшасында лауазымды тұлғалар назарына хат жазып, жұртшылықтан көмек сұрады, деп хабарлайды Қамшы АА. 

Мен Қазақ Елінің қатардағы бір қарапайым азаматымын. Кез келген пенденің басындағы жағдайлар менің басымда да бар. Былтыр мен өмірлік қосағым, үш баламның анасы Қымбат Өтегеновадан кенеттен айырылып қалдым. Ойламаған жерден қасырет шегіп, «ДЦП» диагнозымен ауыратын бір ұл мен бір қызым және үлкен ұлым, қысқасы, үш баламмен қалдым. Қолымда жасы 80-ге жақындаған анам бар...

...Дүйсенбі күні, яғни, 17 сәуірде түскі сағат сағат 12.30-да менің Орал қаласындағы (Мұхит көшесі 64-үй) жеке үйімнің газын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік бөлімшесінің Ескендиров деген бір жұмысшысы анам балаларға тамақ пісіріп жатырған кезде (алдын ала еш ескертусіз) айырып кетіпті. Қария анамның «Мен қазір ақшаңды қолма-қол төлейің» дегеніне де көнбей, дөрекі сөйлеп, тіпті, ауызына келген боқтық сөздер айтыпты. Ескендиров зейнетақысы шайлығына әзер жетіп отырған қарт анамның жылағанына қарамағанымен, сөз арасында: «Қасымда бастықтарым бар» деп, пара сұрағандай ишарат жасапты. Қорланған анам, шарасыз күйде қала берген...

Мен дереу «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақтан өндірістік бөлімшесінің Орал қаласындағы кеңсесіне бардым. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақтан өндірістік бөлімшесінің директоры Азимбек Азимбаевич Асаров еңбек демалысында (Өтірік-шынын бір құдай біледі?!. Қ.Ғ.) екен, мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Асылбек Темирxанович Кайбалиевке арнайы кіріп, бар шындықты: өзімнің газ қызметіне қарызымды білмей қалғанымды, ешқандай ескертудің болмағанын, өз қарызымды төлеуден бас тартпайтынымды, тек, анау орынсыз үстемеленген қомақты қаржыны құрайтын «газды қайта қосу» үшін 10 000 теңге төлеу керек дегенді алып тастауын сұрап, отбасылық жағдайымды да ашық айттым. Асылбек Кайбалиев: «Жарайды, бірінші қабатта күтіңіз, көмектесеміз» – деп уәдесін берді. Мен де риза көңілмен алғысымды айттым...

Біраз уақыттан кейін Рената деген қызметкер келіп: «17 880 теңге нақты қарызыңызды төлеңіз, газыңызды бүгін қосады» – деді. Мен дереу сұраған ақшасын төлеп, үйге қайттым. Сөйтсем меннен Асылбек Темирханович алдап құтылған екен. Арада көп өтпей әлгі Рената деген қызметкер маған қайтара хабарласып: «Сіздің газыңызды қоспайтын болдық, «газды қайта қосу»-ға (за подключение) қосымша 10 мың теңге төлемесеңіз, «газды қоспаймыз» деп жатыр бастық. Мүмкін Ахметов Ерлан деген тағы бір бастық бар соған барарсыз, ол кісі көмектесер» – дейді...

Олардың өздері бір минөттің ішінде жау қуғандай ажыратып кеткен газ құбырын қайта қосу үшін мен қосымша 10 мың теңге ақша төлеуім керек екен. Бұл қандай заң? Нендей тәртіп? Кімді басынғандық?

Біз заңды, құқықтылықты, кез келген қоғамның ең қымбат байлығы саналатын адамдардың құқықтарын сақтауға ұмтылған мемлекетте тұрып жатырмыз ба, әлде, әркім, әр мекеме ойына келгенді істейтін, адамның құқықтарын табанға таптайтын берекесіз кеңістікте тұрып жатырмыз ба?

Жарайды, газ қызметіне қарыз болып қалыппыз, оның төлемдерін ай сайын қадағалайтын адамдар қайда жүр? Әр отбасының әлеуметтік қауқары да әрқалай, қазір екінің бірі – жұмыссыз, турам нанға тиын таппайтындар да жоқ емес, ендеше, бізге алдын-ала келіп, жәй сөзбен неге ескертпейді? Тіпті, қарыз төлемді жабуға уақыт пен мұрсат неге берілмейді?..

