Сауд Арабиясына қажылық ғибадатын өтеу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен 900 000 мұсылман аяқ басты. Бұл туралы ҚазАқпарат «Нұр Астана» мешітіне сілтеме жасап хабарлады.
Биыл Сауд корольдігіне қажылық жасауға келушілер саны былтырғы дерекпен салыстырғанда 7 пайызға артқан. Меккедегі әл-Харам мешітін қалпына келтіру жұмыстарының жүргізіліп жатқанына қарамастан мұнша адамның жиналуы айтарлықтай көрсеткіш болып табылады.
Қажылық мұсылманның бес парызының бірі және соңғысы болып табылады. Шариғат бойынша кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман ғана бұл парызын өтей алады. Оның парыздығы қасиетті Құранда: «Алла үшін Қағбаны адамдарға қажылық ету парыз» («Әли-Имран» сүресі, 97 аят), - деп ұқтырылса, хадис шарифте: «Ислам бес негізге құрылған: Алла Тағаладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед оның елшісі деп куәлік ету. Намаз оқу. Зекет беру. Рамазан айында толық ораза ұстау. Байтуллаға қажылыққа бару», - делінген.
Шариғатта - арнайы уақытта яғни қасиеттi рамазан айынан кейiнгi айдан бастап зүлхижжа айының 10-12 күндерiне дейiн арнайы мекенде яғни Сауд Арабиясының Мекке қаласында табылып, арнайы бекiтiлген ихрамға кiру, Кағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында сағий жасау, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату сияқты амалдарды орындау деп түсiну ләзiм. (Қазақша Wikipedia-дан алынды)
Қамшы-ақпарат
Оставить комментарий