Ауғанстандағы америкалық контингент қолбасшысы Ресейдің тәлібтерді әскери қарумен жабдықтайтынын растады, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі centralasian.org-ке сілтеме бере отырып.
Дүйсенбі күні Кабулда өткізген баспасөз мәслихаты кезінде генерал Джон Николсон "Ресей тәлібтерді қарумен қамтамасыз етеді деген ақпарат қаншалықты рас" деген сұраққа "Біз көмек көрсететіні жөніндегі ақпаратты жиі алып тұрамыз" деп жауап берді.
The Washington Post газетінің Пентагондағы құпия дереккөзіне қарағанда, соңғы жарты жылда Мәскеу тәлібтерге ауыр пулеметі бар қару-жарақ тасымалдауды көбейткен. Онда бұл қару "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымына қарсы күресуге қолданылады делінген. Бірақ шын мәнінде тәлібтер ИМ іс-қимыл жасамайтын Гелманд пен Кандагар аймақтарында қолданады екен.
Баспасөз мәслихаты кезінде сөз сөйлеген АҚШ қорғаныс министрі Джим Мэттис "Егер қару-жарақ ауған үкіметіне жеткізілмесе, шет мемлекеттен келетін қару-жарақ халықаралық заңды бұзған болып есептеледі" деді.
Джим Мэттис тәлібтер ауған армиясының базасына шабуыл жасағаннан кейін, екі күннен соң Ауғанстанға барды. Шабуыл кезінде 140-тан астам ауған сарбазы қаза тапты. АҚШ қорғаныс министрі президент Трамптан америкалық әскер санын көбейтуді сұрауы мүмкін. Қазір Ауғанстанда шамамен 8400 америкалық сарбаз бар.
Оставить комментарий