Адамшылық жанашырлық, мейірім мен қайырым сезімдері қайда кетті? «Нарық» екен деп, бір-бірімізді таптауымыз керек пе? «Ақша табамыз» деген мақсатпен айуанға айналуымыз керек пе? Заңның әділетті орындалуын қадағалайтын прокурорларымыз қайда жүр?

Керек десеңіз, «Қарызымды қайтармаймын» деп, қашып жүрген ешкім жоқ. Аздаған уақыт пен болмашы мұрсат сұрайды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі: «Отандық кәсіпорындардың басшыларын әлеуметтік заңнаманы орындамағандары үшін жауапқа тартуды күшейту керек. Жекеменшік болғанымен, өз заңдарын бекітіп, ушықтыруға ешкімнің құқы жоқ» – деген демеп пе еді?!.

Еліміздің Президенті төрт жыл бұрын өзінің Жарлығымен Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігін құрып, үш жыл бұрын бұл орган Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті болып, қайта құрылды. Мемлекет басшысының сондағы басты мақсаты – адамдардың құқықтарын қорғау еді ғой!

Еліміздің бүгінгі Бас прокуроры Ж.Қ.Асановтың тың бастамалары көп азамат секілді, мәселені – адамдардың бейбіт өмір сүруін нақты қамтамасыз етуден неге бастамасқа?!.

Әлде, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақтан өндірістік бөлімшесі (бәлкім, басқа да толып жатқан мекемелер) өздері ажыратқан газ құбырын қайта қосуға әр тұтынушыдан қосымша 10 мың теңге алып, байып отыра бере ме?..

Мысалы, біздің облысымызда 160 мыңға тарта тұтынушы-нүктелері бар екен, соның әрбіріне өтірік сылтау тауып, жылына, кем дегенде, бір рет сөндіріп, 10 мың теңге айыппұл салып өндіріп алса, бұл мекеме 1 млрд 600 млн теңге қосымша таза табыс табады екен! Міне, қанаудың – қызыл қаны мен қасап майданы! Мінеки, жемқорлықтың жайындай жемсауы!

Қысқасы, мен бүгінде мүгедек балаларым мен зейнеткер анамды емдете алмай отырмын, сондықтан, артық басты тиын-тебенім жоқ!

Енді бір сілкініп, принципке барып, қолданыстағы заңдар мен құқығымның орындалуын талап етуге шешім қабылдадым. Қатесін түсініп, жетім-жесірді де аямай үйге баса көктеп кіріп, елді жылатып, газды айырып кеткен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақтан өндірістік бөлімшесінің Ескендиров деген жұмысшысы кешірім сұрап, өзі ажыратқан газ құбырын өзі келіп қосып бермесе, газсыз отыра беремін!

МЕНІҢ ТАЛАБЫМ МЫНАДАЙ:

1. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «Батыс Қазақстан өндірістік бөлімшесінің Ескендиров деген жұмысшысы менің анам мен бала-шағамнан кешірім сұрап, өзі ажыратқан газ құбырын (ешқандай «газды қайта қосу» деген қосымша 10000 теңге төлемсіз) өзі келіп қосып берсін!

2. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «Батыс Қазақстан өндірістік бөлімшесінің басшылығы жұмысшы Ескендировке тұтынушыларға дөрекілік көрсетіп, заңсыз әрекеттер жасағыны үшін жазба түрінде оған қатаң ескерту жасасын! (Ескерту жасалған бұйрықтың көшірмесін жәбірленуші – менің анама арнайы тапсырсын!).

МЕНІҢ ЖҰРТҚА ӨТІНІШІМ:

1. Ел ішінде маған көмектесе алатын қорғаушылар болса, көмектесіңіздер!

2. Ел ішінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік бөлімшесі адами һәм тұтынушы құқықтарын бұзған адамдар болса, шұғыл xабарласыңыздар!

Біз бірігіп, белсене әрекет жасасақ қана, өз арымыз бен құқымызды ешкімге таптатпаймыз! Тек сонда ғана біз көксеген болашақтың бағдары айқындалып, нақты рухани жаңғыру басталады.

Қажымұқан Ғабдолланың фейсбук парақшасынан алынды

Связанные Статьи