ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ НАЗАРБАЕВТЫҢ ПРЕЗИДЕНТ БОЛҒАНЫНА 27 ЖЫЛ ТОЛДЫ

/uploads/thumbnail/20170710035433570_small.JPG

Бүгін Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға президент болғанына 27 жыл толды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.

27 жыл бұрын (1990) Қазақ КСР-інің «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Конституцияға (Негізгі заң) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Президенті туралы» Жарлығы қабылданды.

1990 жылы 24 сәуірде жоғарғы Ке­ңес­те заң қабылдағаннан кейін, Прези­дентті сайлауда жасырын дауыс беруге қатысқан 335 депутат­тың 317-сі Н.Ә. Назарбаевты қол­дап, 18-і қарсы дауыс берді. Нәти­­­жесінде Н.Ә. Назарбаев Қа­зақ­­стан­ның тұңғыш президенті бо­лып сайланды. Н.Ә. Назарбаев­ты бұл жоғарғы лауазымдық қызметке Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің 21-пленумы бірауыздан ұсынған болатын.

1990 ж. 20 қарашада қабылданған "Қазақ КСР-нда мемлекеттік билік пен басқару құрылымдарын жетілдіру және Қазақ КСР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға сәйкес Қазақ КСР Президенті Қазақ КСР жоғары атқарушы және өкімші билік басшысы болып табылды.

1991 жылы 10 желтоқсанда "Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы" Қазақ КСР Заңымен Қазақ КСР Қазақстан Республикасы болып қайта аталды. ҚР Жоғарғы Кеңесі "Қазақстан Республикасы Президентінің қызметке кірісуі туралы" қаулы қабылдады, оған сәйкес Н. Ә. Назарбаев 1991 ж. 10 желтоқсаннан бастап ҚР Президенті қызметіне кірісті деп есептелді.

1991 жылы өткен президент сайлауына кандидат ретінде Нұрсұлтан Назарбаев тіркелді. Сайлау кезінде ол 98,8% дауыс жинады.

1991 жылы 16 желтоқсанда ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" ҚР Конституциялық заңына қол қойды, заң бойынша ҚР Президентінің мәртебесіне және республиканың мемлекеттік билік органдарының барлық жүйесіне айтарлықтай өзгертулер енгізілді. Осы Заңға сәйкес ҚР-да мемлекеттік билік органдары оның заң шығарушы, атқарушы және сот болып бөлінулері қағидасынан келіп құрылды. Республика халқының атынан сөйлеу құқығы ҚР Жоғарғы Кеңесі мен ҚР Президентіне берілді.

1993 жылы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңес сессиясында Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды, онда алғаш рет "Президент" жеке тарауы берілді. Конституцияның 75 бабына сәйкес ҚР Президенті мемлекеттің басшысы болып табылды және республиканың атқарушы өкімет билігінің біртүтас жүйесін басқарды, сондай-ақ республика азаматтарының құқығы мен бостандықтарының, Конституциясы мен заңдарының сақталуына кепіл болды.

1995 жылы 30 тамызда өткен бүкілхалықтық референдумның нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция Президент мәртебесіне көп өзгертулер енгізді.

1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халықтарының ассамблеясы (қазіргі атауы - Қазақстан халқы ассамблеясы) президент Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту үшін референдум өткізуді ұсынды. Сол жылы 29 сәуірде референдум өткізу туралы шешім қабылданды. Референдумға қатысқандардың 95,5 пайызы Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуды қолдағаны хабарланды.

21 жыл (1996) бұрын дәл осы күні Елбасы Н. Назарбаевқа елдегі ең жоғарғы лауазым белгілері - «Алтын Қыран» ордені, омырау белгісі және Президент байрағы тапсырылды.

1998 жылы 7 қазанда "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға сай  Президенттің жаңа өкілеттік мерзімі — 7 жылға белгіленді.

1999 жылы 10 қаңтарда ҚР Президентін сайлауы өтті. Нұрсұлтан Назарбаев - 80 пайыз, қарсыласы Серікболсын Әбділдин - 15 пайыз дауыс жинады.

2005 жылы 4 желтоқсанда ҚР Президентін сайлауы өтті. Кезекті мерзімге Президент болып Н. Ә. Назарбаев сайланды. Оған сайлаушылардың 91,15 пайызы дауыс берді. Басты қарсыласы Жармахан Тұяқбайға сайлаушылардың 6,61 пайызы дауыс берген.

2010 жылы маусымда Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына толықтыру енгізіліп, «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасы» мәртебесі бекітілді.

2010 жылы 23 желтоқсанда Өскеменде 320 адам қатысқан арнайы жиын өтіп, Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту үшін референдум өткізуді ұсынды. Бұл ұсынысты Қазақстан халқы ассамблеясы, мәжіліс депутаттары қолдады. Бірақ Назарбаевтың өзі референдум өткізуге қол қоймай, президент сайлауын 3 сәуірге белгіледі.

2011 жылғы Қазақстан Президентінің сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылар даусының 95%-дан астамына ие болып, айқын жеңіске жетті. 

2015 жылы 26 сәуірде өткен Президент сайлауында сайлаушылардың  97,75 пайызы тағы Назарбаевты қолдағаны хабарланды.

Заңға сай, келесі президент сайлауы 2019 жылы бірінші желтоқсанда өтуі тиіс.

Айта кететін болсақ, Президенттің төмендегідей Лауазымдық мәртебелері бар.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы (Ұлт көшбасшысы)

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы

Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы

«Нұр Отан» партиясының төрағасы

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің төрағасы

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің төрағасы

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Астананың сәулет кеңесінің төрағасы

Назарбаев Университеті Жоғары қамқорлық кеңесінің төрағасы.

Еске салатын болсақ, Конституцияның 42 бабы, 5 тармағына сай,  Бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи